ЭКОНОМИКА БОЛМЫСЫ ӨЗІНІҢ ДАМУ СИПАТЫН АЙҚЫНДАЙДЫ

71

0

Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңгенің құнсыздануына қатысты осыдан тұп-тура бес жыл бұрын болған жағдай тағы қайталанды. Қазақстанның Ұлттық Банкі теңгенің бұрынғы айырбас бағамын ұстап тұру мүмкін еместігін жариялады. Сөйтіп, бір АҚШ долларына шаққандағы Ұлттық валюта бағамы 185 теңге болып белгіленді. Жалпы экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл мәселенің жай-жапсарын ұғынықты тілмен түсіндіру тым күрделі. Ал қысқаша жеткізетін болсақ, біз АҚШ-тың әлемдік қаржы айналымының басты құралы – долларға тәуелді болғандықтан өзгенің әдеттен тыс жасаған шешімдерін қабылдауға мәжбүрміз.
– Бұл отандық кәсіпорындардың қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған қадам, – деді осыған орай Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. – Біздің экономика қосымша пайда алады. Ал бұл экономикалық өсімге негіз қалайды.
Мемлекет басшысы атқарушы орган басшылары мен әкімдерге бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеуді міндеттеді. Міндеттің орындалуы, әлбетте оңай емес, себебі мұндай қауырт, нарықтық экономиканың табиғатына қайшы келетін бағаны ұстап тұру саясатын тұрақты түрде жүзеге асыру мүмкіндігі шектеулі. Ол тіпті рынок заңдылығына да қайшы келеді. 
Бірақ бір мәселе айқын: Қазақстан валютасының негізін экспорттан түсетін қаржы құрайды. Ұлттық қорға да қаржы осы көздерден түседі. Қазақстан мұнайға, газға, тағысын-тағыларға бай мемлекет. Ал қазіргі таңда әлемдегі мұнай бағасы біздің күткендегімізден едәуір жоғары. Бюджетке қаржы ағылып жатыр. Бұл, әрине, біздің қорымызды молайтуға өте қолайлы жағдай. Жалпы, табиғи ресурстар, оған қатысты қалыптасатын баға біздің өркендеуіміздің кепілі. Сонымен бірге ол Қазақстанның әлемдік озық технологияларды игеріп, өркениет жолымен дамуымыздың алғышарты болып табылады. Экспорт түсімдері сондай-ақ еліміздің индустриялық-инновациялық жобаларды қаржылық қолдауға септігін тигізеді. Бұл Қазақстанның Елбасы негізін айқындаған «2050» стратегиясын жүзеге асыру мүмкіндіктеріне айтарлықтай  алғышарттар жасайды.
Қазақстан экономикасы осыған дейін бірнеше дағдарыс шылауынан шығудың қиын соқпақтарын  басынан кешірді. Үкімет қабылдаған шаралар тиімді жемісін берді. Дағдарыс жағдайының өзінде ішкі жалпы өнімнің өсімі мүмкін болды. Бұл, әрине, Ұлттық қордағы жинақталған қаржының нәтижесі, Елбасының болашақты болжаған дәйекті саясаты арқасында Қазақстан Орталық Азия, жалпы Еуропа мемлекеттеріне қарағанда дағдарыс салқынын мейлінше аз сезінді. Шындығын айту керек, бұл дағдарыс көптеген елдердің экономикалық жүйесін барынша есеңгіретіп тастаған болатын. 
