ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНАТТАНДЫРҒАН АЙМАҚ

43

0

Қазақ даласының әрбір мекені киелі. Дегенмен, түбі бір түркі жұрты Сыр өңірін атамекеніміз деп таниды. Дария бойында орналасқан қазақтың ежелгі астаналары бұл мекеннің тарихтағы орнын айшықтап тұрғандай. Елбасының бұл өлкені «Сыр –Алаштың анасы» деп атауында үлкен мән бар.
Мемлекет басшысының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан жұртшылықтың келешекке деген сенімі нығая түседі. Жыл сайын Елбасымен бетпе-бет кездесуге асыққан халық Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан әрбір сөзін, ыстық лебізін тыңдауға құмартып тұрады. Өйткені, бір жыл бойына өңірде жасалған істер мен атқарылған ауқымды тірліктердің бағасын беретін де, алдағы жұмыстарға бағыт-бағдар көрсететін де Елбасы. Сондықтан дүйім жұртшылық Президент сарапынан зор үміт күтері анық. 
Өткен жылдың қыркүйек айында екі күндік іс-сапармен келген Ұлт көшбасшысы алдымен Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысымен танысты. Облыс орталығында бой көтерген әсем ғимаратта ұстаздармен бірге оқушылармен кездескен Елбасы соңғы кезде еліміздегі білім саласының модернизациялаудан өтіп жатқанын айтқан болатын. Сондықтан, ел ішіндегі дарынды оқушыларды таңдай отырып, оларды іріктеу арқылы мемлекетіміздің элитасын дайындайтындығымызды тағы бір еске салды. Әсіресе, химия-биология бағытындағы  мектептердің маңыздылығы күн сайын артып келеді. Ғылымның келешегі биология саласында екенін әрбір жас ұғынуы тиіс. Осындай болашақ ғалымдарды даярлайтын Зияткерлік мектебінің құт дарыған Сыр өңірінде бой көтергеніне қуанышты екенін айтқан Мемлекет басшысы ұстаздар мен оқушыларға жетістік тілеген еді. 
Өңірдегі білім саласындағы оң өзгерістерге көңілі толатынын жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде осы сала жоғары қарқынмен дамып келетінін тілге тиек етті. Дегенмен шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін де айтты. Мәселен, бірінші кезекте апатты жағдайдағы білім ошақтарының проблемасын жою қажет. Мектепке дейінгі білім беруге баса назар аудару керек. Осы бағытта атқарылған ауқымды істерге ризашылық танытқан Елбасы облыстағы балалардың балабақшамен қамтылуына қуанышты екенін де жасырмады. Республика Президентінің бастамасымен еліміздің ірі қалаларында ерекше дарынды балалардың басын біріктіретін Зияткерлік мектептерінің ашылуы расымен де білім бәсекесіне беттеген жастарымыз үшін үлкен қамқорлық болып табылады.   
Облыс орталығындағы даңғылдар мен көшелер соңғы уақытта кеңейтіліп, бұл бағытта бірқатар шаруалар жүзеге асырылды. Өңірімізге сырттан келген қонақ осындай жаңалықтарға алдымен көз салады. Мәртебелі мейман облыстағы абаттандыру жұмыстарындағы жаңашылдықты да тез аңғарды. Қала көшелерімен бірқатар нысандарды аралап көрген Мемлекет басшысы осындай игі істердің барына қуанды. 
ҚР Президентінің облысымызға жасаған жұмыс сапарының келесі күні  «Бизнес» бастау орталығында кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Осы жерде өрбіген салиқалы сұхбатта Елбасы облыстағы  атқарылған істерге жоғары баға беріп, алдағы уақытта да бұл өңірге қамқорлығын аямайтынын айтқан еді. Сол кезде облыс басшысы ретінде Қырымбек Көшербаевтың да билік тізгінін ұстағанына көп болмаса да, туған жерді түлетуде жасаған істері Президент көңілінен шықты. Мемлекет басшысы облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясынан да хабардар болды. Өткен жылдың алғашқы алтыайлық қорытындысымен алынған асулар туралы ауыз толтырып айтарлық тірліктер атқарылғанына тағы куә болған ол жергілікті жұртшылықтың жағдайының тұрақталып келетініне ризашылық кейіп танытты.
Өткен жылдың қорытындысымен облыста инвестиция тарту, құрылыс салу, бюджетке салық түсіру көрсеткіштері бойынша аймақтың республикада көш басында болуы үлкен жетістік. Қысқа мерзім ішінде өңірге құйылған инвестиция көлемі екі есеге артып, құрылыс көлемі 60 пайызға өскен. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі де біршама жақсарды. Бұл өз кезегінде облыстың экономикалық дамуына оң ықпалын тигізгені сөзсіз. Ал, жаңадан құрылған энергетикалық консорциум экономика мен әлеуметтік өсу қарқынын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Салаларды дамытуда «жасыл экономика» принциптерін енгізуге, ресурстарды үнемді пайдалануға мән берілуде. Осындай істер облыстың қарқынды дамуына жасалған алғашқы қадамдар екеніне Елбасы тағы бір нақтылап айтты.
Қазіргі таңда облыстың инфрақұрылымын дамытуда қолға алынған шаралар да өз нәтижесін беруде. Аймағымыздың тоғыз жолдың торабына оңтайлы орналасуы бизнестің дамуына ықпал етеді.  Ең бастысы, өңірдегі елді мекендердің 85 пайызы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында қоныс тебуі облыстың транзиттік әлеуетін арттыратын фактор екені даусыз. Елбасы осындай артықшылықты экономикалық тиімділікке айналдыра білу қажеттігін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда, облыстағы қай саланы алып қарасақ та, ілгерілеу бар. Ауыл шаруашылық, балық және күріш, металлургия кластерін дамытудағы толымды тірліктерге оң бағасын берген Елбасы аймақты өркендету үшін оны басқаруға келген Қырымбек Көшербаевтың тәжірибелі басшылардың бірі екенін де айтқан болатын. 
Алты Алашқа ата қоныс болған Сыр елі қашанда қалың қазақтың шоғырланған мекені. Елбасы өткен жылы келген кездесуінде: «Арал қаласына таза су жеткізген кезімдегі халықтың қуанышы әлі  есімде» деген еді.
Қазір облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Дегенмен, қол жеткізген табыстарға тоқмейілсімей, әрі қарай дамуымыз керек. Көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін елімізде жасалған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына әкімдер тікелей назарда ұстап отыруы тиіс. Сыр өңірінің даму мүмкіндіктері зор. Оны жергілікті жұртшылық тиімді пайдалана білуі керек. Тынымсыз еткен еңбектің ғана жемісі тәтті болатынын естен шығармаған жөн,–деп қорытындылаған Елбасы облыстағы ауқымды істерге жоғары бағасын берген болатын. Бұл өңір халқын жігерлендіріп, болашаққа деген сенімін нығайта түсті. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз