“ДАМУ” ДЕМЕГЕН ЖОБАЛАР

89

0

“ДАМУ” ДЕМЕГЕН ЖОБАЛАРЕлбасымыз өз Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту
ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы
екеніне тоқталды. Осы ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің санын
арттыру негізгі міндеттің бірі саналады. Елімізде құрылған кәсіпкерлік
орындарының басым бөлігі сауда-саттық саласында қызмет көрсетеді. Мамандардың
айтуынша, кәсіпкерліктің бұл түрі басқа бизнес түрлерімен салыстырғанда жоғары
деңгейде дамыған. Бұған дейінгі кезекте дайын өнімді алып-сатып дағдыланған кәсіпкерлерді
ендігі уақытта өнім өндіруге бейімдеуге маңыз беріліп келеді. Осы орайда
мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын әзірледі. Бағдарламаның
мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің
тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын
сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Осы орайда «Даму»
кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының директоры
Жансұлтан Матаевты әңгімеге тартқан едік.

– Бағдарлама аясында осы салада кәсіп жүргізетін бизнес
өкіл­дерінің екінші деңгейлі банктерден рәсімдеген несиелерінің пайыздық
үстемелерін мемлекет субсидиялауға мән
беріледі. Сондай-ақ, несие алу­ға кепіл жетіспеушілігіне тап бол­ған
кәсіпкерлерге Даму қорының бағ­дар­ламасы аясында берілетін кепілдіктері
ұсынылды, – деп бастады әңгімесін Ж.Матаев бізбен сұхбатында.

– Айта кететін
болсақ, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнесті екінші
деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыруға оң шешімін тигізді. Мемлекеттік
бағдарламаларды дер кезінде жүзеге асыру оның сандық және сапалық
көрсеткіштерін арттырды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында
біздің аймақта барлығы 21,4 млрд теңге көлеміндегі 198 жоба субсидиялануда.
Соның ішінде 37 жоба жартылай кепілдендіру бағдарламасының мүмкіндіктерін
пайдаланып, несиеге қол жеткізді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының
жүзеге асу уақытында өңіріміздегі іске асып жатқан жобалар бойынша барлығы 1
млрд. 376 млн. теңге көлемінде субсидия
төленді. Осы қолдау нәтижесінде облыс бойынша 7 180 жұмыс орны сақталып,
жаңадан 3 620 адам екі қолға бір кәсіп тапты.

– Осыған қарай отырып, жоғарыда аталған бағдарламаның
тиімділігін аңғару қиын емес секілді. Бұдан басқа да қандай іс-шараларға мән
берілуде?

– Бұл көрсеткіштердің барлығы дерлік осы бағдарламаның
тиімділігін көрсетеді. Кепіл тапшылығына тап болған кәсіпкерлерге арналған жартылай кепілдендіру
бағдарламасы да қарқынды жүзеге асуда. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр
кепіл­дендіру жобаларының саны үш есеге артты. «Бизнестің жол картасы-2020»
бағдарламасының ерекшеліктерінің бірі –
ісін жаңадан бастаған бастауыш кәсіпкерлерді қолдау екені белгілі. Осы бағытта
арнайы әзірленген «Даму Start-up» және гранттық қаржыландыру жобаларының маңызы
зор. Себебі, осы бағдарламалар бастауыш кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді.

“ДАМУ” ДЕМЕГЕН ЖОБАЛАРЕлбасымыздың үстіміздегі жылғы халыққа жолдауында «Шағын
және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіп­орындар төңірегінде дамуға тиіс» деп
айтылған. Міне, осы ретте гранттық қар­жыландыру жобасы бойынша былтыр 12 ісін
жаңадан бастаған кәсіпкер инновациялық идясын жүзеге асыруға 3 млн. теңге, 2
бастауыш кәсіпкер 6 млн. теңге көлемінде
қайтарымсыз грант­қа ие болды.
Соның ішінде хос­тел стилінде қонақ үй, фито-бар, полистирол мен пенополиуретанннан
жасалған бұйымдар өндіретін цех ашылса, құрамында токсин мен сынабы бар
үнемдегіш электр шамдарын жинау және залалсыздандырумен айналысатын кәсіпорын
жұмысын іске қосуды жоспарлап отыр. Биылғы жылы да, қайтарымсыз грант
қаржысының көмегімен жаңадан үш жоба жұмысқа қосылып отыр.

Бағдарлама аясында несиелерінің пайыздық үстемесін
төмендетіп, өз шығындарын азайтқан кәсіпкерлердің бизнес-жобалары қазіргі таңда
табысты іске асуда. Облыс тұрғындарына дайын өнімін ұсынып, түрлі салада ел
игілігіне қызмет көрсетіп отырған шағын және орта бизнес субъектілері аз емес.
Атап айтатын болсақ, соның ішінде
«СымбатОйл» ЖШС Қызылорда қаласында қазіргі заман талабына сәйкес
жабдықталған 350 орындық екі балабақша ашып, қала бүлдіршіндерін шаттыққа
бөледі. Сондай-ақ, осы балабақшаларда жаңа жұмыс орындары ашылды. «Темірхан» ЖШС «Альянс Банкінен» рәсімдеген
несие қаражатына қала орталығынан «Жан-Ай» фитнес-орталығын пайдалануға берді,
бұл орын бассейн, тренажерлермен жабдықталған. Қызылорда қаласында «Браунис»
брендтік атауымен танымал болған
кондитерлік цехы, озық технологиямен өндірілген түрлі тәтті өнімдерін
өңір тұрғындарына ұсынуда. Дәл осы кондитерлік цех жүйесін жеке кәсіпкер Айдос
Сайлығараев «Бизнестің жол картасы-2020»
мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдік ала отырып, екінші деңгейлі
банктен несие рәсімдеп және оны субсидиялау нәтижесінде жүзеге асырды. Сонымен
қатар, бизнестің қыр-сырын меңгерген білікті кәсіпкерлерден бөлек, бағдарлама аясында өз ісін жаңадан бастаған
кәсіпкерлер де шағын несиелерге қол жеткізіп отыр. Мысалға, зейнет жасына
шығып, өзінің өмір бойы кәсіп еткен
жұмысын бизнес түріне айналдырған Темірбек Барахатов, «Даму Start-up» жобасы
арқылы «БанкЦентрКредит» банкінен жеңілдетілген несие рәсімдеді.

– Бағдарлама аясында кәсіпкер­лердің әлеуетін арттыруға
көңіл бөлінгенін жақсы білеміз? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Бағдарламаның төртінші бағыты – кәсіпкерлердің
әлеуетін арттыру. Шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді қадамдарының бірі,
кәсіпкерліктің бастапқы кезеңіне бағытталған – «Бизнес-Кеңесші» жобасы. Жобаға
қатысушылар кәсіпкерліктің жеделдетілген курсын екі күн бойы білікті
тренерлердің өткізуімен тегін оқиды. Бүгінгі таңда «Бизнес-Кеңесші» жобасына
облыс тұрғындары тарапынын сұраныс көп. Былтыр осы жоба аясында 638 адам оқыту
жоспарланса, жыл аяғына дейін 931 тұрғын кәсіпкерліктің жеделдетілген курсынан
өтіп, сертификат иемденді. Жобаның жүзеге асырылу уақыты аралығында облыс
көлемінде 3436 адам оқудан өтті.

«Бизнес-Кеңесші» жобасы бастауыш кәсіпкерлерге бағытталса,
2013 жылы арнайы жұмысын жасап тұрған кәсіпкерлерге «Бизнес-Кеңесші-2» жобасы
ұсынылды. Бұл жоба барысында облыс кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыру мақсатында
ұйымдастырылған семинар-тренингтерді өткізуге арнайы Алматы қаласынан
бизнес-тренерлер шақыртылды. Жоба шеңберінде қазіргі таңда 88 кәсіпкер
оқытылды.

