ҚАРАШАҢЫРАҚ

107

0

Облыстық «Сыр бойы” газетінің жарыққа шығып келе
жатқанына биыл 85 жыл. Алғашқыда «Сыр бойы”, сосын «Ленин туы”, одан кейін
«Ленин жолы” сосын барып бастапқы атауын қайта иеленген облыс жаршысы осыншама
уақыт Сыр жұртшылығының көзі мен құлағы, сенімді серігі мен сырласы, ақылшысы
әрі қамқоршысы болып келеді. Халықтың үні саналған облыс айнасы көптеген өсу,
өркендеу жолдарынан өтті, оны биік белестерге көтеру барысында қаншама
журналистер өлшеусіз еңбек етті десеңізші. Біз бүгін өзіне қағаз бен қаламды
серік етіп, газетте әр кезеңде қызмет істеген аға буын, қазіргі буын өкілдеріне
сөз бергенді жөн көрдік.

ҚАРАШАҢЫРАҚҚайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ – облыстық газетте жарты
ғасырдан аса жұмыс істеген журналист:

– Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педучилищені
бітіріп, ауылдағы мектепте пионервожатый болып жұмыс істеймін. Алайда,
есіл-дертім баспасөз, республикалық «Лениншіл жасқа”, об­лыс­тық, аудандық
газеттерге ма­қа­лаларым шығып тұрады. Сөйтіп жүріп облыстық газет редакторы
Зейнолла Жарқынбаевқа келіп, мені жұмысқа алуын өтіндім. Сенсеңіз, менің
журналистика саласындағы алғашқы жұмысым хатшылықтан басталған болатын-ды.
Менің мамандығымды жетілдіріп, ҚазГУ-де сырттай оқуыма себепші болған осы
Зейнолла аға еді. Мені хатшылықтан тыңдаушылыққа, корректорлыққа, одан
тілшілікке жетелеп, осы жолда талай жайсаң жандармен қызметтес болдырған жазуға
деген құмарлық, баспасөздің өзіне тартып тұрар ерекше сиқыры болатын.

ҚАРАШАҢЫРАҚОблыс
айнасында табан аудармастан 51 жыл еңбек еттім. Осы жылдары 9 редактормен
қызметтес болыппын. Базарбай Сарбасов азулы редактор еді, өз арызымен жұмыстан
кетті. Жұман Қонақбаев, Хамза Сыздықов,
Сүлеймен Сейітов басшылықта көп бола қоймады. Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәлиев
басшылық жасаған жылдары басылымның тиражы өсті. Жауапты хатшы Шора Ерәлиев,
журналистер Орман Нұрқабаев, Ахметжан Нүрекеев, Жақсылық Бекқожаев, Құрманғали
Ажаров, Нұрпейіс Байғараев сынды әріптестер шалымды еді, жазғандарының сиясы
кеппей жатып, жауап келіп жататын. Оқырман хаттарына көп көңіл бөлінетін.

Рысты
БЕКБЕРГЕНОВА – 1960-1980 жылдардағы газет қызметкері:


1961 жылы ҚазГУ-дың журналистика факультетін бітіріп, Сыр бойына келдім.
Облыстық газетте көп жылдар бойы кіл
жігіттердің ортасында жалғыз өзім еңбек еттім. Қызық еді, бұл әйел заты-ау деп
қымсынып жатқан олар жоқ, қысылып-қымтырылуды мен де білмеймін, будақтаған көк
түтіннің ортасында отырып, мақала дайындаймын. Газет кезекшілігін өткеріп,
іссапарға да шығып келемін. Оның арасында отбасы тірлігі, ата мен ене, бала
күтімі, туған-туыстың, құда-жекжаттың барыс-келісі бар, бәріне де үлгіруші
едім. Енді ойлап отырсам, 4 редактормен қызметтес болған екенмін.

ҚАРАШАҢЫРАҚБіздің
кезіміздегі газет қандай еді?! Тықылдаған жазу машинкасы, оның өзіне де кезек
болатын. Баспахананың барлық жұмысы қолмен атқарылушы еді. Күні бойы іссапарда
болып, кешкілік оны жазып, түнімен газетте кезекшілік атқаратынбыз. Қомшабай
Сүйенішев, Мырқы Исаев, Қабыл Дүйсенбаев, Шайзада Рахметбеков, Сақтаған
Есмаханов сынды әріптестерімнің қарымды
қаламын былай қойғанда олардың
азаматтығы, адамгершілігінің өзі таңдай қақтырарлықтай еді. Күнделікті
газетті, ондағы шыққан мақалаларды талқылап, кемшілігін, жетістігін жасырмай
айтып жататынбыз. Өкпе-реніш болмайтын.

Әскербек
РАҚЫМБЕКҰЛЫ – газеттің 1991-1996 жылдардағы редакторы:


Менің 2 жыл жоғары партия мектебінде оқып, 3 жыл облыстық партия комитетінде
қызмет атқарғанымды қоспағанда саналы ғұмырым осы газетте өтті деп айтуға толық
болады. Газет редакторы Қалқабай Әбеновтің кезінде жауапты хатшының орынбасары ретінде жұмысқа
қабылдандым. Кейін редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқардым.
Даталы күндерге орай Орталық Комитеттің
құлаш-құлаш баяндамасы, қаулы-қарарлары, өзге де ресми материалдар алдымен орысша,
сосын аударылып келетін. Ал облыстық партия комитетінің бюросы болып өткені
жайында ғана қысқаша хабар берілетін. Көп ретте ауыл шаруашылығы, өндіріс
саласындағы атқарылған істерге жете көңіл бөлінетін, сосын жеке еңбек адамдары
жайында қалам тербейтінбіз. Тілшілер үнемі іссапарда жүретін, бірі келіп жатса,
екіншісі кетіп жататын, қайнаған қызу еңбек басынан репортаж жазу үрдіс
болатын-ды. Газеттің басым бөлігі
авторларға, солардың мақаласына берілетін, сондықтан оларды сөйлетуге,
аттарынан мақала дайындауға міндетті едік. Сосын штаттан тыс тілшілер көп
болатын, оларға қаламақы төленетін,
тақырыптар берілетін. 5 мамырдағы
Баспасөз күніне орай штаттан тыс тілшілер марапатталып, сыйлықтар алып жататын.
Сол жылдары газеттің халықпен байланысының мықтылығынан болар, оның тиражы 60 мыңға дейін өсті.

ҚАРАШАҢЫРАҚГазетте
небір жайсаңдар мен жайдары жандар
еңбек етті. Сапар Дарханов, Асқар Кіребаев, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы,
Құттыбай Сыдықов, Айжарық Сәдібеков, Итен Қарымсақов – бәрі де өздерінше
бір-бір әлем еді, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, қайталанбас қасиеті болатын.
Қазір газет ұжымы түгелдей жаңарды, жазу стилі де, көтерер мәселелері де
түбегейлі өзгерді.

Айнұр БАТТАЛ – әлеумет бөлімінің тілшісі:


Заман өзгерді, соған орай заманауи
құрылғылар өмірімізге мықтап енді. Мен ең алғаш жұмысқа келгенімде компьютердің өзі жаңалық еді,
қазір оның сан түрін иелендік. Темірбек Жүргенов атындағы Шығармашылық үйіне
көштік, газетті жасау, басу техникалары көп өзгерді, қысқаша айтқанда,
өркениетке ұмтылып келеміз.

Аға
журналистер өз кездеріндегі
қиыншылықтарды көп еске алады. Қай кезеңде де журналист мамандығы оңай
болмаған, қазір де сондай. Осыдан біршама уақыт бұрын, Жақсылық Рахматулла
басшылық еткен кезде газет аптасына 5 рет шықты, ұжым мүшелері оған да үлгірді.
Демек, әр заманның өзіндік қиындығы мен
қызықшылығы қатар жүретіні анық. Рас, газеттің көп өзгергені анық, тек
өзгермегені – оқырман хаттарына орын беріліп тұратыны.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз