Жаңалыққа құштар, жақсылыққа іңкәр

 Бүгінгі таңда ұстаздар алдындағы міндет – ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес білімі терең, ойлау қабілеті ұшқыр, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру десек, мұндай талапқа сай қызмет ету үшін ұстаз үздіксіз ізденісте болуы тиіс. Уақыттың талабынан қалыс қалмай, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы қажет.

2018 жылдың  "Үздік педагогы" Әсемкүл Жақсылықова білім саласындағы жаңашыл бастамаларға үн қосып, шәкірт тәрбиелеудегі шығармашылық еңбегімен  дараланып жүрген ұстаздардың бірі. Ол бірнеше рет облыстық семинар-практикумда ашық сабақтар жүргізіп, іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді. Елімізде қабылданған білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілімен, дүниежүзі тарихы пәнін орыс тілімен кірікіріп оқыту тәжірибесі енгізілгені белгілі. Білікті ұстаз Әсемкүл Мұқашқызы бұл талаптың да үдесінен шығып, дүниежүзі тарихынан орыс тілінде сабақ өтуді алғашқылардың бірі болып қолға алды. Ізденімпаз ұстаздың шәкірттері де жаңалыққа құштар, жақсылыққа іңкәр. Айталық,  ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының студенті атанды. Облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жоба жұмыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүргендері қаншама?!

 Білікті ұстаз Әсемкүл Жақсылықованың еңбегі лайықты бағаланып келеді. Осыған дейін ол ұрпақ тәрбиесіндегі үлгілі еңбегі үшін облыстық білім басқармасының  Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ, Білім беру ұйымдарының педагогтары арасында ұйымдастырылатын  "Үздік авторлық бағдарлама – 2017"  байқауының облыстық кезеңінде І орын, республикалық кезеңінде ІІІ орынды иеленді. Жаңартылған білім бағдарламасына сай "Дүниежүзі тарихын орыс тілінде сатылап оқыту әдістемесі", "Құқық негіздері» атты жаңа форматтағы ҰБТ мен пәндік олимпиадаға арналған оқу-әдістемелік құрал" және "Тарих сабағынан үздік сабақтар топтамасы" атты оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Ал "Қоғам және тарих"  факультатив сабағы мен «Тарих тағылымы» атты үйірмесінің үлгілік оқу бағдарламасы облыс көлемінде таратылуда. Мұнан бөлек, мемлекеттік білім беру жобаларын педагогикалық практикаға енгізу  жұмыстары бойынша  республикалық конференцияларда іс-тәжірибесімен бөлісіп, оқу бағдарламасына сәйкес қазақ сыныптарында дүниежүзі тарихын орыс тілінде өтудің арнайы оқу - әдістемелік кешенін әзірледі. Осындай елеулі еңбектері республикалық басылымдарда жарияланды.

Білім бәсекесі бірінші орында тұрған бүгінгі қоғамда ұстаз алдындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Десек те, мәртебелі мамандықтың мерейін асырып жүрген Әсемкүл Жақсылықова сынды ұстаздар әркез құрметтің төрінен табылары хақ.

                                                                                         Ғазиза ӘБІЛДА.

Білім 10 қазан 2019 г. 112 0