Сонымен қатар, аға буын өкілдерін оқытуға бағытталған
«Іскерлік байланыстар» жобасының мақсаты – шетелдік ұйымдармен іскерлік
байланыстар және ынтымақтастық орнату жолымен еліміздің кәсіпкерлерінің
біліктілігін көтеру. Облыс бойынша жобаның 1-ші кезеңі жүзеге асырылу уақыты
аралығында 77 экономиканың басымды секторында кәсібін жүзеге асыратын шағын
және орта бизнес өкілдері «ТұранПрофи» халықаралық академиясында оқудан өтті.
Ал, «Іскерлік байланыстар» жобасының 2-ші кезеңі шеңберінде облыстың 11
кәсіпкері АҚШ және Германия елдерінде бағ­дар­лама аясында 4 аптаға созылған
тегін бизнес-тәжірибеден өтіп келді. Аға буын өкілдерін оқытуға бағытталған
жобалардың бірі – топ-менеджмент өкіл­дерін Назарбаев университеті базасында
оқыту болып табылады. Бизнесті жүргізудің заманауи үлгілерімен танысып,
Назарбаев Университеті мен Дьюк Университетінің бірлескен сертификатын
қызылордалық 38 кәсіпкер облыс көлеміне белгіленген квотаға сәйкес иемденіп
отыр.

– Облыста қандай пилоттық жобалар жүзеге асырылуда?

“ДАМУ” ДЕМЕГЕН ЖОБАЛАР– Былтыр облыста бірқатар пилоттық жобалар іске қосылды.
Соның бірі – «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы
өз ісін бастағысы келетін белсенді жастарға тарту көзделген. Оны бизнес саласында
білім беруге бағытталған инновациялық жоба деп айтуға толық негіз бар. Жоба
аясында жас тұлғалардың кәсіби және жеке
әлеуетін арттыруға арналған екіапталық
тегін тренинг-семинарлар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында былтыр қазан-қараша айларында 2 рет өткізілді.
Осы уақыт аралығында Қызылорда облысы
бойынша 18 бен 29 жас аралығындағы 125 тұрғын тегін негізде оқытылды.

Сыр өңірінде кәсіпкерлік саласындағы басты жаңалықтың
бірі – 2013 жылдың 30 мамырында «Кәсіпкерлерді қолдау орталығы» ашылды.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басты мақсаты – кешенді қолдау көрсету
жолы арқылы Қазақстандық бизнестің лайықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін
арттыруына жағдай жасау. Орталықтың кәсіпкерлікті дамытуда алар орны ерекше.
Себебі, бұл жерде өз ісін бастағысы келетін, бірақ идеясы мен қаражаты
жетіспейтін әрбір адамға бағыт-бағдар беріледі. Осы уақыт аралығында 3864
Қызылорда қаласының тұрғыны кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында тегін
кеңес алды. Оның 3088 жеке тұлға болса, кеңес алған кәсіпкерлер саны –
776. «Бір терезе» тәртібінде мемлекеттік
қолдау тетіктері бойынша бизнес-консалтинг және консалтинг бойынша толық
қызметтер көрсетілетін КҚКО-да
үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап екі жақты ынтамақтастық келісім-шарт
негізінде Даму қоры мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері
ақысыз негізде келесі қызметтер көрсетеді.

Сондай-ақ, өткен жылдың мамыр айында Қызылорда облысында «Кәсіпкерлікті қолдаудың
мобильдік орталығы» жұмысқа қосылды. Бұл орталықпен бірге «Кәсіпкерлерді қолдау
орталығының» кеңесшілері облыстың барлық аудандары мен шалғай ауылдарын ай
сайын аралады. Кәсіпкерлікті қолдаудың
мемлекеттік бағдарламалары жайлы кеңес берді. 2013 жылдың ішінде КҚМО 65 рет
және 2014 жыл басынан 35 рет облыс аудандары мен шалғай ауылдарына іс-сапармен
шығып, мобильдік кеңесшілер тобы 1200-ден аса ауыл тұрғынына тегін қызмет
көрсетті. Ауылдық кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлікті қолдаудың мобильдік
орталығының маңызы өте зор. Себебі, ауылдық кәсіпкерлердің барлығының бірдей
аталған қызметтерді пайдалану үшін облыс орталығына баруға уақыттары бола
бермейді.

– Елдің арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да өз
ісін жүргізгісі келеді. Бұл бағытта қандай бағдарламалар жұмыс істейді?

– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» «Даму-Көмек»
бағдарламасы аясында мүгедек кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеді. Бұл бағдарлама
мүмкіндігі шектеулі адамдарды материалдық ырыс-береке және кәсіби өсу негізі
болып табылатын кәсіпкерлік қызметті жүргізуге ынталандыратын жағдай жасауға мүмкіндік
береді. Сонымен қатар, жұмыс жасап жүрген мүгедек-кәсіпкерлерді бизнеске
арақашықтықтан оқыту арқылы олардың біліктілік деңгейлерін арттыруға
жәрдемдеседі. «Даму» қоры мүгедек кәсіпкерлерді қаржыландырмайды.
Алайда, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер және әлеуетті демеушілер мен
кредиторлар арасында байланыстырушы буын болып әрекет етеді. Осындай қызмет
нәтижесінде облыс төңірегінде 67 мүгедек кәсіпкерлерге демеуші тартылып, қолдау
көрсетілді. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» мен «Қазкоммерцбанктің»
«Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырған кәсібін жаңа бастаған
мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдыздарға қара» ортақ жобасы аясында
облысымыздың мүмкіндігі шектеулі 18 кәсіпкері гранттық қаржыландыруға ие болды.

Биылғы жылдың маңызды жаңалығының бірі, «Даму
кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өрісі кеңейіп, облысымыздың барлық 7 аудан
орталығында «Аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталықтары» ашылды. Аудандық
«Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының» негізгі мақсаты ауыл тұрғындарына кәсіп
ашуға және оны дамытуға қолайлы жағдай жасау болып табылады.

АКҚО-ның кеңесшілері келуші­лерге мемлекеттік
бағдарламалар бойынша қолдау, бизнесті ашу мен оны дамыту жайында кеңес бере
отырып, бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетеді, сондай-ақ «Бизнес-Кеңесші»
жобасына тіркеу жүргізіп, несие пайызын субсидиялау мен кепілдік алуға мемлекет тарапынан беретін көмектерге құжат
жинауға да жәрдемдесетін болады. Кеңесшілер қызметі тегін көрсетіледі.
Кәсіпкерлікті қолдау орталығының Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарында
орналасуы, аудан түрғындарына қолайлы болатындығы сөзсіз. Себебі, мақсаты мен
жұмыс бағыты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Даму» қоры мен Кәсіпкерлер
палатасы күш-жігерін біріктіріп, ел игілігіне қызмет көрсететін болады.

Әрине, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді
жүзеге асыру үшін ең бірінші кезекте облыс көлемінде ақпараттандыру жұмыстарын
жүргізу қажет. Осыған орай, облыс
кәсіпкерлерінің «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдар­ламасына қатысу
белсенділігін арттыру, интернет-аудитория арасында мемлекеттік бағдарлама
туралы ақпаратты кеңінен тарату
мақсатында облыстық және қалалық әкімдіктің, аудан әкімдіктерінің электронды
сайттарында арнайы веб-баннерлер мен
бағдарлама аясында кепілдеме, субсидия алу шарттарына жасалған сілтемелер
орнатылды. Сондай-ақ барлық екінші деңгейлі банктер, халыққа қызмет
көрсету орталықтары, әуежайда «Табысты кәсіпкерлер» жайлы бейнероликтер
көрсетілуде.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әділжан
ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз