ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУ ҮДЕРІСІ МЕН БОЛЖАМЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

50

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов экономика саласында жасалған жұмыстар мен үстіміздегі жылы атқарылатын міндеттер жайында алқалы жиын өткізді. Мәжілісте облыстық басқарма басшылары мен селекторлық тәртіпте аудан әкімдері орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.

Облыс экономикасының даму үдерісі және даму болжамына қатысты пікірін білдірген Қуанышбек Досмайылұлы, дағдарыстың барлық салаға әсері жайында айта келіп, облыс бюджетінің шығындары біршама қысқартылып, әлеуметтік салаға бөлінген қаржылардың жоспардағы көлемде қалғанын айтты. Бес басқарманың алдағы мақсатты міндеттеріне тоқталған облыс әкімінің орынбасары жіберілген кемшіліктерді талқылап, оны жоюға тапсырмалар берді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы С.Құлымбетова облыстың экономикалық ахуалына жалпы бақылау жасап, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бағдар түзеп, шығыстар мен кірістердің қайта сараланғанын жеткізді. Ал қаржы саласындағы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне тоқталған облыстық қаржы басқармасы басшысы Т.Жақыпбаев мүлікті жария ету мен шығындардың орнын толтыру бағытындағы жасалып жатқан жұмыстар жайында есеп берді. Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Н.Жолдасбеков, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысы Ғ.Ниязов өз салаларының жұмысын баяндады. Сонымен қатар, мәжілісте Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері сөз болды. Шара соңында облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп, алдағы атқарылатын жұмыстарды пысықтады.

 

Н.САҒАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз