Жарқырай бер, «Сыр бойы»!

Адамбыз ғой, қуанып күлеміз, күйзеліп жылаймыз. Неге? Жақсыны  көріп, жақсы хабарды есітеміз, біреудің биікке қол созып оған жеткені қызықтырады, ал екінші бір жандардың жүріс-тұрысы, сөз саптауы көңіліңді бұзып тұрады. Көп жайды өзі ғана көңіліне түйгендей, кең дүниені бір өзі жасап, оны шексіз сүйгендей, сөйлейді-ау келіп именбей. Мұндай жайларды үлкейген соң, еріксіз аңғарады екенсің, тіпті таңғалады екенсің. Мұны маған осы ғажап өмір, көлкіген көңіл айтқызып отыр. Неге?

Артта қалған жылдарымның біразы, ең бақытты шағым облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде өткенін аса сағынышпен еске аламын. Несібелі Рахметова мен Сәрсенкүл Бихожаева сіңлілерім келгенше «арпа ішінде бір бидай» болғаным ойға оралып отыр. Жасы үлкендері қарындас, жасы кішілері апа деп құрметтеді. Мен де «қалам ұстаған жалғыз қызбын, жалма тұзбын» деп орынсыз еркелегенім жоқ, елу алты күндік сәбиімді бесікке бөлеп қалдырып, міндетті қызметіме шығып жүрдім.

– Аға, – дедім бір күні секретар­иатта  істейтін Қалыбай Бөршеевке, – мені түнгі газет кезекшілігіне шығара беріңіз, бөпем бүгін бір жасқа толды.

– Әй, Рысты-ай, – деді, – соны кім аңғарып жатыр, сәбиің жылайтын болды-ау, әзір айтпасаң да болатын еді ғой.

Иә, сол бір кездері жалғыз мен бе, біраз әйелдер газетте еңбек етті ғой. Сара Қарабалаева, Маржан Көбегенова, Ғани Тілеубергенова, Жұмазия Қоянбаева, Ұлдай, Дуся Зубкова, Ғалия Арынова марқұмдар. Сондай-ақ, Алтын, Қаршыға, Балшекер, Ақсұлу, Күлтайлар да көп жыл еңбек етіп, осы газеттен құрметті демалысқа шықты. Менің айтайын дегенім, осылардың бәрі, бәріміз бір терінің пұшпағын иледік. Бірі – редакцияға келім-кетімді қарап отырса, екіншісі – апарып бер, алып кел, хабарла дегенді орындады. Ал, машинкада отырғандардың еңбегі айта қаларлық, журналистердің бар жазғаны газетке шығу үшін со­лар­­дың қолынан өтеді. Бұған қоса жоғарыдан келген қаулы, қарарлар, әртүрлі құнды материалдар, аудар­малар, бәрі-бәрі, көп жай­ларды олар журналистерден бұрын біліп отырады, жарық көрген газет ма­териалдарының қатесіз шы­ғуына да олардың қатысы көп. Өйт­кені, кейде әріп пен тыныс белгілері де ұры, қанша ұл-қыздың бақылауынан өтсе де, білдірмей түсіп қалады, не қойылмайды. Бұл, әрине сапа­сыздыққа ұрындырады. Осы жайларды еске алғанда, мен «Сыр бойы» газетінің келбетінің биік болуына әр кезеңде еңбек еткен әйелдер үлесінің мазмұндылығына қуанып отырмын. Орайы келгенде бір кинодан көргенімді айтайын. Қайта-қайта орден алған күйеуіне әйелі өкпелеп жатыр:

– Көбейгір-ау, сенің мұнша құрметке бөленуің менің арқам емес пе? – Әлгі егде орыс әйелі жылап тұр. – Тамағың дәмді, киімің таза, үйің жинақы болмаса, сенің ісіңде береке болар ма еді? Менің үйдегі еңбегімді кім бағалайды?..

– Ау, кемпірім-ау, мен дейсің бе, Үкіметке айтсайшы, – дейді шалы шек-сілесі қатып.

– Үкімет деген адам емес пе, адамды адам сыйламаса не болады?..

Осыларды қағазға түсіргенде мен ұсақсыз ірінің болмайтынын, жапырағы жайылса бәйтеректің тоңбайтынын еске алып отырмын... Шүкір, қанша қиыншылық, аумалы-төкпелі жағдайлар болып жатса да, үлкеніміз, кішіміз, ер азаматтар, әйел, қыздар бір кісідей болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, газетті сапалы, уақытылы жарық көруіне үлес қосқанымыз есімізде және мақтаныш етеміз.

Облыс айнасы алыстағы, жақындағы жүзеге асып жатқан жайлардан халықты хабардар етуде, ұл-қызды жақсылыққа жетелеуде, адамгершілікке тәрбиелеуде, елін, жерін сүюге үндеуде табысқа жете берсін, ғұмырлы болсын.

Жарқырай бер, облыс айнасы – «Сыр бойы»! Бұл – өзіңде еңбек еткен әйелдер тілегі.

Рысты БЕКБЕРГЕНОВА,

журналист, зейнеткер.

БІЗДІҢ ҰЖЫМ 29 маусым 2019 г. 219 0