АРАЛ ҚАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

141

0

АРАЛ ҚАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Тарихы тереңге тамырлаған Арал қаласы еліміз ғана емес, әлемге әйгілі
десек, асыра айтқандығымыз болмас. Кезінде ақ бас толқынды Арал теңізі жағасына
қоныс тепкен Арал қаласының келбеті күні бүгінге дейін көз алдымызда
көлбеңдеумен тұрады. Қара іргесін ұрғылап жататын теңіз төскейіндегі алып
кемелер айқайы мен ақ шағалалар шаңқылы құлақ түбімізде күмбір қағады. Өкінішке
орай, теңіздің тартылуымен қала келбеті де көріксізденіп кете барған.

«Аралым – айдын шалқарым, құт-береке қонған жер” деп Әбілхан Маханов
атамыз жыр еткендей, еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап Арал қаласы
бойын қайта тіктеп, құт-берекеге бөлене бастады. Айтқандай, биылғы жылы алдағы
бес­жылдыққа жоспарланған «САРАТС-2” жоба­сының өмірге келуі де аралдық
ағайындарды қуаныш құшағына кенелтіп отыр.

Сонымен бүгінгі Арал қаласы бейнесі мен келешектегі келбеті жайлы қала
әкімі Дәуренбек Мәденовпен әңгімелескен едік.

– Жоғарыда айтқандай, соңғы жылдары Арал қаласы көріктеніп келе жатыр.
Әңгімемізді Арал қаласын абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардан
бастасақ?

АРАЛ ҚАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ– Дұрыс айтасыз. Кейінгі жылдары Елбасының тапсырмасына орай біздің
қаланы ғана емес, еліміздің елді мекендерін абаттандыру мен көгалдандыруға
қыруар қаржы қаралып, оң өзгерістер жасалуда. Үстіміздегі жылы қаламызды
көркейтуге аудандық бюджеттен 248 млн. 566 мың теңге қаржы қаралып, игілікті
істер атқарылуда. Саралап айтар болсам, Арал қаласының ең көрікті жері –
«Тәуелсіздік” алаңын абаттандыруға қомақты қаржы бөлініп, осы қаржыны игеріп,
алаңды айшықтауда «Тұран-Али”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ересен еңбек етуде. Ал, қаланың
орталық көшелеріндегі автокөлік жолдарын кеңейтіп, белгілер орнатуды «Арал
жолдары” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Сондай-ақ, қаламызды
абаттандыру бағытында қаланың кіреберісіне қақпа (арка) орнату, орталық
алаңдағы сахна құрылысы, теміржол вокзалы маңын көркейту, орталық көшелердегі
аллеялар мен скверлерді абаттандыру, автобус аялдамаларын орнату, балалардың
ойын алаңдарын салу жұмыстарына жергілікті бюджеттен де қыруар қаржы қаралып,
құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Айтқандай, қаланың Қосымов-Қазыбек би
көшелерінің қиылысында сағат құрылғысын орнатуға Қызылорда қаласындағы «SHАGA
KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалды. Бүгінде
мердігер тарапынан тиісті жұмыстар жасалуда.

АРАЛ ҚАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ– Өзіңізге мәлім, бүгінде халықтың әл-ауқаты жақсарып, жеке иелігіндегі
көліктер жыл санап көбеюде. Осыған сай республика көлемінде жол-көлік оқиғалары
өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 126,3 пайызға артқан деген дерек бар.
Облысымыздағы Қызылордадан кейінгі тұрғыны көп қала – Арал. Өкінішке орай, осы
қала көшелеріндегі жол белгілері мен бағдаршамдардың, сондай-ақ жол кедергілері
мен жаяу жүргіншілер белгілері бүгінгі күн талабына сай емес. Не айтасыз?

– Өзіңіз айтқандай, автожолдар бойында келеңсіз жағдайлардың болуына
байланысты алаңдаушылық бар. Содан да қала ішіндегі автокөлік жолдарындағы
қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу бағытында бірнеше
ұсыныстар енгізген де болатынбыз. Алайда, кезінде жергілікті бюджеттің
мүмкіндігі шектеулі болғандықтан осы бір толғақты мәселе өз шешімін таппай
келген еді. Десе де, өткен жылы осы бағыттағы жұмысқа аудандық бюджеттен тиісті
қаржы қаралып, толықтай игерілді. Ал, биылғы жылы бұл жұмыс жалғасын табуда.
Нақтылай айтар болсам, бүгінде қала көшелеріне 144 жол белгісі орнатылса,
қалғандарын орнату жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ,
қала көшелеріндегі автокөлік жолдарына жасанды жол кедергілерін орнату
жұмыстары да қолға алынды.

Дегенмен, өзіңіз айтқандай, облыс көлеміндегі Қызылордадан кейінгі қала
мәртебесі бар Арал қаласының бірнеше көшелерінің қиылыстарына бағдаршамдар
орнату қажет-ақ. Сол сияқты зағиптар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың
қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дыбысты дабыл қондырғыларын да орнату
керек. Бір құптарлығы, осы бағыттағы жұмыстарға қажетті қаражат қаралып отыр.

– Қала көшелеріндегі автокөлік жолдарының сапасы да мәз емес. Осы
бағытта да ауқымды жұмыстар қолға алынатын болар?

– Иә. Өзіңіз айтқандай, Арал қаласында жалпы ұзындығы 186 шақырым
болатын көшелердегі автокөлік жолдарының 25 шақырымында ғана асфальт жабындысы
бар. Ол қалаішілік автомобиль жолдарының 13 пайызын ғана құрайды. Оны айтасыз,
осы асфальт-бетон жамылғысы бар жолдардың 90 пайызы жарамсыз жағдайда. Осыған
байланысты бүгінгі таңда қазіргі талаптарға сәйкес қалалық жолдардың
қанағаттандырарлық жағдайы 50 пайыздан төмен болмауы тиіс екендігін айта кеткен
жөн болар.

АРАЛ ҚАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ– Сөз соңында ҚР 2011-2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық
шаруа­шылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы
баян етсеңіз?

– Осы бағдарлама аясында биылғы жылы Мақатаев көшесіндегі көпқабатты
№10 және Ишекенов көшесіндегі №12 үй­лерге күрделі жөндеу жүргізуге
республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, бас мердігер болып «Арал Қанат
–100” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілді. Бүгінде осы ЖШС пәтер
иелері және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімдерімен бірлесе отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін
қосалқы мердігерлерді анықтауда. Атап айтар болсам, Мақатаев көшесіндегі №10
үйді «ТТ-құрылыссервис” ЖШС, ал Ишекенов көшесіндегі №12 үйді «Наурыз құрылысы”
ЖШС жүргізетін болып, «Арал Қанат-100” ЖШС-мен келісім шарт жасасты. Сондай-ақ,
пәтер иелерімен жөндеуге жұмсалған қаржының қайтарымы, соған сәйкес ай сайынғы
төлемақы мөлшері де анықталып, бас мердігер «Арал Қанат –100” ЖШС-мен екіжақты
келісім-шарт та жасалды.

Айта кетейін, жоғарыда айтқан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын
жаңғырту” бағдарламасы негізінде алдағы жылы қаладағы сегіз көппәтерлі үйлерді
күрделі жөндеуге қажетті қаржыға бюджеттік өтінім жасалды. Яғни,
қаржы-экономикалық негіздеме, сараптама қорытындысы, жоба-сметалық құжаттары
облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы ҚР
Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және ТҮКШ істері жөніндегі комитетке
тапсырылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан, Еркін ӘБІЛ.

Арал қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз