«Кемел адам» концепциясы

Әбу Насыр әл Фарабидің өмірі мен білім алу жолын көрнекті жазушы Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты кітабында сол замандағы табиғат кереметін, қоғам тынысын, ғұламаның ғылымға құштарлығын, тынбай ізденісін, табанды төзімділігін, асқақ арманын, бағбандығын, өмірі мен еңбегін ғылымға құрбан еткендігін ерекше бір құрметпен әрі терең сезіммен сипаттай отырып, оқушы қауымға мәнерлі де әсерлі жеткізген.

Оның ізгілік тұғырнамасы қазіргі педагогиканың жетекші идеясы болып отыр. Ғұламаның адамгершілік ізгіліктер туралы пайымдаулары барлық білім мазмұны және «Өзін өзі тану» пәні арқылы берілетін рухани-адамгершілік құндылықтардың негізі іспеттес. Ол адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді.

Жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынды. Гуманистік идеяларға толы педагогикалық көзқарастары ғұламаның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Риторика», «Поэзия өнері» сияқты көптеген трактаттарында сипатталған.

Жалпы педагогиканың бір саласы – тәрбие тео­рия­сының әдіснамасын әл Фарабидің тәрбиенің заңды­лықтарын, ұстанымдарын, мақсатын, мазмұнын, әдістерін, құралдарын, нәтижесін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздейтін жетекші педагогикалық ой-пікірлері айқындайды. Тәрбиелеу – халықтардың бойында білімге негізделген этникалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту. Тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру деп көрсетеді. Ол тәрбие әрекетінде қатты әдіс (қатаңдық) пен жұмсақ әдісті (жұмсақтықты) ұштастыра білуді ұсынады. Тәрбие тәжірибе және іс-әрекет арқылы беріледі деді.

Дүниеге көзқарасын «Қайырымды қала тұрғындары», «Әлеуметтік-этикалық», «Бақытқа жету туралы» атты трактаттарында адам қоғамының шығуы, оның өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің бейнесі туралы ой тұжырымдайды. Қоғамның құрылымын талдай келіп, ол адамдардың өмір сүру ортасы ретінде қала халқын алады. Үлгілі құрылым ретінде «қайырымды қаланы» таңдайды. Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда әл Фараби Платонға еліктеп, мемлекеттің әр мүшесі белгілі бір қызмет атқаратын адам тәніне ұқсас етіп қарастырады. Ізгі мемлекеттің тууы, ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақыл-парасатына, тәрбиесіне тікелей тәуелді деп қорытынды жасайды.

Әл Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы оның әлеуметтік-этикалық, философиялық, музыкалық трактаттарындағы ойларымен ұштасып жатқаны ақиқат. Жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымын ғұлама былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші бұлар – адамшылық қасиеттер. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады».

Әл Фараби араб халифатында ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет басқаруға лайық білім-парасаты, мінез-құлқы барынша кемелденген мінсіз адамның қалыптасуын отбасы тәрбиесінің ең бірінші міндеті деп қарастырған. Бұл – сол қоғамның өркениетке жетуі үшін қажетті тұлғаның моделі ретінде сипатталды. Мұнда туа біткен немесе жас кезінен бойына дарытылып егілетін он екі қасиеттің атын атайды. Әл Фарабидің мінсіз кемел адам концепциясы: 1. Мүшелері мінсіз. 2. Жадында жақсы сақтайтын. 3. Аңғарымпаз. 4. Өнер-білімге құштар. 5. Қанағатшыл. 6. Шыншыл. 7. Ізгі ниетті. 8. Әділетті. 9. Мінезі қыңыр емес. 10. Шешімшіл. 11. Батыл, ержүрек. 12. Өткір сөз иесі.

Әл-Фараби осы қасиеттердің бәрін бала бойында қалыптастыра отырып «мінсіз адамды» тәрбиелеп шығарамыз деп тұжырым жасайды. Дегенмен, бұл қасиеттердің барлығы бірдей бір кісінің бойына бітіп, дари қоюы – сирек болатын құбылыс. Осыны ескере отырып «...жоғарыда аталған шарттардың алтауы немесе бесеуі оның бойына біткен болса, онда қиялдау қабілеті жағынан теңдесі болмағандықтан, ол осы қаланың айтулы басшысы болмақ» дейді. Тәрбиенің тұлғалық идеясын басшылыққа ала отырып, отбасын және ондағы тәрбиені басқару қашан да мемлекеттік мүддеге сай қойылуы қажеттігін дәлелдейді.

Әл Фарабидің педагогикасында бақытқа жету формуласын іске асыратын адам – ұстаз. Ғұлама ұстаз бойында мына қасиеттердің – ізеттілік, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, қанағатшылдық, тапқырлық, білгірлік, жігер­лендіре білушілік, ұстамдылық, ынталылық, шеберлік, табандылық болуын қалады. Бұған қоса ол пайым­дағыштық, көрегендік, тапқырлық, парасаттылық сияқты қасиеттерді жоғары бағалады.

«Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табан­дылық қажет, өйткені бұлар, жұрт айтқандай, там­шысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деді ғұлама.

Ғалым еңбектерін заманауи педагогика тұрғысынан талдау, оның тәрбиелік идеяларын жинақтап жүйелеу ғұламаның  рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен қамтығанын көрсетеді. Мұның өзі ұлы ұстаз, кемеңгер ғалым, ғұлама ойшылды педагогика ғылымының негізін салушы деп атауға толық негіз бар екендігінің шынайы дәлелі болып табылады.

Әл Фарабидің педагогикалық мұрасы – гуманистік құндылықтардың жарқын туындысы. Идеялары заманауи жастарға ақыл, парасат, қарапайымдылық, қанағат, үнемшілдік, ізет, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, тапқырлық, білгірлік, жігерлендіре білушілік, ұстам­дылық, ынталылық, шеберлік, табандылық сияқты адами қасиеттер үлгісін теориялық және тәжірибелік деңгейде ұсынды.

Ш.ТАУБАЕВА,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

Білім 29 ақпан 2020 г. 577 0