ЕКІНШІ БЕСЖЫЛДЫҚТЫҢ ЕКПІНДІ ЖОБАЛАРЫ

106

0

«Индустрияландыру –
экономика құралы ғана емес, мемлекет дамуының факторы».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ елінде индустриялық-инновациялық
дамуға ерекше мән беріле бастағанына біршама уақыт өтті. Атап айтқанда, ҮИИД
мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталып, екінші бесжылдығы
басталған. Ел өндірісіне қан жүгірткен индустрияландыру аясында Қазақстанның
қай аймағында да ауқымды жобалар қолға
алынғаны белгілі. Олардың кейбірі қазіргі таңда елдің игілігіне айналып
үлгерсе, ендігісі таяу уақытта халықтың көзайымы болмақ. Мұндай игілікті істен,
әрине, Сыр елі де тыс қалмағаны ақиқат. Бұрынғы кезеңде тек аграрлық салаға
арқа сүйеген, кейінгі уақытта жерасты байлығымен еңсесін түзеген Сыр өңірі
Елбасы міндеттеген индустрияландыру ісіне пәрменді үлес қосып, серпілісті
жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Индустриалды-инновациялық даму
бағдарламасының бірінші кезеңінде Қызылорда облысында жалпы құны 82 млрд
теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылып, бірнеше мыңдаған аса тұрақты жұмыс
орны ашылды.

Осы кәсіпорындар биылғы жыл­дың
тоғыз айында 8,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде
бұл көрсеткіш 6 млрд теңгені құрады.Соның нәтижесінде Қызылорда индустриалды облыстардың қатарына енді.
Өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны бойынша республикада екінші орынға шықты.

Қазіргі таңда
индустрияландыру бағдарламасының алдағы бесжылдығы шеңберінде басымдығы бар
алты сала анықталған. Олар: мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және
химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы Мемлекет
басшысы айқындаған жаңа экономикалық саясат – «Нұрлы жол» бағдарламасымен,
ондағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен ұштасқаны белгілі.

Ендігі басты мәселе – екінші
бесжылдық. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде индустрияландырудың қандай бағытына
баса назар аудару қажет? Шындығында, индустрияландырудың қазіргі кезеңі үлкен
кедергілерге, түрлі қиыншылықтарға тұспа тұс келіп отырғаны рас. Өйткені,
бүгінгі күні әлемдік экономика күрделі ахуалды бастан кешіруде. Түрлі-түрлі
геосаяси қатерлер қаптап, қазақстандық басымдық болып табылатын шикізаттық ресурстарға,
соның ішінде мұнай мен металл бағалары құлдырауда. Әлемдік экономикада негізгі
ойыншылар саналатын елдерде бір-біріне қарсы экономикалық санкциялар өрбіп,
жаһандық сауда тетігінің белді мүшесі болып отырған Қытай мемлекетінің экономикалық өсімі баяулады. Осының бәрі,
айналып келгенде, Қазақстандағы индустрияландыруға да өз салдарын тигізбей
қоймайтыны ақиқат. Дегенмен, осындай жайттарға қарамастан, отандық экономика
өсімі жалғасып келеді.

Ағымдағы жылы облыста
жоспарланған 7 жобаның төртеуі іске
қосылды. Олар құрама жем зауыты, керамикалық және күйдірілген кірпіш зауыттары
және жарықтандыру шамдарын құрастыру өндірісі. 2019 жылға дейін аймақта осындай
14 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында қазір құрылысы
қарқынды жүріп жатқан шыны зауыты бар. Сондай-ақ «Шалқия» кен орны негізінде
салынатын тау-кен байыту кешенінің құрылысы, ферроқорытпа зауыты, Қызылорда
қаласының жаңа әуежай терминалын салу, үлкен жылыжай кешенін құру, ас суын
өндіретін зауыт, цемент зауыты, құрылыс комбинаты, силикат кірпіш шығаратын
зауыт, кальцилендірілген сода өндіру зауыты, асфальт-бетон зауыты, машина жасау
зауытын салу секілді жобалар бар. Нәтижесінде жобалардың құрылысы кезеңінде 2
мың, іске қосылған кезде тұрақты 2,4 мың жұмыс орны ашылмақ. Жобалар негізінен құрылыс материалдарын
өндіру, тамақ өнеркәсібі, АӨК, мұнай-газ саласы, машина жасау, металлургия және
энергетика салаларын қамтиды. Бұл айтылған әрбір жоба аймақ ажарын ашып,
өндірістің өрісін кеңейтуге септігін тигізеріне үлкен үміт бар.

Айта кетейік, Мемлекет басшы­сының
тапсырмасы бойынша, индустрияландырудың екiншi бесжылдығы индустрияны инно­вациялық
дамытуға бағытталған. Сондықтан екiншi бесжылдықтың негiзгi мақсаты –
инновациялық эко­номикаға көшудiң негiзiн құру арқылы өнiмдiлiк өсiмiн қамтамасыз
ету. Осыған орай, Үкімет 2020 жылға қарай инновациялық белсендi кәсiпорындар
үлесiн 20 пайызға дейiн, яғни 2 есе арттыруды жоспарлаған. Инновациялық өнiмнiң
ЖIӨ ішіндегі үлесiнiң ұлғаюы 2,5 есеге дейін жетеді деп болжанып отыр.

Мемлекетіміз ғұмыр бойы тек
мұнай мен газға ғана арқа сүйеп отыра алмайтын еді. Себебі, табиғи ресурстар
мәңгілік емес. Сондықтан да экономиканы кешенді әрі жүйелі түрде дамытатын,
сондай-ақ шикізат ресурстарын өндіруге балама болатын бағыт – инновациялық
экономика. Сондықтан да Мемлекет басшысы осы жолды таңдады. «Сапалы өсім мен
экономиканы әртараптандыру деңгейіне шығу үшін біз Индустрияландыру
бағдарламасын іске асырып отырмыз. Ол уақытылы қабылданған орынды шара.
Индустрияландыру – шикізаттан бөлек экономиканы құру құралы ғана емес. Бұл
біздің болашақта бүгінгі күні қалыптасқан конъюнктураға тәуелсіз екінші
экономикамызды құруымыз үшін қажет» деді осы орайда Елбасы. Айтары жоқ,
индустрияландыру үрдісі ел экономикасына шынайы инновациялық бетбұрыстар
әкелді. Оны Сыр өңірінен де анық байқауға болады.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз