БҮКІЛӘЛЕМДІК КӨРМЕНІҢ АСТАНАСЫ

52

0

БҮКІЛӘЛЕМДІК КӨРМЕНІҢ АСТАНАСЫ

Жуырда Париж қаласында Қазақстанның
бас қаласы Астана – ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесінің астанасы ретінде ресми
және түпкілікті түрде танылып, Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының туы
Қазақстанға салтанатты түрде табыс етілді.

Бұл шара Парижде Халықаралық көрмелер
бюросы Бас ассамблеясының 155-ші сессиясы жұмысын бастаған күнге орайластырған
еді. Қалыптасқан дәстүр бойынша осы сессияда «Астана-ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік
көрмесін ресми түрде тану және Халықаралық көрмелер бюросы ұйымының туын 2017
жылы осы жаһандық шараны өткізетін ел – Қазақстанға салтанатты түрде тапсыру
шарасы болып өтті. Сөйтіп, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастырған алтын көпір
атанған ару Астанада Халықаралық көрмелер бюросының туы желбірейтін болды.

Халықаралық көрмелер бюросы Бас
ассамблеясының 155-сессиясының жұмысына еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан
Ыдырысов бастаған қазақстандық ауқымды делегация қатысты. Делегация құрамында
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары – Сыртқы істер
министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев, «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық
компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Ермегияев және
еліміздегі әлемдік көрмені өткізуге жауапты Үкіметтің лауазымды тұлғалары
қатысты. Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының сессиясына осы ұйымға
мүше 160 мемлекеттің делегациялары түгелдей дерлік келді.

Халықаралық көрмелер бюросы Бас
ассамблеясының 155-сессиясында алғашқы болып Қазақстан тарапынан Сыртқы істер
министрі Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, сессияға қатысушыларға арналған Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың құттықтау хатын оқып берді.

Қазақстан Республикасы Астанада
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құрметіне ие болды.

Құттықтау хатта көрменің ТМД
кеңістігінде бірінші рет өткізілетіні және оның әлемдік энергетика саласындағы
талқылаулар мен инновацияларды таныстыруға арналған алаңға айналатыны атап
көрсетілген.

Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 балама
энергия көздерін әзірлеуге және пайдалануға айтарлықтай үлес қосуға шақыратыны,
үздік әлемдік технологияларды таныстыруға мүмкіндік беретіні және энергетикалық
тиімді бағдарламаларды ілгерілетуге жәрдем көрсететіні сөзсіз.

Сондай-ақ бұл шара неғұрлым
экологиялық және қауіпсіз қоршаған орта құру жолында жаңа шешімдер іздеу үшін
бүкіләлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыруда қозғаушы күшке айналады.

БҮКІЛӘЛЕМДІК КӨРМЕНІҢ АСТАНАСЫПрезиденттің құттықтау хатында біздің
таңдаған «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзат үшін аса өзекті екендігі,
Қазақстан – жасыл экономиканы енгізудің белсенді жақтаушысы болып табылатыны
атап көрсетілген.

Президенттің атап өткеніндей, біз 2012
жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму жөніндегі конференциясымен
мақұлданған ХХІ ғасырдағы Жаһандық энергия-экологиялық орнықты даму
стратегиясын және «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ұсындық.

Астанадағы Көрме жарқын халықаралық
оқиғалардың бірі болатынына, балама және жаңартылатын энергия көздерін одан әрі
қолдануға және дамытуға серпін беретініне сенімдімін, – делінген құттықтауда.

Сессия жұмысының барысында «Астана-ЭКСПО-2017»
көрмесі ресми түрде танылды. Осыған байланысты, Халықаралық көрмелер бюросы Бас
ассамблеясының президенті Фердинанд Наги мен Бас хатшысы Висенте Лоссерталес
Қазақстан Республикасы делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрі Ерлан
Ыдырысовқа ХКБ туын салтанатты түрде табыс етті.

Халықаралық көрмелер бюросының
155-сессиясы аясында «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат
Ермегияев Францияның бірнеше компанияларының басшыларымен кездесті. Францияның
ұлттық компаниялары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің
дайындығы мен өткізу жұмыстарына атсалысуға ынталылық танытып отыр. Кездесуде
«Morpho» компаниясының Орталық Азия бойынша коммерциялық директоры Франсуа
Ротенбургердің айтуынша, бұл компания халықаралық көрме кезінде қауіпсіздікті
сақтау мәселелері бойынша сапалы қызмет көрсетуге мүдделі. «Morpho» компаниясы
бұл салаға маманданған, оның жаһандық шаралар кезінде қызмет көрсету жөніндегі
тәжірибесі үлкен. Мәселен, Лондон Олимпиадасы кезінде қауіпсіздікті осы
компания қамтамасыз еткен болатын. Кездесуде, сонымен бірге, газ, энергетика,
инженерлік-коммуналдық жүйелер, ауыз сумен қамту, тұрмыстық қалдықтарды игеру
және басқа салалар бойынша маманданған компаниялардың жетекшілерімен
келіссөздер жүргізілді.

Халықаралық көрмелер бюро­сының
155-сессиясының жұмысы ашылар қарсаңда G-Global және ЭКСПО-2017 жобаларын
әлемге насихаттау мақсатымен саяхаттап жүрген қазақстандық «Керуен» мотошеруіне
қатысушылар Парижге келіп жетті. VII Астана экономикалық форумы өтіп жатқанда
елордадан шыққан қазақстандық байкерлер тобы 8000 шақырымға жуық жол жүріп,
еліміз ЭКСПО-2017 туын ресми түрде қабылдайтын уақытта Франция астанасына
келді.

Қазақстандық алты байкер елімізден
шығып, Ресей, Финляндия, Дания, Норвегия, Швеция, Германия, Бельгия жерлерінен
өткен. Олар жол бойы кездес­кен жұртты еліміздің тарихымен, мәдениетімен
таныстырып, экономикалық жетістіктеріміз бен ірі жобаларымызды насихаттады.

Мотошеру – «Ғалымдардың еуразиялық
экономикалық клубы» қауымдастығы, «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, Сыртқы істер
министрлігі, Қазақ географиялық қоғамы және «Ромпетрол» кәсіпорны бірлесіп
қолға алған жоба. Астана экономикалық форумы кезінде басталған саяхат
ЭКСПO-2017 туы Қазақстанға тапсырылатын уақытта Парижде болса, шілденің 6-сы –
Астана күні елге оралмақ. Оған дейін Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Грузия
және Ресей аумағындағы 10 мың шақырымдық жол бар.

– Біздіңше, мотоциклмен саяхаттауда
көшпенділердің рухы бар. Өйткені, заман, техника
өзгергенімен, рух қалады. Сондықтан біз жылына бір рет саяхат ұйымдастырып
тұрамыз. Бұған дейін Орталық Азия елдеріне саяхат жасадық. Ол кезде адамның
аяғы тимеген табиғи-тарихи орындарды араласақ, бұл жолы бас­ты тақырыбымыз –
хай-тек. Ең ауқымды саяхатымыз – осы, – дейді тәжірибелі байкер әрі музыкант
Диаз Байсейітов.

Сөйтіп, Париж қаласында ХКБ Бас ассамблеясының 155-сессиясының жұмысы
барысында «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі ресми түрде танылып, Қазақстанға көрме
туы табыс етілді. Енді елордамызда өтетін жаһандық көрмеге халықаралық
қатысушыларды тарту және «Астана-ЭКСПО-2017»-ні жаһандық ауқымда насихаттау
шаралары барынша белсенді жүргізілетін болады. Астана қаласы Бүкіләлемдік
жетістіктер көрмесін өткізу орталығы ретіндегі өз жұмысын заңды түрде бастады.

 

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз