АГРОСАЛАНЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР КҮТЕДІ

46

0

VI Инвестициялық
форумы аясында аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру
бойын­ша аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген шетелдік және отандық бі­лікті
мамандар ой-пікірлерін ортаға сал­ды. Агросаланың инвестициялық тар­тымдылығын қалыптастыру
мақса­тын­да өткен секция отырысын облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жүргізді.

Келелі мәжіліске
Иран, Испания, Италия, Венгрия мемлекеттерінен инвес­торлар қатысып, жергілікті
климаттың агросалаға қолайлы екендігіне көз жеткізді.

Қазіргі
таңда облыс әкімдігі «Евразия Агро Холдинг» ЖШС-мен инвестициялық ұсыныстарға қол
қойды. Атап айтқанда, австралиялық «Industria Lazarazione CarniOvine» және
«Austrex» серіктестерінің қатысуымен компания жылына 7 мың тонна ет өндіретін комбинат
салу жобасын, Жаңақорған және Қармақшы аудандарында әр­қай­сысы 50 мың бас қойға
арналған бордақылау алаңы құрылысын, тамшылатып суару әдісімен 4 мың гектар жерге
қызанақ егіп, томат пастасын өндіру жобасын талқылады. Компанияның атқарушы директорының
орынбасары Берік Арынғазиев жалпы республика көлемінде етті мал шаруашылығы кластерін
құрып, өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу бағытын қолға алуды көздеп отырғанын айтты.
Сонымен қатар ирандық «Джахад-Э-Сабз» компаниясының өкілі Әли Зәнияди Шиелі ауданында
12 мың гектар жерге майлы дақылдарды егу жобасына тоқталды. Қазақстан мен Иранның
тығыз қарым-қатынасы аясында дүниеге келген жобаны іске асыру мақсатында ынтымақтастық
меморандумына қол қойылды.

Отандық
«КазАгроМир» серіктестігі қолға алып жатқан жобаның бірі – жылыжай құрылысы. Қызылорда
қаласына қарасты Махамбет ауылынан 1 гектар жерге испаниялық әріптестерімен бірге
өндірістік жылыжай кешені салынады. Онда жылына 600 тонна қызанақ, қияр өсіретін
болады. Сондай-ақ, аймақты қызанақ, қиярмен қамтамасыз етуді жос­парлап отырған
«Высшая Аграрная Лига» ЖШС көлемі 3,2 гектар жерге италиялық өндірістік жылыжай
кешенін салуды көздеп отыр. Жалпы құны
1,8 млрд теңгені құрайтын жылыжайдан жылына 2000 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарлануда.
Қос мемлекеттен кешендерге қажетті құрал-жабдықтар әкелініп қойылған.

Жалағаш
ауданы әкімі Т.Дүйсебаев шара барысында инвесторларға аудан­ның агросаласына қатысты
мәліметтерді ұсынды. Бос жатқан жерлерді игеруге шақырған аудан әкімі бау-бақша
өнімдерінің сыртқа шықпайтынына қынжылыс білдірді. Өйткені өнімді сапалы сақтайтын
қойма, өңдейтін арнайы құрылғылар жоқтығы қолбайлау болуда. Сондықтан осы салаға
инвесторлар келсе деген ойын білдіріп, индустриялық аймақта жұмыс істеуге шақырды.

Бүгінде
қарқынды дамып келе жат­қан Сыр елінің агросаласы инвес­тор­ларға қолайлы болып
отыр. Құнарлы жері мен құрғақ климаты мал және егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі
мол. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға баға берген облыс әкімінің орынбасары
Серік Салауатұлы, өңірдің буферлік аймақтан шығып, келер жыл­дан бастап ет өнімдері
саудаға шыға­рылатынын айтты.

Секция барысында
ауылша­руа­шы­лық саласына қатысты бірнеше мемо­рандумға қол қойылды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз