Бірлік бар жерде тірлік бар

51

0

Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе және К» ЖШС егіс алқабында ирандық таромо-хошеми күріш сор­ты жайқалып тұр. Ақ күріші жайқалған қожалықтың шаруасы шалқыған. Серіктестік директоры Нұрлан Іздібаев биыл тек тәжірибе ретінде екі гектар жерге шетелдік сортты орналастырыпты. Дегенмен, екі гектардан ауыз толтырып айтарлықтай өнім жинауға болады.
Сәл кейінге шегініс жасасақ, осыдан бірнеше жыл бұрын атал­ған елді мекенде жер мәселесі ушық­қан болатын. ­«Инвестормын» деп келгендер ауылдың ­шаруасын шатқаяқтатып, тақырға отырғызып, табанын жалтыратқан. Ең сорақысы, ауыл тұрғындарына тиесілі егістік алқабын банктен алған қомақты қаражаттарына кепіл ретінде тіркеп кетіпті. Ал ауылдағы ағайын бір кездері құлдыраған шаруашылықты аяғынан қайта тұрғызуға талаптан­ған сәтте жер мәселесі алдарынан шыға беріпті.
– Қазір ауылда екі шаруашылық бар. Бір жарым жылдан бері екеуі бір-бірімен жақсылық жасап жарысуда. Бірі мешіт салдырып, имам алдырса, бірі елді жұмыспен қамтып, өз қаражатына ауылға кі­ре­беріс қақпа жасатты. Одан бері қарай ауылға дейінгі аралықта жарықшам орнатпақ. Елді мекенге кіреберіс жолдың да жағдайын көріп тұрсыздар. Шаруашылық төрағалары оны да қолға алмақ, – деді ауыл әкімі Орынбек Мұнарбаев.
Елді мекендегі қос шаруашы­лық­тың бірі «Ақтөбе және К» серіктестігі өткен жылы 1600 гектар жерге егін ексе, биыл 1810 гектарға ұлғайтыпты. Өткен жылғы орташа көрсеткіш 69 центнерді биыл 70-ке жеткізсем дейді. Қарамағында 150 шақты ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Бір кездері ауылда тіршілік азайып, қалаға аттанғандар қайта оралып жатқан көрінеді. Мұның өзі ауылдағы қызу тірліктің қайта жанданып жатқанының белгісі.
– Қырманның қақ ортасынан, міне, күріш ақтау зауытын салып жатырмыз. Зауыт құрылысының 85-90 пайызы бітіп тұр. Толық іске қосылғанда сағатына 5 тонна күріш ақтайды. Оған қоса ет бағытында құс фабрикасын салуға дайындалып жатырмыз. Оның өнімділігі жылына 1500-1700 тонна болады деп жоспарлап отырмыз. Қосымша жұмыс күші қажет болады, яғни ауыл адамдары тұрақты жұмыспен қамтылады, – дейді Нұрлан Тұрғанбекұлы.  
Құс фабрикасы үшін ауылдық округтің оңтүстігінен жер бөлініп те қойылған. Бүгінде құжаттары даярлану үстінде. Мекемеде 32 техника жұмыс істейді. Заманауи техникалар да қолданыста. Әлемге аты танымал Джондир комбайнының үшеуі жүр. Бұл техника бұрынғы Енисейге қарағанда шығынды аз шығарады, өнімділігі көбірек. Ал ирандық сортқа келсек…
– Қазақ қазыны қалай жақсы көр­се, ирандықтар таромо-хоше­миді де солай жақсы көреді. Бұл күріш – Иранның бренді. Біздің жерге жақсы шығып жатса, тікелей Иранға өткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұл шаруашылыққа өте пайдалы, – дейді Н.Іздібаев.
Мұнан бөлек серіктестік жақын арада «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ет-жүн ба­ғытында Оңтүстік Қазақстан облысынан 700 бас асыл тұқымды Еділбай қойын әкелмек. Бұл іске ауыл сыртынан қыстау салуда.
Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Сол шаңырақты дамытып, халық­тың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істейтін азаматтар болса, ауылдың айы оңынан туғаны. Азаматтарының бірлігі мен тірлігі берік Ақтөбе ауылын осы қатарға жатқызуға болары анық.
Дәулет ҚЫРДАН.
Қармақшы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз