АЙМАҚТЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?

62

0

Адамзат тіршілігінде сауданың маңызы зор. Соның ішінде сыртқы сауданың кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды роль атқаратынын ешкім жоққа шығар­майды. Халықаралық сауда бүгінгі елдердің өндірісін дамыта отырып, өзінде бар ресурстарды тиімді пайдаланып, осылайша тауарлар мен қызмет түрін ұлғайтатын, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналып бара жатыр.

Сол себепті де сыртқы сауда бір жағынан экономикалық өсудің қуатты факторы болып табылса, ал екінші жағынан елдердің халықаралық сау­да айырбасына тәуелділігін арттырады. Сыртқы сауданың пайдасы, ол іскерлік белсенділікті жандандыру арқылы әр түрлі елдердің экономикалық дамуын теңестіруге мүмкіндік береді. Осыған байланыс­ты сыртқы саудадағы кез келген шектеулер елдің экономикасының дамуына теріс әсер етеді.

«Сыртқы сауданың» түсінігіне келсек, ол бір елдің тауарлары мен қызмет түрінің басқа бір елдің еркін айырбасталатын валютасына немесе жалпыға бірдей басқа құндылықтарға айырбасталуы. Бұл жерде тауарлар мен қызмет түрінің экспорты мен импорты бөлініп шығады. Сыртқы сауда саясаты өз кезегінде экспорттық-импорттық операцияларды реттеуге және мемлекетпен жасалған даму стратегиясының шегінде олардың экономикалық тиімділігін арттыру мақсатына бағытталған мемлекеттік әсер ету шараларының жиынтығы ретінде көрініс табады.

Қазақстан мемлекеті де әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде сыртқы саудада өзінің несібесін тауып, шетелдерден тауар тасымалдап жатса, сондай-ақ өзі де сыртқа тауарларын шығарып келеді. Жалпы экспорт көлемінің көптігі ол елдің әлеуеті мықтылығын көрсетсе керек. Қазақстанның экспортық әлеуеті осал емес. Әйтсе де, оның басым бөлігін шикізаттар құрауда. Қазақстан өткен жылы барлығы 82,5 млрд. доллардың өнімін сыртқа шығарды. Жоғарыда атап өткеніміздей, басым бөлігін шикізаттар құраса, өңделген өнім үлесі 23 пайыз, яғни, 19 млрд. доллар болды. Өңделген өнімді, дайын тауарды көп шығарғанның пайдасы көбірек болады. Міне, сол себепті де Елбасы бастамасымен Қазақстан экономикасын әртараптандыру, өң­деу саласын дамыту, индустрияландыру саясаты жүзеге асырылуда.

Қазақстанның бір бөлшегі саналатын Қызылорда облысының да экспорттық жағдайы тура осындай. Аймақта тауар экспорттаушылардың дені жер қойнауын пайдаланушылар.

Қазақстанның үлкен интеграцияға – Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге ұмтылуы біздің кәсіпкерлер мен отандық тауардың мүмкіндігін кеңейтуді мақсат етеді. Біздің өлкеміздің сыртқы рынокқа шығатын тауарлары, негізінен, шикі мұнай, мұнай газдары, уран, күріш және балық екені белгілі. Экспорттың басым бөлігі, яғни 27 пайызы Қытайға шығарылады, Швейцарияға жөнелтілетін тауар көлемі – 29, Италияға 6 пайызды құрайды. Тауарлар түрін жіктегенде: экспорттың 81 пайызы шикі мұнайға тиесілі, 14 пайызды үлесті уран алады. Сыр бойының дәстүрлі өнімдері күріш пен балық, әзірге экспорттың 1 пайызына ғана ие. Жалпы біздің күрішіміз ТМД мемлекеттеріне көптеп шығарылады, ал Арал балығына Австриядан, Грузиядан, Даниядан және Польшадан сұраныс бар.

Ал енді экспорт көлеміне шолу жасап өтелік. Қызылорда облысының барлық экспорт көлемі 2009 жылы 2574,9 млн. доллар болса, 2012 жылы 5003,4 млрд. долларға, ал 2013 жылы 5127,2 млн. долларға жетті. 2012 жылмен салыстырғанда өсім көлемі 2 пайыз. Барлық экспорт ішіндегі өңделген өнім үлесі 2009 жылы 7,4 млн. доллар, 2012 жылы69,3 млн. доллар, 2013 жылы 85,6 млн. доллар болды. Бұдан көріп отырғандай, өңделген өнім үлесі алғашқы жылдары барлық экспорттың 1 пайызының төңірегінен аспаса, былтыр 2 пайызды құраған. Ал өңделген өнім ішінде дайын тауар күйінде шыққан экспорт көлемі 2009 жылы – 4,7 млн., 2012 жылы – 19,2 млн., 2013 жылы 30,1 млн. доллар болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтырғы жылғы өсім 57 пайызды құрады.

Экспорттық тауарлар құрылы­мына келсек, оның 93,3 пайызын минералдық өнімдер (мұнай және мұнай өнімдері және уран) құрап отыр. Шығару рыногы Қытай, Швейцария, Италия, Тәжікстан мемлекеттері. Тамақ өнімдері Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне жіберілуде.

Қызылорда күрішімен даңқы шыққан өлке. Соңғы жылдары қалыптасқан үрдіске сай Сыр маржанының 25 пайызы жақын және алыс шет елдерге шығарылады. Біздің күрішті сауда кәсіпорындарымен қатар кондитер бұйымдарын шығаратын зауыттарда сатып алады. Олар күрішті шокалад дайындауға пайдаланады. Сонымен қатар шетелдік концерндер де күрішімізді алып тұрады.

Биылғы күріш өнімі жылдағыдан артық болды. Диқандар Сыр
маржанын әр гектардан 50 центнерден аса жинады. Соңғы мәліметтер бойынша ауыл
шаруашылығы құрылымдары 35,9 млрд. теңгенін өнімін жинаған.

Балық та бір
байлық. Облыс басшылығына Қырымбек Көшербаев келгеннен кейін, балық консорциумы
құрылды. Өнделмеген балықты облыс аумағынан шығаруға тыйым салынды. Бұл бастама
өңірімізде балық өңдеу зауыттарының қатарын көбейтуге сеп болды. Соңғы 5-6 жылдың
көлемінде ондаған балық өңдеу кәсіпорындары ашылды. Бүгінде олардың жылдық
қуаттылығы 11 мың тоннаның үстінде. «Арал балық өңдеу» ЖШС зауыты – ең үлкені.

«Камбала
балық» балықшылар өндіріс орталығы ЖШС 2005 жылы іске қосылған. Бұл зауыт
жылына 2 мың тонна балық өңдеу мүмкіндігі бар.

Жалпы,
зауыттарға келген су маржандары екі-үш қайтара таза сумен жуылып, бөлшектеп
кесіледі. Балық өңдеу көлемі соңғы бес жылда 4,5 есеге артты. Өнімдердің
экспорттық әлеуеті де жоғарылап келеді. Мәселен, 2012 жылы облыстан құны 3 млн.
626 мың АҚШ доллары болатын 724 тонна балық өнімі сатылды

Ал 2013
жылы 411,2 тонна балық өнімдері Литва, Түркия, Грузия, Польша,
Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Экспортқа шығарылған негізгі өнім – мұздатылған
балық пен көксерке балығының филесі. Ал
биылғы жылдың 8 айында 362,3 тонна балық өнімдері шет ел асты.

Экспортқа
жіберілетін дайын тауарлар қатарында Қызылорда қаласындағы «Қуат» ЖШС шығарып
отырған полимерлік құбырлар да бар. Бұл кәсіпорын 2011 жылдан бас­тап
өнімдерінің бір бөлігін Ресейге жіберуде. Өткен жылы экспортқа 1 млн. доллардың
құбыры өткізілген.

Жалпы экспорт
көлемі бойынша (5,1 млрд. доллар) Қызылорда облысы Қазақстанда бесінші орында
келеді. Бірінші орында Атырау облысы, экспорт көлемі – 23 млрд. доллар. Одан
кейін кейінгі орындарда Маңғыстау – 9,3 млрд., Батыс Қазақстан – 8,3 млрд. және
Ақтөбе облыстары – 7,6 млрд. доллар. Көріп отырғанымыздай, мұнайлы аймақтар
көштің басын бермей тұр. Көмірі мен мысы, басқа да металлдар түрімен аты шыққан
Қарағандының өзі экспортқа барлығы 4,5 млрд. доллар көлемінде тауар шығарған.
Әйтсе де, Қарағанды облысының экспортқа шығаратын тауарларының 84 пайызы, яғни
3,8 млрд. доллары өңделген өнім болып саналады. Өңделген өнім жөнінен екінші
және үшінші орында Алматы қаласы (2,4 млрд, теңге немесе 52,9 пайызы) және
Ақтөбе облысы (2,2 млрд. доллар немесе 8,1 пайызы) келеді. Осы үш аймақ
республикадан экспортқа өңделіп шығатын барлық өнімнің 44 пайызын беріп отыр.
Бұл жағынан біз онша мақтана алмаймыз. Біздің өңделіп шығып жатқан тауарларымыз
жалпы құны 85,3 млн. доллар немесе барлық экспорт тауарларының 2-ақ пайызы.

Жоғарыда
келтіріп өткен көрсеткіштердің басым бөлігі былтырғы және оған дейінгі
жылдардың деректері. Биылғы жылдың көрсеткіштері жаңа жылдан кейін жарияланатыны
белгілі. Десе де, қолдағы бар, он айдың қорытындысына тоқталып өтелік.
Қызылорда облысының үстіміздегі жылдың он айындағы жалпы экспорт көлемі өткен
жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайыз кем болып отыр. Биылғы жылғы
экспортталатын тауарлардың көлеміне, сондай-ақ оларды қабылдап отырған елдердің үлесіне қатысты да аз-маз өзгерістер
бар. Мысалы, шетелдерге экспортталатын тауарлар көлемінің 81 пайызын шикі
мұнай, 12 пайызын уран, 3 пайызын мұнай газдары, 2 пайызын күріш және қалған 2
пайызын өзге тауарлар құрап отыр. Сол секілді, тауарлар жіберілетін елдерге
қатысты үлес көрсеткіші төмендегідей. Қытай – 53, Швейцария – 23, Италия – 7,
Тәжікстан – 3, Франция – 3, Румыния – 2, басқа елдер 5 пайыз үлеске ие.

Қазақстан
Кедендік Одаққа мүше ел. Осы Кедендік Одақтағы Қызылорда облысының жеке
тауарлар экспортына келетін болсақ, ол үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек
айларында 5,1 млн. долларды құрады. Оны басым бөлігі күріш – 4,5 млн. доллар (16 мың тонна) болып отыр.

Импортталатын
тауарлар ассор­тименті, әрине, кеңірек. Облыс бас­шылығының жан-жақтылық саясат
пен тегеурінді әрекетті басшылыққа алуы негізінде, соңғы уақыттарда біздің
өлкеміздің қажеттілігін өтеп қана қоймай, таралуы Қазақстан аумағын қамтиды
деуге болатын бірнеше ірі инновациялық жобалар қолға алынуда. Олардың қатарында
«Шалқия” кен орнын байыту, ілеспе газды өңдеуді ұйымдастыру, электр станциясы
құрылысын салу сияқты басқа да шаралар нысанаға алынған. Облысымыздың табиғи
ерекшеліктерін ескерген шыны зауыты, мия түбірін өсіру және өңдеу сияқты
жобалардың өзі кәсіпті дамытудың келешегі туралы сенімді молайтады.

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз