Ұстаз мерейі

1253

2

Мектеп қабырғасында оқытылатын әрбір пән өзіндік ерекше маңызға ие. Осы ретте білім ошақтарын «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың жаны сау» деп халық даналығын басшылыққа алған «Дене тәрбиесі» сабағынсыз елестету мүмкін емес. Дене шанықтыру пәні ол тек жаттығуларды орындау ғана емес, оқушыларды еңбексүйгіштікке, қажырлылыққа, төзімділікке, батылдыққа, батырлыққа, жігерлілікке, патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін пән. Ол адамның тәнін ғана емес, жан дүниесін, рухын тәрбиелейді. Ал осындай міндет жүктелген ұстаздың өзі де рухы мықты, жігерлі, өз мамандығын шексіз сүйген жан болуы тиіс. Осы салада қырық жылдан астам абыройлы еңбек етіп, зейнеткер атанған қармақшылық Еркін Атабаевты сондай азаматтардың бірі деп сеніммен айта аламыз.

         Ол 1952 жылы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Оразбек жүргізуші болып еңбек етсе, анасы Шәмшат Төлепова тек Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ жұртына танымал термеші, жырау болған кісі. Бала Еркіннің өнерге бейімділігі байқалмаса да спортқа деген құштарлығы басым болды. Аудан орталығындағы өзі он жыл білім нәрімен сусындаған Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектепті 1969 жылы бітірісімен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтының «денешынықтыру және спорт маманы» факультетіне оқуға түсуі сол құштарлықтың жалғасы іспеттес. Институт дипломын алып, Жосалы кентіндегі №105 орта мектепке ұстаз болып оралған жас жігіттің арман-мұраты таудан құлап аққан ағын судай арынды еді. Бұл 1973 жыл болатын.

         Институт қабырғасында жеңіл атлетика түрімен айналысып, «Спорт падишасы» атанған спорт түріне ден қойған Еркін бұл саланы жақсы меңгеріп шыққан болатын. Әдетте кез келген спортшы спортпен айналысуды тоқтатып, жаттықтырушылыққа ауысқанда сол саланы меңгере алмай көп қиындық көріп жатады. Өйткені, өзің айналысу бір бөлек те, өзгені үйрету бір бөлек нәрсе. Басқаны үйрету үшін өзің көп білуің керек, әрі сезімталдық пен шыдамдылық таразыға түседі. Жас ұстаз бұл іске кіріскенге дейін Жосалы кентінде жеңіл атлетиканың арнайы білімді бірде бір маман жоқ еді. Еркін сол уақытта өзіне жан-жақты қолдау көрсеткен мектеп ұжымын, әсіресе мектеп директоры Райхан Жұмаділдаева апайы мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Үсен Қошалақов ағайын жылылықпен еске алады. Жұмысқа бар ынтасымен кіріскен Еркін жеңіл атлетика үйірмесін ашып, екі-үш жылда аудан көлеміне белгілі Н.Сағымбаев, О.Түйебаев, Н.Түйебаев, Н.Қартанов, Б.Байшылықов секілді спортшыларды даярлап шығарды…

Жетпісінші жылдары спорт қоғамдары көп болатын. Жас бапкер сол тұста аудандық жасөспірімдер спорт мектебін басқаратын «Күрес профессоры» атанып кеткен, белгілі күрес маманы Жарболсын Құндақпаевпен, «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы Қорғанбек Манасов және аудан орталығындағы №149 кәсіптік мектеп жанындағы «Еңбек резевтері» қоғамының басшысы Аманкелді Ерекешовпен, темір жол бекетіндегі «Локомотив» спорт қоғамының жетекшісі Қуаныш Қаражанов секілді азаматтармен қойын-қолтық араласып, жемісті еңбек етті.

Еңбек еткен жан көзге түспей тұрмайды. 1978 жылы облыстық комитетінің төрайымы Райса Войнова Еркін Атабаевты Қармақшы аудандық спорт комитетінің бастығы етіп тағайындайды. Иә, білікті маман Р.Д.Войнова спорт десе ішер асын жерге қоятын, ізденгіш жігітті көре білген еді. 1986 жылға дейін аудан спортын басқарған Ерекең көп нәрсені іске асырып, спорт түрлерінің қанат жаюына үлес қосты. Сол кезеңдері қазақша күрестен Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев жүлдесін сарапқа салынатын турнир бастау алды. Қазір ол халықаралық дәрежеге ие болған. Ол кезде батырдың көзі тірі, алыстағы жайлаудан ол кісіні жүк көлігімен, мотоциклмен болса да жеткізіп, төрге отырғызып жарысты тамашалауға мүмкіндік жасайтын. Соңынан батасын алатын. Ол да өмірдің бір қызық сәттері екен-ау!

Спорт комитеті басшылығына келген ол жыл сайын өтетін облыстық спартакиада бәсекесінде оған дейін алғашқы ондыққа ілікпейтін Қармақшы ауданы командасының көрсеткіштерін жақсартуды мақсат тұтты. Жұмысты жүйелі жоспармен жүргізген Е.Атабаев қармақшылықтардың спорттың он тоғыз түрінен алдына тек Қызылорда мен Байқоңыр қаласы мен Арал ауданын жіберіп, үнемі төртінші орыннан көрінуіне қол жеткізе алды . Әр жыл сайын жиын-терім аяқтала сала қолға алынатын «Сабан той», «Алтын күз» спартакиадаларында Еркін дайындап әкелген қыз-жігіттер қазақша күрес, жеңіл атлетика, арқан тарту, сияқты ұлттық спорт түрлерінен бас бәйгені басқаға ұстатпайтын. Ол сонымен бірге аудан көлеміндегі спортқа бейімі бар жастардың осы саланың маманы атануына ұйытқы бола білді. Олардың спорт разрядтарын иемденіп, физкультура институтына оқуға түсуіне бағыт бағдар беріп отырды.

Осы орайда ол институтта өзімен бірге оқыған, жатақханада бір бөлмеде жатқан қармақшылық Қуаныш Үкенов атты азаматты құрметпен еске алады. Оқу бітірісімен институтта оқытушы болып қалған Қуаныш Еркін досының оқуға түсуге жіберген жастарға көп көмек көрсеткен болатын. Сол секілді сол уақыттары аудан басқарған Елеу Көшербаев пен түрлі салалаға жетекшілік еткен Нәжмадин Ысқақов, Абламит Сыдықов, Нұртілеу Салықов, Піртаза Қалиев секілді өзге де ағаларының Қармақшы спортының көтерілуіне ықпалы болғанын ұмытпайды. Спорт комитеті басшылығынан кеткеннен кейін Ерекең әуелі №105 қазақ орта мектебінде, кейінірек №30 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырды.

«Еңбек – мың іріліктің бірден бір нышаны» дегендей, адал еңбек өз жемісін бермей қоймайды. Еркіннен тәлім тәрбие алған қыз-жігіттер институт бітірген соң туған жеріне орала бастады. Соның бірі – спорт шеберлігіне үміткер, 800 және 1500 метр қашықтыққа жүгіруден облыс көлемінде талай рет топ жарған Найзабек Сағымбаев. Осы бір еңбекқор жігіт ұстазы Еркін Атабаев екеуі Қармақшы топырағында жеңіл атлетиканың кең қанат жаюына көп үлес қосты. Найзабек дайындаған Мұрат Кетебаев, Бақытжан Байшылықов, Молдабек Ахметов сынды спортшылар Қазақстан чемпионаттарында талай рет жүлде алды. Е.Атабаев баулыған шәкірттер арасында облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарғандар аз емес. Сондай-ақ еңбегі сіңген, жоғары санатты жаттықтырушылар да жетерлік. Бүгінде ұстаздың шәкірттері тәрбиелеген спортшылар талай халықаралық додаларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп мерейді асыруда Міне бұл туған жеріне жеңіл атлетиканың дәнін сепкен, спорттың өзге түрлерінің пайда болуына үлес қосқан Еркін Атабаевтай азаматтың маңдай терінің өтеуі десе де болады.

         Ұдайы ізденіс пен еңбектің арқасында абыройға бөленген ұстаз 2015 жылы еңбек демалысына шықты. Өмірінің 42 жылын туған жерінде білім мен спорттың саласының жандануына, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталса, 2006 жыл қорытындысымен жоғарын санатты мұғалім атанды. Сондай-ақ ауданның үздік спортшысы атануымен қатар, 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» атағына ие болды. Сонымен бірге білікті маман 2015 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының шешімімен І республикалық тәуелсіз қоғамдық байқауының жеңімпазы атанып, «Үздік ұстаз» номинациясын иемденіп, ҚР Педагогикалық Академиясының мүшелігіне сайланды. Сонымен қатар бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің және сала басшыларының Құрмет Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.

         Өмір бір орнында тұрмайды. Сонау жетпісінші жылдардың басында бойы тіп-тік, қап-қара шашы аққұба өңіне жарасып тұратын шымыр жігіт бүгінде жетпіс жас деген белеске де жақындап қалды. Бірақ адамның жастық шағын ұмытуға мұрша бермейтін спорт деген құдіретті өнерді серік еткен Ерекең өзін әлі жас жігіттей сезінеді. Жеңгеміз Әбила екеуі төрт қыз бен бір ұлы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған жайы бар.

         Еркін ағамыз қазір аудан орталығындағы №30 қазақ орта мектебінің ардақты ардагері ақылшысы. Ол аудан басшылығы және сала жетекшілері мен халық қалаулыларының назарын жасөспірімдерді салауаттық өмір салтына баулу үшін кемшін түсіп жатқан тұстар мен проблемалық мәселелерге ұдайы аударып келеді. Зейнеткер болса да саналы ғұмырын арнаған салаға немқұрайлылық қарай алмайды. Е. Атабаев міне сондай азамат.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<