Қала мен ауыл: сапада алшақтық болмайды

 Сырдария ауданы Шіркейлі ауылындағы белгілі ақын, жазушы, сыншы және аудармашы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің 60 жылдық тарихы бар. Мектебіміздің заманауи үлгіде салынған жаңа ғимараты 2015 жылы пайдалануға берілді. Жетістіктерін атап айтар болсам, екі жыл қатарынан аудандағы «Үздік білім ордасы» номинациясымен марапатталды. Мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында оқушыларымыз облыстық, республикалық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен спорт сайыстарының жеңімпаздары атануда.

ҰБТ көрсеткіші бойынша түлектер төрт жыл қа­тары­нан түгелдей жоғары оқу орын­дарының грантын иеленіп келеді. Осындай жұмыстардың арқасында ауыл мектебі мектеп-лицей статусына ие болды. Лицей статусы мектеп ұжымынан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ен­дігі кезекте жаңа статусқа лайық нәтиже көрсету керегін жақсы түсінеміз. Мектеп-лицей Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетімен тығыз байланыс­та. Қазір университеттің 1 ғылым кандидаты мен 2 аға оқытушысы оқушыларымызға дәріс беруде. Мұның барлығы мемлекетіміздің білім саласына ерекше мән беруінің арқасы деп білеміз.

Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог: Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын болдырмау туралы айтты. Мектебіміздің биология, химия, физика, шетел тілдері, робототехника кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталған, компьютер паркі жаңаланып, интернетпен толықтай қамтамасыз етілген, цифрландыру аясында жұмыс жасап жатырмыз. Бұл өз кезегінде оқушыларға сапалы бі­лім беруге зор ықпалын тигізуде. Ұстаздар  оқушылардың білім мен білік дағдыларын дамытуға барынша күш салуда. Ағылшын тілі мұғалімі ретінде «өзге тілдің бәрін біл – өз тіліңді құрметте» дегенді үне­мі басшылыққа ала отырып, ағыл­­шын тілін жетік меңгеру керегін айтып отырамын.

Бала қалада да, ауылда да – бала. Сондықтан бар мүмкіндік жасалған кезеңде алдымен мұғалім білікті болу керек. Өйткені саналы ұрпақ – сапалы мұғалімді қажет етеді.

     

Раушан АБДРАМАНОВА,

№129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі.

Сырдария ауданы.

Білім 05 қазан 2019 г. 440 0