Рухани жаңғыру: үш тілде білім беру мазмұнындағы әлеуметтік мәдени компонент

283

0

    Қазіргі таңда елімізде көптілді және көпмәдениетті білім беру жоғары білім беру жүйесіндегі ең басты бағыттардың бірі болып табылады. Жоғары оқу орны көптілді және көпмәдениетті тұлғаның қалыптасып дамуында ең маңызды кезең болып саналады. Осы жерде негізгі және өмірлік принциптер саналы түрде қалыптасады. Жоғары білім ордасы студентке қолайлы орта туғызып, оның тілдік, ұлттық-мәдени, этникалық қажеттіліктерінің толықтай жүзеге асуына мүмкіндік береді және жеке тұлға ретінде гуманистік жалпыадами қасиеттерінің үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан бері толассыз жүріп жатқан реформалау процесінің барысында ел экономикасы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік рухани сала да өзгеріске ұшырауда.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар- ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы»,- деп атап көрсетті.

Еліміздегі білім беру жүйесін реформалау, міне соның айғағы. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жылсайынғы  дәстүрлі жолдауларында осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлар біліктілігін ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі-Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі екендігін атап көрсетіледі.

Елбасы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты жолдауында да ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұрғандығын, мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс екендігін, оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру барысында білікті мамандар ұсыну маңыздылығын ерекше атап көрсетіп, жоғары кәсіптік білім беру саласының алдына зор міндеттер жүктеді.

Көптілді білім беру мәселесінің өзектілігі жаһанданудың жаңа мыңжылдығында қазақстандық қоғамның барлық салаларында болып жатқан көптеген өзгерістермен байланысты. Бұл өзгерістердің барлығы да қоғамдық жаңару мен әлемдік интеграциялық процестерге ұмтылумен сипатталады. Қазақстан экономикасының қарыштап алға басуы елімізде шетел тілдерін меңгерген мамандарға деген сұранысты қалыптастырады. Шетел тілін кәсіби меңгеру макроэкономикалық және маңызды әлеуметтік факторға айналуда.

Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беру жүйесін дамытудың Концепсиясында ұлттық білім берудің мақсаты ретінде көптілділік, еуразиялық көпмәдениеттілік, коммуникативтілік, технократтылық базалық құзіреттілік ретінде айқындалған болатын.

Үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) білсе көптеген мүмкіндіктерге ие болатынын қоғамдағы адамдар, әсіресе жастар түсіне бастады: нарықтық экономикасы бар қарқындап өзгеріп тұрған ашық типтегі қоғамда интеграциялану, болашағы мол жұмысқа орналасу, түпнұсқасындағы әлемдік мәдениетпен танысып, сусындау, әлем мен әлемдік мәселелерді кеңінен ұғыну. Сондықтан да, көптеген ата-аналар мен мектеп бітіруші түлектер үшін жоғары оқу орнын таңдауда білім сапасы мен жаңа технологиялар, инновациялық бағдарламалар, халықаралық білім беру кеңістігіне шығу мүмкіндігі шешуші факторлар болып табылады.

Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауындағы “білім беру жүйесінде үш тілдің – мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін және әлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі ретінде ағылшын тілін меңгерген, бәсекеге қабілетті маман даярлау” міндетін атап көрсеткенін білеміз. Ал мұның өзі оқу орындарына жаңа міндеттер, жаңа талап, жаңа мақсаттар қойып отыр дегенді түсіндіреді. Негізгі мақсат – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым – қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен біліктілігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті құзіреттіліктерді игерген жеке тұлға қалыптастыру. Еліміздің әлемнің дамыған мемлекеттер қатарынан орын алу үшін бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыру мәселесі алға шығып отыр. Өйткені, тек бәсекеге қабілетті азаматтар ғана Отанымыздың тұрақты дамуына, бәсекеге қабілеттілігіне өз үлесін қоса алады. Шығармашылық тұрғыдан ойлайтын, ой-өрісі, дүниетанымы дамыған, Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі – білім беру мекемелерінде көптілді және билингвалды білім беруді жолға қою болып табылады.

Сөйтіп, біздің алдымызда әлеуметтік тапсырыс талаптары тұрады: жоғары кәсіби білім беру бәсекеге қабілетті және сапалы болып, бітіруші түлек шетелдік жоғары оқу орындарында білімін әрі қарай жалғастырып, магистратура, докторантураға түсу мүмкіндігіне ие болу керек. Қазіргі заманда бірнеше тіл білу қажеттілігін әлеуметтік факторлар анықтап, қоғамда көптілді, көпмәдениетті тұлғаға деген сұраныс туады. Ал, мұның өзі сапалы білім берудің уәждемесі болып табылады.

      Қазіргі таңда дүние жүзілік мәдениеттің дамуы, халықтың сана-сезімінің өсуі, дүниежүзілік қауымдастыққа кіруі бұрыннан сіресіп қалған пікірлер мен қағидаларды сын көзбен қарап, жаңаша әдістемелік қатынас тұрғысынан ойлау мен жан-жақты әрекетімізді ұйымдастыру бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесіне айналып отыр. Мұндай жағдайда ұлтаралық мәдениеттің, коммуникативтік қарым- қатынастың күшеюі табиғи нәрсе.

Еліміздегі білім берудің барлық сатыларында халықаралық қатынас тілдеріне үйретуде коммуникативтік әдіс-тәсілді қолдану кеңінен қанат жаюда.

Бұл реттегі оқыту мазмұнында тілді нақты бір жағдайларға байланысты қолдануды анықтап, себепші болатын, сондай-ақ, оқушының немесе студенттің басқа тілдегі коммуникативтік хабардарлығына әсер ететін фактор ретінде әлеуметтік мәдени компонентке басты назар аударылады.

Аталмыш мақалада үш тілде білім беру жағдайында әлеуметтік мәдени компонентті қолданудың маңыздылығы, бұл компоненттің мүмкін деген мазмұны және оқытылатын шет тілі елінің мәдени аясындағы мәселелер қарастырылады.

Мәдениет мәселесі жайлы

Қазіргі таңда шетел тіліне коммуникативтік тұрғыдан оқытудың кеңінен таралып, дамуына байланысты тілді белгілі бір әлеуметтік және мәдени жағдайларға байланысты қолдануға көбірек көңіл бөліне бастады. Осы кезге дейін қолданылып жүрген жекелеген бір сөйлем немесе фраза төңірегінде ғана қарастырылатын аудиолингвальды әдіс оқушыны немесе студентті өзінің ішкі ойларын басқа тілде бірден жеткізе білуді үйретуге жарамсыз екендігі анықталып отыр.

Коммуникативті қарым-қатынас тұрғысында оқытудың батыстағы танымал өкілдері [5;6]  әлеуметтік мәдени компонентті әлеуметтік лингвистикалық білім берудің құрамды бөлігі ретінде қарастырады. Яғни, мінез-құлық ережелерін, құндылықты, қарым-қатынас қағидаларын білу тіларалық қатынасты дұрыс таңдап, әрі қарай дамуына септігін тигізеді.

Шетел  тіліне  оқытудағы  әлеуметтік  мәдени  компонент  мазмұнын  әлеуметтік  қарым-қатынас  құралы  ретінде,  ұлттық  ой  өріс (менталитет)  және  ұлттық  игілік  тәрізді  үш  бағытта   қарастыруға  болады. Әрине, мәдениетті барлық жағынан да қамтитын кез-келген жасанды кедергілермен шектеп қоюға болмайды. Сондықтан да, аталған компоненттер «мәдениет» категориясына қатысты қалыптасқан маңызды көзқарастар жүйесінің басты бағыттары ретінде ғана ұсынылады. Аталмыш компоненттердің мазмұнын толығырақ жеке-жеке қарастыралық.

Әлеуметтік қарым-қатынас

«Әлеуметтік қарым-қатынас» ұғымын белгілі бір мәдениет өкілдерінің ақпаратты ауызша және жазбаша түрде жеткізудегі әдіс тәсілдерінің жиынтығы деп түсінуге болады. Бұл қарым-қатынастың аса маңызды құралы – тіл, сондай-ақ, тіл аралық қатынастағы әрбір тілдің өзіне тән айырмашылықтары. Аталмыш айырмашылықтар тілдің атқаратын қызметіне қарай түрлі жақтарынан байқалуы мүмкін, атап айтсақ, лексикалық жағынан: to prepare – сөздің британдық варианты/ to ready – американдық вариант; shop/store; garden/yard; football/soccer; holidays/vacations; underground/ subway; maize/corn  т.б; грамматикада- мысалы, ағылшын тілінің американдық варианты британдық вариантта қолданылатын Present Perfect шағының орнына Past Simple шағының көбірек қолданылатындығымен сипатталады;фонетикада- түрлі әлеуметтік дәрежедегі, әртүрлі штат өкілдерінің сөйлеу мәнеріндегі дыбыстық айырмашылықтар және т.б.

Жазбаша қарым-қатынастың ерекшеліктеріне күн, ай, жыл аттарының, қаулы–қарарлардың, мекен-жайдың, келісім-шарттардың, іскерлік хаттардың, резюмені толтырудың жазылу ережелерін жатқызуға болады. Кейбір жағдайларда әлеуметтік қарым-қатынас құралдарын білмеушілік түсінбеушілікке немесе мәдени араздыққа алып келуі мүмкін.

Мысалы, датаны жазу ережесін білмеу (Қазақстанда: күні/ айы/ жылы/, АҚШ-та: айы/ күні/ жылы/) ақпаратты дұрыс түсінбеуге әкеліп соқтырады.

Ұлттық ой-өріс(менталитет)

Ұлттық ой-өрісті белгілі бір мәдениет өкілдерінің ойлау қабілеті арқылы олардың мінез- құлқын айқындайтын тәсілдердің бірі деп түсінуге болады. Менталитетке қатысты зерттеулерге сәйкес, оқытылатын тіл елі халқының ой-өрісін үш өлшемде қарастыруға болады: жалпы, ситуативті, яғни белгілі бір жағдайға байланысты және мәдени өзін-өзі айқындауы.

Ұлттық менталитеттің жалпы сипаттамаларына білім, мінез-құлық және қарым-қатынас тәрізді үш компонентті жатқызуға болады .

Бұл құрамды бөліктерге сол тіл өкілдерінің мейрамдары, салт-дәстүрлері, дағдылары айқын мысал бола алады.

Менталитеттің ситуативті сипаттамасы ой-өріс мақсаттылығын, түйсікті және ішкі сезімнің сырт көрінісінің әлпетін құрайды.  Американдық менталитетке қатысты мақсаттылықтың төмендегідей белгілерін айтуға болады: жеке өзіндік қасиет (индивидуализм), болашақты бағдарлау, еркіндік, бәсекелестік және т.б.

Әрине, аталған мақсаттылық белгілері қазақстандықтарға, мысалы, жеке өзіндік қасиеттер немесе бәсекелестік ерекшеліктері тіпті де тән емес деген пікірге келіп саймайды. Дегенмен, мәдениетаралық деңгейде екі ел өкілдерін (Қазақстан және Америка Құрама Штаттары) психологиялық тұрғыдан салыстырғанда оқытуға, айтуға қажетті негізгі бағыттар байқалады.

Ұлттық ой-өріс туралы сөз болғанда жоғарыда айтылған жалпы және ситуативті сипаттамалармен қатар тұратын тағы бір элементті арнайы атау керек, ол – өзін-өзі мәдени айқындау. Қоғамда адамдар, әдетте, арнайы бір белгілеріне қарай «топталады», яғни олардың ортақ мүдделері, тілектері, бағыттары, құндылықтары болады,олар бірге қызмет атқарады, саяси көзқарастары да бір болады және т.б. Келтірілген әрбір белгіге қарап адамның қандай топтық құрылымға жататындығын бірден айқындауға болады. Сондықтан да, білім алушылар ұлттық қағидалар арқылы біріккен түрлі мәдени топтармен таныса алады.  Ұлттық қағидаларға ұлттық игілік әсері негізінде қалыптасқан ұлттық менталитетке сай келетін сипаттамаларды жатқызуға болады. Айталық, шетел тілдерін үйрету барысында студенттерді ақ нәсілді орташа таптың дәстүрлі мәдениетімен бірге ағылшын тілінде сөйлейтін қара нәсілді, мексикандық, азиаттық, орысша Американың мәдениетімен, неміс тілінде сөйлейтін Германиядағы түрік халқының, француз тілінде сөйлейтін солтүстік африкандықтардың мәдениетімен таныстыру қажет. Осы және басқа да мәселелерді бірге қарастыру білім алушыларға оқытылатын тіл елінің мәдениеті туралы толық мәлімет алуға және шынайы шетелдік әлеуметтік мәдени ортаны жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Ұлттық игілік

Шетел тіліне оқыту мазмұнындағы әлеуметтік мәдени компоненттің құрамды бір бөлігі болып табылатын ұлттық игілікті төмендегідей мәдени бағыттарда қарастыруға болады: ғылым және өнер, тарих және дін, ұлттық бақтар, тарихи қорықтар мен басқа да тауап етуші туристік орындар. Бұл тізбекті өте кең көлемде қарастырып, шексіз мысалдар келтіруге болады. Алайда, шетел тілінің әдіс-тәсілдері арқылы әлеуметтік мәдени білім берудің мақсаты- білім алушыларды ұлттық игіліктің өз тілін сақтап, өз тілін насихаттаушының әрқайсысы білетін, мақтан ететін бөлігімен таныстыру, сондай-ақ, ұлттық игіліктің мәдени құндылығын да көрсету маңызды болып табылады. Мысалы, тарих туралы айта отырып, тарихи оқиғалардың қоғамның дамуына тигізетін әсері мен мағынасын қарастырып, тарихи еске алу мәселесін қозғау керек; көрікті жерлер туралы талқылай отырып, халықтың архитектуралық және көркем мұрасына  білім алушылардың назарын аудару қажет; ұлттық бақтарды зерттей отырып, қоршаған ортаны қорғауға және жаңа ұрпақты табиғатпен үйлесімділікте тәрбиелеуге шақыру керек.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі-неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы»,- деп атап көрсеткен еді.

Сондықтан, ұлттық менталитет, әлеуметтік қарым-қатынас және ұлттық игілік бір-бірімен өте тығыз байланысты. Мәдениет те қоғамның дамуымен бірге дамып отыратын «жанды» категория. Осыған орай, әлеуметтік мәдени компоненттің мазмұны үнемі өзгеріп, жаңа құндылықтармен толығып отырады.

ЖҰМАҒҰЛОВА МАРИЯШ ШЫРДАЙҚЫЗЫ 

филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз