РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ НАСИХАТТАУ – БАСТЫ БАҒДАРЫМЫЗ

167

0

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы идеологиялық бағытты айқындайды. Онда бұқаралық сананы жаңғыртуға арналған «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің  географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» т.б.жобалары мен «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары мәдени және рухани байлық көзі сақталатын орын, кез-келген деңгейдегі кітапханалар жүйесіне де тікелей қатысты. Соның ішінде жоғары оқу орны кітапханасы технологиялық эволюциялық даму ағымына ілесе отырып, қоғам сұранысына лайықты мамандар даярлауда оқытушы-профессорлардың ғылыми-зерттеу еңбектері мен  инновациялық жұмыстарына толыққанды қызмет көрсететін  – әлеуметтік–мәдени және ғылыми-техникалық даму үрдісіне белсене араласатын бірден-бір мекеме.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің екі миллионнан астам қоры бар ғылыми-техникалық кітапханасы – қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ірі, байырғы кітапханаларының біріне айналған ғылым мен тәрбие және оқу процесіндегі маңызды құрылым, ақпараттық орталық. Білім беру жүйесіне қарқынды енген инновациялық технология жаңалықтары мен теле-коммуникацияның жедел дамуына орай кітапхананың бүкіл кітапханалық-библиографиялық қызмет көрсету процестері автоматтандырылды. Қазақстандық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе бағдарламасының («КАБИС-2.1») модульдері негізінде «Цифрлық кітапхана» жобасын жүзеге асырылуда. Пайдаланушы электронды каталогтан өзіне қажетті ақпаратты сараптап, оның толық мәтінінің электронды  нұсқасына желі арқылы қол жеткізе алады.

Толық мәтінді сандық мәліметтер қорын PDF форматындағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік кешендер, CD және DVD дискілер, интерактивті мультимедиалық оқулықтар,  мерзімді басылымдарға жасалған шолулар т.б. түзеді. Сонымен қатар Қорқыт Ата атындағы ҚМУ«Хабаршысы», сирек кездесетін әдебиеттер қоры, аз даналы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар цифрлы форматта оқырмандарға ұсынылуда.

Кітапхана қызметкерлері Республикалық Жоғары оқу орындары аралық электронды кітапханасының (www.rmeb.kz) қорына соңғы бес жылда 6000-ға жуық құжаттардың электронды нұсқасы енгізіп, университет пайдаланушылары бұл электронды базаны тегін пайдалану құқына ие болды. Оқу орны профессор-оқытушыларының оқулықтарын келісім-шарт жасасу арқылы Қазақстандық Ұлттық электрондық кітапханасының (КазНЭБ) www.kazneb.kz сайтына жіберу жұмысы жалғасуда.

Университеттің серверіне қосылған барлық компьютерлер арқылы сыртқы электронды ресурстарды онлайн режимінде пайдалануға мүмкіндік бар, олар: ағылшын тіліндегі «Эльзевир», «Springer», «Thomson Reuters», «VSL-Kazakhstan»  және орыс тіліндегі «Полпредком», электронды-кітапханалық жүйесіндегі «Лань»,  «Университетская библиотека он-лайн», «IPR-books»,  «Библиороссика» т.б. Қазіргі таңда кітапхананың басты мақсаты – электронды басылымдар мен толық мәтінді  мәліметтер қорларын пайдаланушы сұранысына сай зерделеп, жан-жақты жасақтап, тиімділігін арттыру.

Елбасы мақаласында атап көрсетілген: «…өз тарихымызды, ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, әдебиет пен мәдениетімізді және оны жасаушы тұлғаларды, яғни рухани құндылықтарымызды білуіміз тиіс»,- деген тапсырмасын жүзеге асыруда рухани мұраларды сақтап, насихаттауда кітапхана құнды алаң. Бәсекеге қабілетті жас мамандарға берілетін білім мен зияткерлік өнімдер жоғары сапада болуы және оны ұсыну, насихаттау  қызметтері жоғары дәрежеде болуы қажет. Осы орайда мемлекеттік деңгейдегі «Мәдени мұра», «Халық–тарих толқынында», «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»,  «ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жж. арналған бағдарламасы» т.б. жобалар, бағдарламалар және сериялар аясында жарыққа шыққан кітаптар, оқулықтар, оқу құралдары баспалар мен кітап-сауда мекемелері арқылы кітапхана қорына алынуда.

 Оқу орны кітапханасы қабырғасында әр түрлі ауқымда ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар білім алушы жастарды патриоттық рухта және адамгершілік құндылықтар қағидаларына тәрбиелеуге негізделген. Олар – тақырыптық кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, акциялар, әдеби, ғылыми-танымдық кештер, мамандар күні, апталықтар, семинар-тренингтер, конференция т.б. түрінде өткізіледі. Мысалы, бір ғасыр бұрын құрылған «Алаш» партиясы тарихын және сол кездегі ұлттық-демократиялық қазақ интеллигенциясы өкілдері мен жаппай репрессияға ұшыраған қазақ азаматтарының өмір деректерін баяндайтын кітаптар, газет-журналдар, фото-құжаттар оқырмандар назарына «Алаш Орда-100 жыл»  тақырыбында кітап көрмесі жанындағы әңгіме түрінде ұсынылды. Ол «Алашорда» тарихын зерттеуші студенттер мен магистранттар және оқытушыларға қажетті деректерді табуға көмегін тигізді. Осы іс-шара «Тәуелсіздік жолындағы Алаш азаматтары» тақырыбымен қаланың бірнеше мектептерінде баспасөз-конференция жұмысымен жалғасты.

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты Қорқыт Ата атындағы ҚМУ базасында  «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы аясында өткізілген «Тарихи жады және тағылым – рухани жаңғырудың негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына арналған «Тарих тағылымы – рухани жаңғыру кепілі» кітап көрмесі: «Қазақстандағы саяси репрессия: тарихы мен салдары», «Қызыл қырғын  құрбандары», «АЛЖИР» азабын тартқандар», «Тағылым және тағзым» атты бірнеше бөлімді қамтыды.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани тәрбие – ізгіліктің бастауы» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел, ақиқат пен аңыздың қаһарманы, халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және  этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптары негізінде ұлттық болмыс, рухани тәрбие жайында ой-пікірлер айтылды. Ғұлама ғалым әл-Фараби еңбектерін зерттеуші Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақжан Машанов мұрасы және ғылыми зерде» танымдық кеш студент жастардың санасына ой салғаны анық. Дәстүрге айналған «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында соңғы жылдарда талқыланған Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Ұлттың ұлы жыршысы – Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» поэмасы, дүлей ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жыр-дастандар жинағы жастардың  кемелденуіне, танымдық қабілеттерінің ашылуына ықпалы зор болды.

«Туған Жер» бағдарламасы бойынша ғылыми-техникалық кітапханадағы өлкетану  ресурстарының маңызы зор. Уақыт ағымына сай кітапхана қызметкерлері дәстүрлі  баспа өнімдерін электронды басылымдарға айналдырып, Сыр өңірінің тарихи танымдық шежіресін қазақ және орыс тілдерінде жасақтауда. Сонымен бірге Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы  «Халықаралық Қорқыт Ата мұраларын ғылыми-зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінде дайындалып «Фолиант» баспасынан шыққан екі жүз томдық «Сырдария кітапханасы»  және «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен жарық көрген Сырдария жағасында өмір сүрген қазақ халқының арғы-бергі шежіресін баяндайтын құнды жинақтарды кітапхана арқылы оқырмандарға кеңінен насихаттау жұмыстары жалғасуда.

«Үш тілде білім алу» жобасы аясында, қазақ тілінің басымдылығын сақтай отырып, шет ел тілін меңгеру – заман талабы. Ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде жарияланатынын ескерсек, кітапхана қорына жылдан-жылға дүниежүзілік алдыңғы қатарлы университеттер баспаларынан жарыққа шыққан оқулықтар мен оқу-құралдары көптеп алынуда. Қазіргі таңда шет елдік «Оқулықтармен қамтамасыз ету» гранттық бағдарламасы арқылы ғылымның әр саласы бойынша жинақталған кітап қоры, Британ Кеңесінің сыйға берген әлем классиктерінің ағылшын тіліндегі шығармалары, АҚШ-тың Халықаралық Даму жөніндегі агенттігі “USAID”&“CARANA” корпорациясынан алынған экономика саласындағы әдебиеттер білім алушылар мен профессор-оқытушы құрамының игілігінде. «Ел болашағының жарқын болуы үшін қазақ тілінің  одан әрі дамуына ықпал ете отырып, ағылшын және орыс тілдерін меңгеруді кез келген азамат мақсат ету керек», – деген Елбасының тұжырымын іске асыру басты мақсаттардың бірі.

Оқу орнының 80 жылдық мерейтойын жарқын істермен қарсы алу мақсатында ұйымдастырылған «30 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік іс-шараның алғашқы күндерінде ғылыми-техникалық кітапхана фойесінде «Рухани жаңғыру-болашаққа сенім» атты кең көлемді кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» тарихи маңызы зор мақаласына арналған «Тарих толқынында», «Ұлттық код – «Мәдени мұра» «Қазақстанның киелі жерлері» «Латын әліпбиіне көшу – тарих талабы» «Туған елге ту тіккен» т.б. бөлімдер бірнеше бағыттарды қамтыды. Әр бөлім өз мазмұнына сай кітаптар, мерзімдік басылымдар, суреттер және құжаттармен безендірілді.

16 қарашада өткен «Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері және келешегі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына «Білімді ел – мәңгі ел», ал  белгілі академик Асан Дабысұлы Таймановтың 100 жылдығына арналған «Қазіргі заманғы математика: проблемалары мен қолданыстары» Екінші халықаралық Тайманов оқуларының пленарлық мәжілісіне «Асан Тайманов-әлем таныған математик» атауларымен кең көлемді кітап көрмелері өткізілді. «Білімде шекара жоқ»,- дейді даналар, бар жетістік білім арқылы жүзеге асырылады, білімді ұрпағы бар ел ғана табысқа жетеді. 80 жылдық тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті  оқытушы-профессорларының, жас ғалымдар мен магистранттар және студент жастардың ғылым саласында қол жеткізген жаңалықтарын баяндайтын бөлім «ҚМУ оқытушыларының еңбектері» айдарында толығымен көрсетілді.

«Мәңгілік елдің мәңгілік құндылықтары» айдарымен өткен келесі жұлдызды іс-шаралар латын әріпіне көшудің қажеттілігі жайына («Жаңа әліпби-жасампаздық үлгі»),  Дүниежүзілік философия күніне, белгілі университет түлектері жетістіктерін мадақтауға («Талантты түлектер ордасы») және ғибратты ғалымдар мерейтойларына арналды. «Қазақтың Қабдоловы» атанған академик Зейнолла Қабдоловтың 90 жылдығына арналған «Сұлу сөздің сардары» атты еске алу кеші, жазушы Сайлау Жұбатырұлымен кездесіп, «Абыржы» романын талдау арқылы, Арал аймағындағы экологиялық жағдайларға оқырмандардың көңілін аударды. Аталған іс-шаралардың барлығы университеттің факультеттері мен кафедра ұжымдарының бірлесуімен ұйымдастырылып, жастардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін жігерлендіріп, қазақтың төл ақын-жазушыларының шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Экономика, техника және физика-математика мамандықтарындағы студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін, басқа тіл, әдебиет не журналистика саласындағы білім алушылардан кем көрсетпейді. Бәрінің де ойлары ұшқыр, жанарлары жалынды. Оқытушы-профессорлар мен кітапхана ұжымының өзара үндесе қызмет жасауы, арнайы мамандықтарына қоса қосымша әдебиеттерді оқып, ізденулеріне қойған талаптары кітапханаға келушілердің санын, оларға қызмет көрсетудің  сапасын жылдан-жылға жоғарылатуда. «Білімді мыңды жығар» тақырыбындағы кітап көрмесі бүкіл оқу ғимараттарының кітапханаларында өткізілді.

Қорыта айтқанда, кітапхана – мәңгілік елдің рухани мұрасын дамытатын, сақтайтын және насихаттайтын ақпараттық орта. Тәуелсіз еліміздің өткені мен бүгінін, кемел келешегін зерделеп, жаңа заман тарихын қалыптастыратын білімді де білікті, рухани дүниесі бай жастарды тәрбиелеп, көздеген мақсаттарына бағыт-бағдар беретін қуатты мекен. Ұлт болашағы бүгінгі жастар қолында, олай болса, оларды рухани тәрбиелеуде табандылық танытып, кітапхананы рухани құндылықтар сақталған интелектуалды шығармашылық ортаға айналдыруға бірлесе күш жұмсайық!

Жамал Абенова, 

Қорқыт Ата атындағы ғылыми-техникалық кітапхана директоры,

Рахила Доспаева,

ғылыми-техникалық кітапхананың бөлім меңгерушісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз