“Ақмаржаннан” 60 центнерден өнім алуда

58

0

“Ақмаржаннан”  60 центнерден өнім алудаБиылғы егін орағын қысқа мерзімде аяқтаған шаруашылықтың бірі – Аққорған ауылдық округіндегі «Исмат» шаруа қожалығы.  Ұжым мүшелері екі апта ішінде өз қарауындағы күріштікті орып бітіріп, оны іле-шала дәнге бастырып та үлгерді. Барлық ұжым мүшелерінің жұмыла еңбек етуі арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Қырманға салынған дәнді таразыдан өткізгенде алқапқа егілген сыралғы  «Ақмаржан» сортының әр гектарынан орташа 64 центнерден өнім алынып отыр. Шаруашылықтың төрағасы Қамбар Садықов бастаған диқан қауымы ала жаздай тынбай дақылдың агротехникалық күтімін өз дәрежесінде, уақытылы жасады. Звено жетекшісі Нұрлыбек Боранов, механизаторлар Әділ Жұмаділдаев, Әлжанов Марат, Қасымбеков Әлі және басқалар ортақ іске ынта-шынтасымен араласып, өнімнің мол болуына барлық қажыр-қайратын жұмсады. 
– Біздің шаруашылықтағы барлық жер көлемі 685 гектар болса, оның 250 гектары – егістік. Ша¬руашылық оның әр гектарын тиімді пайдалануға, алқапқа тиімді дақылдарды орналастыруға мүдделілік танытады. Және де әр дақылдың өзіндік ерекшелігіне сай күтуді өздеріне міндет санайды. Агротехниканы дұрыс сақтау және әр шаршы метр жерге жауапкершілікпен қарау нәтижесінде мол өнімге қол жеткізіп отырмыз. Ұжым басшылығы ақылдаса келе биыл 155 гектар жерге күріш егіп едік, алған өніміміз көңіл көншітеді, 64 центнерден алынған орта өнім барлық шығынымызды жауып, пайдаға кіргізді. Бұл өз кезегінде ұжым мүшелерінің ынтасын, алдағы сенімін нығайтары анық, – дейді шаруа қожалығының төрағасы. 
«Исмат» шаруа қожалығы биылғы жылы өз қарауындағы 100 гектар ескі және жаңа жоңышқалықтан да мол өнімге кенелді. Ескі жоңышқаны үш, жаңа жоңышқаны екі ору нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 70 центнерден өнім алынды. Мұның басымы көрші аудандар мен облыстарға тиімді бағамен сатылып, ортақ қазанға бірталай қаржы түсірді. Нақты кезеңде ұжым механизаторлары сүдігер жырту мен 51 гектар жерге күздік бидай егуге және 43 гектар көлемге мақсары дақылын орналастыруға кірісіп те кетті. Мұнан өзге су жолдарын тазалау, су тоспаларын қалпына келтіру секілді қыруар шаруалары да жеткілікті. Бастысы егіншілік мәдениетіне жете назар аударып, ұйымшылдықпен еңбек ете білуде деп ойлаймыз. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған ауданы, 
Аққорған ауылдық округі.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз