Бағдарламада белгіленген индикатор орындалды

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына Қызылорда облысы бойынша өткен жылы 15 831 адам тартылды, - деп хабарлайды syrboyi.kz сайты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, бағдарламаның бағыттары бойынша тиісті жұмыс атқарылып, белгіленген индикатор орындалды.

Бірінші бағыт – бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Осы орайда техникалық және кәсіптік оқуға облыстық бюджеттен 439 млн теңге бөлініп, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 500 адам оқуға  жолданды. Қысқа мерзімді оқытуға 1607 адам жолданды. Оқу курстарын бітіргендердің 60%-і жұмыспен қамту белгіленген болса, оқуды аяқтаған 1472 адамның 936-сы немесе 64%-і жұмыспен қамтылды.

Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бастау-Бизнес» жобасымен 1600 адам оқытылды. 1323 адамға 4,2 млрд теңге шағын несие берілді. Соның 921-і өз кәсібін ашты, қосымша 1370 жаңа жұмыс орны құрылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 405 адамға 97,4 млн теңге мемлекеттік грант берілді.

Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы. Бұл ретте былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 1082 адам жолданып, мерзімі аяқталған 962-сінің 65,3%-і тұрақты жұмысқа орналасты.

Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары өкілдерінің қатысуымен аудандар мен Қызылорда қаласында солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша халықпен кездесулер өткізіліп, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде құрамында 479 адамы бар 144 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды.

ДӘУЛЕТ 14 ақпан 2019 г. 308 0