АРАЛДЫҚТАР АЛАР АСУ АЛДА

90

0

АРАЛДЫҚТАР АЛАР АСУ АЛДА«Мен
Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын». Елбасымыздың осынау
мейірге толы лебізі жайлы талай айтылып, жазылып жүр. Солай болуға тиісті де.
Өйткені әлемде құрғаған теңізді қайта қалпына келтірген біздің егеменді
Қазақстан ғана. Ендеше қалай мақтансақ та жарасымды. Сонымен киелі теңіз
кемеріне оралуда. Шалқыған айдынмен тіршілік атаулы қоса түледі. Ата-баба
кәсібі жанданды. Ауданның қай саласында да ілгерілеушілік байқалады. Алға
ұмтылушылық басым. Ал талпыныс жетістікке жетелері анық. Сәл уақыт бұрын Аралда
аудан әкімі өзгерді. Басшылық тізгіні Абзал Мұхимовқа бұйырды. Бұл есім
көпшілікке жақсы таныс. Олай дейтініміз, Абзал Сансызбайұлы бұған дейін
бірқатар лауазымды қызмет атқарып, тәжірибе жинақтаған басшы. Жас келсе іске.
Олай болса, жұртшылықтың жаңа әкімнен соны серпін күтетіні де рас. Ендеше
біздің бүгінгі әңгімеміз де осы бағытта
өрбіді.

Ауылдың көркеюі – мем­ле­кеттің
нығаюы. Бұл тұрғыда Арал ауданында да бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Ауыл
шаруашылығы кұры­лым­дары негізінен мал өсірумен айналысады. Дерекке жүгінсек,
ағымдағы жылдың 1 тамызына 43487 бас мүйізді ірі қара, 62771 бас қой, 41897 бас
ешкі, 21274 бас жылқы, 20512 бас түйе бары нақтыланған. Сала бойынша
өндірілетін өнім көлемі де ұлғаюда. Асыл тұқымды мал өсіру тұрақты күн
тәртібінде тұр. Мысалы, «Құланды» ЖШС жылқының асыл тұқымды Мұғалжар, қазақтың
айыр өркеш түйе, «Көктем», «Байдәулет», «Бек» шаруа қожалықтары жылқы,
«Берекет», «Ықылас», «Несібе» шаруа қожалықтары мүйізді, ірі қара яғни қазақтың
ақ бас сиырын күтіп-бағуда.

«Сыбағаның» сыйын татып отырғандар да баршылық. Осы
бағдарламамен «Бірлік» шаруа қожалығы «Қаз Агро Қаржы» АҚ-ның облыстық
филиалынан 8,5 млн. теңге, «Лекеров Күнжарық» шаруа қожалығы «Арал ырысы»
ЖШС-нан берілген 4,1 млн. теңге, сондай-ақ «Жалғас» шаруа қожалығы 8 млн. 10
мың теңге несие алды. Бұл қаржыға асыл тұқымды бұқа, аналық сиырлар сатып
әкелінді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынуға тиісті мүйізді ірі
қараның межесі 106 пайызға орындалған. Әрі басым бөлігі аудандағы асыл тұқымды
шаруашылықтардан жеткізілгенін атап өткен лазым. Мал тұқымын түрлендіру
бағытында біршама жұмыстар жүргізілді. Әрі нәтижесіз емес. Қорытындысында облыс
көлеміндегі аудандар ішін­­де екінші орында келеміз. Мем­­лекеттен берілетін
субси­диялар төленуде. Бүгінгі таң­да құжаттарын тапсырған шаруашылықтарға заң
аясында тиісінше субсидия берілді. Жа­ғымды жаңалық. «Алтын асық», «Ырыс»,
«Құлан» жайы­лымдықтарын суландыру үшін (шахталы құдық, скважи­на қазу)
республикалық бағ­дар­ламалар қабылданды. Аталмыш бағдарлама мал басын
көбейтуге, өнімділікті өсі­руге, өзге де шаруаға аса тиім­ді. Қазіргі кезде
несие талаптары, қажет құжаттары, кепілдік мәселесінің шарттары түсіндірілуде.

2014 жылы аудан бойынша 241 гектар жерге егін
егілді. Бұл – белгіленген межеден артық деген сөз. Олардың ішінде картоп,
көкөніс, бақша, көне жоңышқа бар. Диқаншылық кәсіп Ақирек, Жаңақұрылыс ауылдық
округтерінде жақсы дамыған.

Су – тіршілік нәрі. Бұл төңі­ректе түйткілді түйіндер
жоқ емес. «Аудандағы 57 канал, 4
қорғаныс бөгеті иесіз су шаруашылығы нысандары болып табылады. Аталмыш нысандар
аудандық әді­­лет бас­қармасына ие­сіз мү­лік ретінде есеп­ке алынып, комму­налдық
мен­­шікке тап­сы­рылды.

