Спортты серік еткен ұстаздар

 Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейінде мұғалімдердің үстел теннисінен аудандық іріктеу жарысы өтті. Сол жарыста Басықара ауылындағы №182 мектептен Ұлдай Жұбайдуллақызы бірінші,  №70 мектептен Ләззат Ешпанова екінші, Жанқожа ауылындағы №94 мектептен Айзада Тасы­баева үшінші орынды жеңіп алды. 

Айзаданы сонау 1980 жылдары аудандық волейболдан, үстел теннисінен өткен ойындарда көріп жүретінмін.  Облыстық жарыстарға да қатыс­ты. Ардагер-ұстаз замандастарына са­лауатты өмір салтын насихаттауды да ұмытқан емес.  Айзада Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі маманы бойынша жоғары білім алған. Қазір бір мектепте еңбек еткеніне 38 жыл болыпты.

Ал, Әйтеке би кентіндегі №70 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ләззат Ешпанова аудандық, республикалық жарыстың жүлдегері. Бүгінде ардагерлер санатына кірсе де ептілігімен таңғалдырды. №182 мектептің спортшы қызы Ұлдай Жұбайдуллақызы облыстық, аудандық бәсекелерде жүлде алып жүрген ұстаз. Мамандығы – информатик. Спортты серік еткен замандас, қыз-келіншектер көпке үлгі боп жүр.

 

Мұхтар Сәлмен, 

ҚР білім беру үздігі.

Білім 03 қазан 2019 г. 233 0