Өмірдің өзі көрсеткендей, капиталистік рынок экономикасы бүгін әлемдегі қалыптасқан жағдайды сауықтыруға, экономикалық өсімді онан әрі қамтамасыз етуге дәрменсіз болып шықты. Бұл рыноктық қатынастар ұлттық, сондай-ақ халықаралақ шеңберде тұйыққа тірелді. Экономика жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругман Жапонияның 1990 жылдардан бастап бүгінге дейін, Мексиканың 1993 жылы, Тайландтың, Малайзияның, Индонезияның және Кореяның 1997 жылы, Аргентинаның 2002 жылы, әлемді тұтастай алғанда 2008 жылдан бастап рецессияға ұшырағанын атап көрсеткен болатын. Бүгінде бұл теріс құбылыстың себеп-салдарына қатысты көптеген мәселелерде айқындық жоқ. Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Капитализмді оған реттеуші сипат бере отырып, қайта құру қажет, бұл алыпсатарлық емес, шығармашылық пен жаңашылдыққа сүйенген капитализм болу керек», деп атап көрсеткен болатын. Бұл өздері әрдайым дәріптеп келген капитализмнің бүгінгі сипатын теріске шығару жөніндегі бір ғана пікір емес. Қазір көптеген мемлекет басшылары экономиканы мемлекеттік реттеудің  маңыздылығын атап көрсетуде. Тіпті АҚШ президенті Барак Обама: «Егер біз өнім өндірмей, бірыңғай ақшаны жұмсай беретін болсақ, уақыт өте келе көптеген елдер қарыз беруді доғарып, мерекелік көңіл-күй әп-сәтте жоғалатын болады. Мереке қазірдің өзінде аяқталды, біздің қорымыз едәуір сарқылды, экономиканы алға сүйрейтін тұтыну шығындары ендігі жерде даму үшін қызмет жасай алмайды», – деп мойындауға мәжбүр болды. 
Бұдан шығатын қорытынды, экономиканы басқаруға мемлекеттің араласу қажеттігі жөніндегі пікірлер көптеп айтыла бастады. Дағдарыс кезеңінде рынок экономикасы өз басына төнген қауіп-қатерді сейілтудің тиімді шараларын ұсына алмады.   
Шындықты, ақиқатты айту, әлбетте, жақсы әрі оңай. Бірақ, әдірем қалғыр сол шындықтың өз табиғаты мен болмысына әрдайым үйлесе бермейтін, кереғар пікір туғызатын кездері де аз емес қой бұл өмірде. Аш құрсаққа әдемі, тәтті сөз бал шырын бола алмайды. Бізде қазір сана да, түсінік те мүлдем өзгерген, шындықты айтатын сәбидің өзі ақиқат атаулыны «бар мен жоқ» арқылы өлшеп пішеді. 
Қызылкеңірдек болып жатамыз. Ойлар, пікірлер қайшылығы неден туындайды? Жағымды, сүйкімді болғымыз келеді, ойымыздағы орындалса екен деп армандаймыз. Өкінішке орай, өмір күрделі, айтқанымыз әрдайым бола берсе кәнекей. Бұл қарапайым болмыс тіршілікте жиі кездесетін құбылыс. Ал, айлалы саясаттың жүрген жерінде шындық, әділдік ұғымы тым бұлыңғырланып кете береді.
Келісетін боларсыз, тарихты жеке тұлғалар жасайды. Мысалын тарих қойнауынан іздеп қып-қызыл бейнетке түсудің қажеті жоқ. Жалпақ дүниенің алтыдан бір бөлігін иемденіп, ауызын айға білеген Кеңес Одағы қаламсаптың бір түртуімен әлемдік картадан  жойылып кетті. Кеңес Одағын сол капиталистер қауіпті жауы ретінде экономика жағынан құрсаулап тастады. Басты экспорты – мұнайдың бағасын қолдан түсіріп жіберді. Міне, айлалы саясат дейтініміз осы. Өкінгендер, аһ ұрғандар болды. Империялық зорлық-зомбылықты аңсайтындар Ресейде осы үшін Ельцинді әлі кешіргісі жоқ. Бірақ Кеңес Одағының құлауына Ельцин ғана емес, әлгі жоғарыда айтылған капиталистердің зымиян саясаты бірден-бір себепші болды.
Уақыт керуені зымырап барады. Оның жылдамдығы соншалық, өмірге деген түсінік, пайым да шапшаңдықпен өзгеріске ұшырап жатқанын, оны қабылдап санаға сіңірудің күрделене түскенін айтсаңызшы бәрінен де. Бүкіл дүниежүзілік қаржы саудасындағы алыс-берісті бір өзіне бағындырып қойған АҚШ-тың федералдық резервтік бюросының, оның тасасында тұрған билік пен үлкен шонжарлардың әрекетінде жымысқылық пиғыл әлі де жетіп-артылады. Қысқасы, бүгінгі таңда әлемде болып жатқан қаржылық ауытқуларға, дағдарыстарға ешқандай таңданыспен қарауға болмайды. 
Кешегі валюта бағамындағы күрт өзгеріс қарапайым тұтынушыға оңай тимейді. Бірақ біздің сүйенетін мүмкіндігіміздің бірі – экономикалық өсім нақ шикізат секторында қалыптасқан бағаның есебінен болып отыр.  
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономиканың көптеген салалары бойынша өсім көрсеткішіне қол жеткізді. Жалпы экономиканың өркендеуіне, әлбетте, мұнай кәсіпшілігінің қосқан едәуір үлесі бар. Қалай айтсақ та, әзірге шикізат өндірісі біздің еліміз үшін өркендеудің негізгі қазығына айналып отыр. Дегенде, дүниежүзінде әзірге адамзат баласы энергия ресурстарының мұнайдан басқа тиімді көзін тауып отырған жоқ. Демек, алдағы жылдары, сондай-ақ болашақта біз үшін мұнай шикізаты дамуымыздың басты бағытына айналады. 
Мұнай кәсіпшілігі туралы айтқанда, біз жалпы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі жөнінде де еске салып өткеніміз абзал. Ал ішкі жалпы өнімге барлық салалар үлес қоса алады. Айталық, шағын және орта бизнестің өркен жаюы біздің жалпы алғанда экономиканың тірегіне айналады. Ал бұл, сайып келгенде, өсімнің басты негізі – мұнай кәсіпшілігінде қалыптасқан оңды ахуалмен сабақтас. 
Сонымен Қазақстанда мұнай кәсіпшілігінің таяу болашақтағы мүмкіндіктері қандай? Қазақстанның мұнай өндірісі тәуелсіздік жылдары сан түрлі ауыр жолдарды еңсерді. Әртүрлі кезеңдегі дағдарыстар экономиканың дамуына кедергі келтірді. Осының салдарынан елімізде ішкі жалпы өнімнің өсімі тежелді. Мысалы, 2000 жылы мұнай саласының жалпы ішкі жалпы өнімдегі өсімі 7 пайызды құраса, 2008 жылы оның үлесі 35 пайызға жетті. Қазіргі таңда бұл үлес айтарлықтай өсті. Осының барлығы жалпы Қазақстандағы дағдарыс әкелген қиыншылықтарды еңсеруге әсерін тигізді. Елбасының тікелей бастамасымен Ұлттық қор құрылды. Ал ол негізінен мұнай-газ саласының табыстарынан құралады. Сөйтіп, банк секторы тұрақтанды, кіші және орта бизнеске қолдау көрсетілді. Осының барлығы аталған саладан мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің артуына негіз қалады. Қазақстанның алдағы жоспарлары еліміздің болашағы кемел екенін айқындап беріп отыр. Еліміз мұнайды әлемдік экспорттаушы елдердің ондығы қатарына енуді жоспарлады. Елбасының бірнеше мәрте атап өткеніндей, Қазақстан алдағы бірнеше жылдың ішінде ішкі жалпы өнімді еселеп ұлғайтып, жоспарланған межеден көрінуге қазірдің өзінде берік негіз қалады. Жалпы дамыған мемлекеттердің қатарынан көріну межесі ретінде 2030 жыл бағдар ретінде алынуда. Мұндай межеге жетуге әбден болады. Себебі, сарапшылардың атап көрсетіп жүргеніндей, Қазақстанның орасан зор мұнай-газ қорының әлеуеті оған толық мүмкіндік береді. 
Қазақстанның Мұнай және газ министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сүйенсек, біздің елімізде көмірсутегі шикізатының әлемдік 3,3 пайыз қоры бар. Ол осы қор бойынша ТМД елдерінің қатарында Ресейден кейін екінші орын алады. Алынатын көмірсутегі шикізат қорының жалпы көлемі республикада 17 млрд. тоннаны құрайды. Оның тең жарымынан астамы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан. Сондай-ақ осы шикізаттың бекітілген алынатын қоры құрғақ жерді есептегенде 4 млрд. тонна мұнайды және 3 трлн. текше метр газды құрайды. Ал егер Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемдегі 15 жетекші мемлекеттің құрамында екенін ескерсек, болашақ шын мәнінде еліміздің дамуының жарқын белестерін айқындап отыр. 
Елімізде орналасқан 172 мұнай және 42 газ конденсаты кеніштері Қазақстанның жер көлемінің 62 пайызын қамтиды. Ал мұнай қорының 90 пайызы 15 ірі кен орындарында орналасқан. Олар Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражамбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Кенбай, Королев кеніштері болып табылады. Аталған кеніштер Қазақстанның 14 облысының алтауын қамтиды. Сондай-ақ көмір шикізаты қорының 70 пайызы Қазақстанның батысында орналасқан. Барынша мол зерттелген мұнай қоры Атырау облысының еншісіне тиеді. Бұл өңірде 75 кеніш ашылған. 15-тен астам көмірсутегі шикізаты орны Батыс Қазақстан облысында, мұнай мен газ қорының 25 кеніші Ақтөбе облысында қоныс тепкен. Қызылорда және Қарағанды облыстарының негізгі мұнай өңдеу салаларын Құмкөл мұнай кеніштері тобы құрайды. Бұл мұнай кеніштері Қазақстанның бестен бір бөлігін қамтиды. 
Сала мамандарының атап өткеніндей, Қазақстандағы көмір қышқыл сутегі шикізатының қоры қазіргі өндіру деңгейімен алғанда шамамен 60-70жылға жетеді. Алайда, ірі мұнай-газ кеніштеріндегі өндіру көлемінің ұлғая түсуіне байланысты бұл мерзім біршама қысқаруы мүмкін. Мұнай өндіру көлемін құрғақта ұлғайту Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игерумен байланысты болмақ. Ал стратегиялық жоспар бойынша Каспий және Арал теңізінің аумағы кең көлемді зерттеуді талап етеді. 
Мұнай және газ министрлігінің жоспары бойынша 2015 жылға қарай елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемін 95 млн. тоннаға жеткізу көзделіп отыр. 2010 жылы бұл көрсеткіш 80 млн. тоннаны құраған болатын. Ал еліміздің аумақтық кеңістікті дамыту жөніндегі болжамдық жоспарына сәйкес 2020 жылы елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру 163,5 млн. тоннаға, оның ішінде мұнай 140 млн. тоннаға жетеді. Бұл жоспарды Елбасы қуаттап қол қойған болатын. 
Дүниежүзінің көптеген елдерінде болашақта энергия ресурстарына деген сұраныстың ерекше арта түсетіні туралы болжамдар жиі айтылуда. Адамзат баласы өркениет дәуіріне қарыштап қадам басқан сайын оның игілігін тұтыну жөніндегі сұранысы да арта түсуде. Көптеген елдер энергия ресурстарының жаңа көздерін іздей бастады. Алайда, әзірге сол үйреншікті жерасты байлықтарынан тиімді ресурстар табыла қойған жоқ. 
Бүгінгі айтылғандардың барлығы бір-бірімен тығыз байланыстағы сабақтас ұғымдар. Әлемдік қаржы рыногындағы, осыған сәйкес болып жатқан экономикалық дағдарыстар оның дамуының нақты сипатын айқындайды. Ал экономиканың қарапайым заңдылығы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын білдіреді.  
Қазіргі қаржылық ауытқулардың біз үшін пайдасы мен зияны бірдей.  Оның пайдасы мен зардаптарының ауқымы қаншалықты екені алдағы уақытта сезіледі. Қысқасы, әлем экономикасының алдағы даму сипатын оның өз болмысы айқындайтын болады.                                                           Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз