Өткен жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен «Ақниет» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы қолға алынған болатын. Бүгінде «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис БВ» компаниясының жетекшілігімен іске қосылған бағдарламаның алғашқы жеңімпаздары өз кәсіптерін ашып, қалаған жұмыстарымен айналысуда.
Пилоттық жоба болғандықтан аталған бағдарлама былтыр тек үш ауданды, атап айтқанда, Қармақшы, Жалағаш және Сырдарияны ғана қамтығаны белгілі. Бағдарлама ауылдың тұрмыстық инфрақұрылымының жақсаруына, әлеуметтік осал топ арасында тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, жалпы, өндірістік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында ұзақмерзімді оң өзгерістердің қалыптасуына көмектесуге бағытталған. Мақсаты ауылды дамытуға және әлеуметтік мәні бар үздік жобаларды қолдау мен оларды анықтау, ауыл тұрғындарының әлеуетін дамытуды ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын құруға атсалысу болып табылады. Осы орайда байқауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қатыстырылды. Бағдарлама аясында «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қамқор», «Бастама» және «Игілік» номинациялары белгіленген.