Соған орай, олар­дың техникалық құжат­тарын, жер
актісін жа­сауға қажетті қар­жы сұрап, аймақ басшысына ұсыныс берілді. Елді
мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында Қамыстыбас, Қаратерең ауылдық
округтеріне облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасы тарапынан дизельді су насосы сатып алынды. Ал, келер жылға Бөген,
Қосжар, Ақирек ауылдық округіне су насостарын алуға облыстық табиғи ресурстар
және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына өтінім жолданды» дейді өзіміз
тілдескендер.

«Сананы тұр­мыс билей­ді». Нақ­ты кезеңде баға тұрақ­тылығы
қай жерде де өткір күйінде тұрғаны анық.

Аралдықтар бұл мәселені шешудің жолын қарастыруда.
Аудандағы нан пісі­ре­тін наубайха­на­лар­дың иелерімен, азық-түлік өнімдерін
сататын кәсіпкерлермен бағаны өсірмеу, тұрақтандыру мақсатында меморандум
жасалған. Аудан әкімінің өкімімен «Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын
тұрақтандыру» жөніндегі жұмысшы тобы құрылып,
жеке кәсіпкерлер А.Жалғасбаева, Н.Қамысбаев ұн таратушы оператор ретінде
белгіленді.

АРАЛДЫҚТАР АЛАР АСУ АЛДАЕлбасымыздың бастамасымен қолға алынып, Бүкіл­дүние­жүзілік
Банктің қаржыландыруымен «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңінде жүзеге асқан
ауқымды шаралар халықтың көңілінен табылуда. Қабырғалы қауымның көңіліне үрей
тудырып, ата кәсібінен қол үзген, балықшы ағайынның туған қонысынан үдере көш­кен
шақ баршаның жадында. Енді тұңғыш
Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлының тікелей қолдауы, жанашыр көзқарасының
арқасында құрғаған теңіз қайта оралуда. Кенезесі кепкен айдынның келбетіне әр,
тамырына нәр жүгірді. Қазіргі таңда «САРАТС-1» жобасы өз нәтижесін берді.
Сырдария өзенінің су өткізу мүмкіндігі көтерілді. Теңіздің солтүстік бөлігі
сақталып, құрғаған табанын су басты. Судың тұздылығы төмендеді. Аймақтың
экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзелді. Балық түрлері көбейді.
Бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге мүмкіндік туындап, балық аулау көлемі артты.
Ал, екінші кезеңнен күтер үміт тіпті мол.

Халықтың тұрмыс
деңгейін салынып жатқан құрылыс нысандарынан аңғару қиын емес. Өткен жылы
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Өңірлік Үйлестіру
Кеңесінде 3 жоба мақұлданған еді. Олардың бірнешеуіне тоқталсақ. «Аралтұз»
АҚ-ның «Аралтұз тұз зауытын қайта жаңғырту» жобасы өңірлік үйлестіру кеңесінде
мақұлданды. Жобаның құны 1500,0 мың теңгені құрайды. Бағдарламаның өңірлік
картасына енгізілді. Соған орай Испан елінен озық технологиялық жабдықтар
әкелінді. Жаңа тұз зауытының құрылысы жүргізілді. Іске қосылғанда көптеген адам
жұмыспен қамтылады деп күтілуде. «Аралтұз» акционерлік қоғамындағы жаңа
зауыттың өндірістік қуаты алдағы уақытта модернизациялаудан өткізілген соң
айына 4000 тоннаға дейін ас тұзын шығаратын болады.

Сондай-ақ, «Дана» ЖШС «Кварц құмын құрғақ байыту
комбинатын салу» жобасының құны 4500 мың теңге. Серіктестік «Байқоңыр»
әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, «Шөміш» бекетінен зауыт
құрылысын салуға келіссөздер жүргізуде. Іске асырылу мерзімі 2015 жылдарға
дейінгі уақытты қамтиды. «Дана» ЖШС өндіру жұмыстарын ағымдағы жылдың сәуірінен
бастауға тиіс еді. Дегенмен, компания басшылығы «инвестор табылмай жатыр» деген
желеумен жұмысты кешеуілдетуде. Жақсықылыш кентіндегі жеке кәсіпкер
С.Үмбетовтің «Наубайхана салу» жобасы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданды.
Енді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несие алуға құжаттарын
дайындауда.

Облыстық эксперттік комиссияда және өңірлік үйлестіру
кеңесінде 6 жоба мақұлданған-ды. Арал ауданы орталығына таяу жердегі «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан «С» категориялы жол
бойы сервис кешенін салу» жобасының құжаттары қазіргі уақытта облыстық
кәсіпкерлік және туризм басқармасының қарауына тапсырылған еді. Мұнан өзге де
жобалар бар. Бұл аралдықтардың алар асуы алда екенін аңғартады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз