Ұстазыма бас иемін

Ұстаз – ұлы есім. Ұлылығының мәні мектеп қабырғасында білім алып жатқан әрбір оқушының жүрегіне әдебиеттің алтын сандығында жатқан асыл рухани қазыналарды бүкіл болмысымен жеткізетін, өзінің қамқорлығымен, ерекшеленетін  ұстазым – Палмаганбетова Гүлшат Кежетайқызы.          

Гүлшат Кенжетайқызы ұстаздық жолда білім мен қабілетті заман талабына сай игі мақсатта жұмсай білетін, өзінің тың идеялары мен ұйымдастырушылық қабілеті ұштаса алатын, ақыл мен сананы сөзге емес іске жеңдіре отырып, әрбір оқушыға алға мақсат қоюға бағыттау жолында еңбек етіп келеді. Гүлшат апайдың әрбір сабағы жаңалықтарға толы. Ұстазымның бойынан Абай армандаған толық адамды көремін. Өзінің білімділігімен, сабырлылығымен, ақылдылығымен адам бойындағы барлық қасиеттерді көрсете біледі. Бар білгенін шәкіртіне үйретіп, тер төгіп, көштен қалдырмай алға қарай ұмтылуға мотивация береді. Мұғалімімнің әрбір сөзі мені алға қарай шабыттандырады.     Мен бала кезден филолог болуды арман еттім. Бұл арманымды ұстазым бірден қолдады. Сол сәттен бастап дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Көптеген ізденіс, дайындық нәтижесінде биіктерді бағындыра бастадым.                                                          

2018-2019 оқу жылы Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаға қатысып, қалалық кезеңде I дәрежелі Диплом, облыстық кезеңнен ІІ дәрежелі Диплом, республикалық кезеңнен І дәрежелі Диплом, Алтын медаль иелендім.                                                             2019-2020 оқу жылдары мен үшін де ерекше жыл болып отыр. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жоба конкурсы  іздену жұмыстары бойынша бағымды сынап көруді жоспарладым. Ғылыми жоба  "Сәуле Досжанова әңгімелеріндегі адами құндылықтар" тақырыбында еді. Ол кісінің шығармаларын оқып, талдау жұмыстарын жүргіздім. Ұзақ уақыт бойы зерттеп, нәтиже беруге тырыстым. Ғылыми бағытта Болашақ университетінің доценті, филология ғылымдарының кандитаты Тайманова Сара Тамшыбайқызына бағыт-бағдар алдым. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының облыс бойынша I дәрежелі Дипломмен, тест тапсырмаларынан ең жоғарғы 120 баллдық жүйеге ие болып, республикалық конкурсқа жолдама алдым. Көп ұзамай Алматы қаласында киелі қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қалашығындағы Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында зерттеген ғылыми-жоба жұмысымды  жақсы қорғап шықтым. ІІ дәрежелі Диплом, Күміс медальді кеудеме тағып, қуанышпен оралдым.       Ұстазымның "Шәкіртімнің жеңісі - еңбегімнің жемісі" деп толқыныспен сөйлеген сәтін ешқашанда ұмытпаймын. Ұстаз бағытының арқасында мен арман баспалдағына адымдап қадам басып келе жатырмын. Гүлшат апайдың салған сара жолын жалғастыру менің армандарымның тізбегінде тұр. Болашақта ұстазымның маған берген тәлім-тәрбиесін, білімін әрі қарай жалғастырып, ұлағатты ұстаздық жолды әрі қарай шыңдаймын. Мен өмірде осындай мұғалімге кездескеніме қуанамын. Мен ертеңгі күнге көз тіккен, ертеңгі сапарға қам қылғалы отырған түлек болғандықтан, бұл жеңіс менің арманыма бір табан жақындай түсуіме ықпал етті. Ұстазымның еңбегіне шексіз алғыс білдіріп, басымды иемін!

Әсел Наушабай, 

Н.Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының

11 «А» сынып оқушысы

Білім 17 наурыз 2020 г. 446 0