“Бақдәулеттің” берекелі істері

52

0

“Бақдәулеттің” берекелі істеріЖалағаш ауданы – күріш өндірісі керегесін кең жайған өңірдің бірі. Көсегесі көгеріп, елдің несібесі артқан дәуірде аудандағы шаруашылықтардың да шаруасы шал¬қып, тасы өрге домалауда. Іргедегі Аққұмда да бұл ретте ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Егістік басындағы қызу қарбалас пен шаруалар қауымының маңдай тері биылғы егіннің де мол боларын байқатады. 
Аққұм ауылының шығыс жақ шетінде екі шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның бірі күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысатын «Бақдәулет» шаруа қожалығы болса, екіншісі «Бақдәулет-57» фермерлік шаруа қожалығы ет бағытындағы төрт түлік мал бағып өсірумен айналысады.
Күзгі қарбаласта қожалықтың 3 жатка, 3 комбайны тоқтаусыз тіршілікке төселген. Астық таситын техникалары да бір-бірін қуалап, ел ырзығын қамбаға тасуда. Бұл күнде егіс алқабындағы өнімінің 95-97 пайызы жиналған. Орташа есеппен гектарына 52 центнерден өнім айналды. Қырманда қызу қарбалас: астық тазаланып, егіс басынан қырманға күріш тасыған техникалардың бірі келіп, бірі кетуде. «ОВС» агрегаттарынан тазаланған дәндер көлікке тиеліп, қоймаға құйылып жатыр.
– Қазір екі шетелдік комбайн, оның біреуі жатка, «Енисей» комбайндарымен қатар жұмыс істеп келеді. Бұрын көне техникамен жинағанда 20 пайыз шығын болатын, қазір мүлдем шығынсыз жинап жатырмыз десек те болады. Шаруашылықта тер төгіп, еңбек етіп жүрген 70 жұмысшыға бар¬лық жағдай жасалған, – дейді шаруашылық директоры С.Шуақбаев. 
«Қоңыр күздің құбылмалы күніне сенуге болмайды. Алтын астықты жауын-шашынға қалдырмай ысырапсыз жинап алу үшін диқан-механизаторлар уақытпен са¬наспай еңбек етуде. Осы қарқынмен алдағы 1 қазанға дейін егін жинау жұмысын толық аяқтаймыз», – дейді Серік Науқанбайұлы әңгіме арасында. 
Жаз бойы төккен тердің қоңыр күзде ысырап болмауы үшін мамандар тынымсыз еңбектенуде. Топ жарып, қатарынан оза шапқан механизаторлар қашан да марапаттан құралақан қалған емес. Бұл жолы саптың алдында маусым басталысымен 750 гектар Сыр салысын орған жаткашы Руслан Жүсіпбеков пен 7 000 центнер десте бастырып, көш бастаған Сламбек Тәшимовтің есімі әріптестерінің аузынан түспей жүр. Ал күрішшілерден Алмат Өрғараев, Нұрхан Азмаханов, Темір Битановтар үздік болуға ұмтылуда. 
Шаруа қожалықтарының орталық қырманы мен мал фермасы да қайнаған тірліктің ортасы. Мұнда қызметкерлер үшін асхана мен демалыс орны жұмыс істейді. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға да қонақүй есігін айқара ашады.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Инвестор «Бақдәулет-57» фермерлік шаруа қожалығының демеушілігімен ауыл абаттанып, игілікті істер атқарылып келеді. Бастысы, береке мен бірлік ұялаған ауылдың тірлігі де тындырымды. 
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз