БАЛЫҚ ТА БАҒАЛЫ БАЙЛЫҚ

56

0

БАЛЫҚ ТА БАҒАЛЫ БАЙЛЫҚ«Мен Аралға көмектесемін деген уәдеме жеткеніме қуаныштымын» деген Президентіміз Нұрсұлтан  Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан «САРАТС» жобасы теңізді қайта тірілтті. Көгілдір айдыны кеңейіп, өркені түлеген өңірдің қазіргі кейпіне көңіліңіз толады.  Аралдың өткені мен бүгіні, балық аулау саласындағы жетістіктері, түйткілдері туралы кәсіби маманды әңгімеге тарттық. Сұхбатымыздың желісін «Балық шаруашылығын дамыту» консорциумының төрағасы Әділбек Әйімбетовпен құруымыздың мәнісі де осында жатыр.
– Әділбек Ізбасарұлы, өзіңіз басшылық жасайтын консорциумның басты мақсаты, нақты кезеңдегі атқарған жұмыстары туралы шолып өтсеңіз. 
– Облыс бойынша Кіші Арал  теңізі, Сырдария өзені мен жергілікті 176 су айдыны балық шаруашылығына маңызы бар деп есептеледі.  Өзінің өткен жылғы есеп беру жиынында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал теңізінен ауланған балықтардың өңделмей сыртқа жөнелтіліп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Балықшылар, өңдеушілер мен тасымалдаушылардың, квота берушілердің бір-бірімен ешқандай үйлесімділігі жоқтығын ашып жеткізді. «Сын айтылмай – мін түзелмейді» демекші, көп ұзамай балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыратын ұйым ретінде консорциум өмірге келді. Нәтижесінде саланың тынысы қалыпқа түсе бастады. Оған 17 шаруашылық, Қазақ балық шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы, «Байқоңыр» ӘКК мүшелігіне енді. Бұл үлкен серпіліс. Консорциум аз уақытта бірқатар өзекті тақырыптарды талқылады. Қабылданған ұсыныстар облыс әкімінің шешімімен жасақталған жұмыс тобына берілді. Соның арқасында өткен жылдың, ағымдағы жылдың квотасы шешілді. Бұл тұрғыда түсініспеушіліктер болған жоқ.
Қоғамдық ұйымның мақсаты – облыстағы балық шаруашылығы саласындағы құрылымдарға ғылыми-кеңестік, ұйымдастырушылық көмек көрсету, балық аулау, өңдеу,сатудың сапасын үйлестіру, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқару, жеке бизнес өкілдерімен отандық, шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық орнату, инвестициялық жобаларға қаражат тарту, салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қазақстандық, шетелдік мамандардың қатысуымен консорциум мақсаттарына сай форум, конференция, семинарлар өткізу, тағы басқа шаралар болып табылады.
– Әділбек аға, кәнігі маман, білікті басшы ретінде балық аулау кәсіпшілігіндегі өзекті мәселелерге, оны шешу жолдарына кеңірек тоқталсаңыз. 
– Әрине, бес саусақ бірдей емес. Кедергілер де кездесіп жатады. Облысқа бөлінген балық аулау лимитінің 78 пайызы кіші Арал теңізінің үлесінде. Теңіздің 18 учаскесінің алтауы ешкімге бекітіліп берілмеген.  Алайда жоғарыдағы бөліктердің конкурсы жедел түрде 26 наурызда өткізілмекші. Осы ретте айтарым бар. Арал халқының басынан небір қиын-қыстауды өткізгені баршаға мәлім. Қабырғалы қауым қанша қиындықты көрсе де, туған жерінен табан аудармады. Ата қонысынан қозғалған жоқ. Атар таңға сенді. Ойды ой қозғайды. 2005 жылы ауданға іссапармен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев аралдықтардың қайсар қалпына ризашылығын білдірген еді. Бұл жоғары баға деп санаймын. Егер осы конкурста аралдықтарға басымдық беріліп, жеңімпаз деп танылса, өте орынды болар еді. Балық зауыттарына табиғат пайдаланушылардың аулаған балықтарын тапсыру жөнінде өзара келісімшарт бар. Соған орай қадамдар жасалуда. Балық кластерін дамыту тұрғысында Аралдан қос зауыт салынып, тиісінше сертификатталып, евростандарттарға сай кәсіпорын ретінде есептік нөмір иеленгені, өнімдері Еуропаға, Кедендік одақтағы мемлекеттерге сатылып отырғаны бәріне белгілі. Бірақ… «Арал» СДО мен «Арал балық» зауытының теңізден бекітілген учаскесі немесе көлдері жоқ. Соның кесірінен мұндағы еңбек ырғағы қалыпты емес. Жұмыс істегендерінен тоқтап тұрған шағы көп. Осының салдарынан өндірістік қуаттары 10-15 пайыз аралығын ғана құрайды. Көлі, не теңізде учаскесі жоқ балық зауыттары әркімге алақан жайып күн көруде. Оған қоса жағалауда қажетті инфрақұрылымның (флот, жол, балықшылар үйі, балық қабылдау пункттері) болмауы кері әсерін тигізуде. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Мұз оятын, жылым, арқан тартатын агрегаттар тапшы. Барлық балықшылар бастырмада жатады. Сондықтан теңіз беткейіне жол, электр жарығын жеткізу кезек күттірмейтін жайт. Бұл шешілсе, қалғандары рет-ретімен жасалатыны даусыз. Өкінішке орай «Аста» ЖШС, «Жамбыл» өндірістік кооперативі, басқа да табиғат пайдаланушылар теңізге иелік еткендеріне біршама жыл толғанмен, әлі күнге жоспарларын орындамауда. Мұндай мәселелерге облысаралық балық инспекциясы қадағалаушылық танытуы қажет. 
Әр бастаманың өзіне тән қиындығы кездеседі. Оны жеңуге жергілікті биліктен қолдау керек. Облыс басшының саясаты да осы деп түсінемін. 
– Аудан көлемінде «Арал сервистік дайындау орталығының» маңызы жоғары екендігін көзі қарақтылар жақсы біледі. Олай болса, ұжымның тыныс-тіршілігімен таныстыра кетсеңіз.
– Дұрыс айтасыз. Аталмыш орталық 2008 жылы бұрынғы «Арал балық комбинатының» негізінде салынды. Еуростандарттарға сәйкес еуронөмірді иеленген. Зауыттың бағаланған құны 191 млн. теңге шамасында. Терең балық өңдейтін цехтары, балық қатыратын, сақтайтын орындары бар кәсіпорын. Италияның мұздатқыш агрегаттары қойылған. Өткен жылдың өзінде 14 млн. теңгеге техникалық жабдықтау жасады. Оның ішінде қомақты қаржыға NBK-3000 мұздатқыш агрегаты, балық ыстайтын қондырғы алынды. Балық фаршы, ысталған балық шығару бөлімшесі ашылды. Қосымша балық қатыратын жылдам камера іске қосылды. Оңтүстік қаржы компаниясынан жеткізілген автокөліктер, мұздатқыш агрегаттарының ақшасы уақытында қайтарылады деп межеленуде. Кәсіпорын пайдасынан биылғы жылы 30 млн. теңгеге шетелдік құрал-жабдықтар әкелінеді. 
Қазіргі таңда «Арал сервистік дайындау орталығында» 30-ға тарта адам еңбек етеді. Зауыт иелігінде 20 дана әйнекті пластмассалық, ескекті қайықтар бар. Қысқы балық аулау науқаны ойдағыдай ұйымдастырылды. Бөлінген квота облыс бойынша орындалды. Арал ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға балық шаруашылығында резерв көп. Тиімді пайдалансақ, Елбасы Жолдауында және облыста қабылданған «2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының» мақсаттарын жүзеге асыруға сенім нық. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз