ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР ӨҢІР

55

0

Еліміз экономикалық дағдарыс кезеңінде экспорттық өндірісті дамытуға күш салып отыр. Сұранысқа ие сапалы өнім шығарса, отандық кәсіпорындар әлем нарығында бәсекеге қабілетті бола алады. Жалпы, сыртқы сауданың маңызы зор екені белгілі. Яғни, сыртқы экономикалық қатынас күшеюі арқылы Қазақстанға шетелден қаржы құйылады. Отандық
экономика дамып, халықтың әл-ауқаты артады. Әлбетте, бұл ретте «Қазақстанда
жасалған» тауарлары дүниежүзіне тарауы тиіс. Сонда ғана діттеген мақсатқа
жетеміз. Алайда, еліміздің, оның ішінде Сыр өңірінің экспорттық әлеуеті
көбінесе «қара алтынға» байланысты болып келді. Өкінішке қарай, мұнай бағасы
құлдырап, әлемді қаржылық дағдарыс дендеуі мемлекетімізге ғана емес, біздің
облысқа да кері әсерін тигізді.

Кедендік бақылау департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың 9
айында Қызылорда облысының сыртқы сауда айналымы көлемі 453 миллион АҚШ
долларын құрап отыр. Оның ішінде экспорт көлемі 2014 жылы 672 миллион доллар
болса, биыл 360 миллион долларға тең. Ал импорт өткен жылы 179 миллион долларды
құраса, биыл 93 миллион АҚШ доллары болған.

– Экспорт көлемінің азаюының басты себебі – мұнай нарығындағы
жағдай, яғни мұнай бағасының құлдырауы. Ал импорт көлемінің азаюы, жер қойнауын
пайдаланушы компаниялардың сырттан тауар тасымалын кемітуіне байланысты, –
дейді Кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт Орданова.

Санайғақты сөйлетсек, эскпортталған тауарлардың 49 пайызы
уранға, 39 пайызы шикі мұнайға, 5 пайызы газға тиесілі. Биыл 9 айда 139,6
миллион АҚШ доллары болатын 300,2 мың тонна шикі мұнай экспортталған. Бұл ел
экономикасының болашағын «қара алтынға» арқа сүйеп, бағдарлауға болмайды деген
сөз. Керісінше, кәсіпорындарда инновацияны барынша дамытып, жаңа
технологияларға арқа сүйеу қажет.Қазіргі уақыттың басты талабы осындай.

Сондықтан, сөзіміздің басында айтқандай, біздің өңір отандық
тауарларды экспортқа өткізудің көлемін ұлғайтуға қажыр-қайратын жұмсауы тиіс.
Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі десек де болады. Биылғы 9 айдың ішінде құны 20
миллион долллар болатын 34,1 мың тонна күріш өнімі сыртқа экспортталған. Сыр
өңірінің бренді – ақмаржанның экспорты өткен жылмен салыстырғанда 98 пайызға
артып отыр. Соның нәтижесінде, облыстан эскпортталған тауарлардың 5 пайызы
күріштің үлесіне тиесілі. Ал, балық өнімдерінің экспорты 21 пайызға артқан.
Дәлірек айтсақ, құны 3,4 миллион доллар болатын балық өнімдері сыртқа
шығарылған.

Егер елдер бойынша қарастырар болсақ, импорттың 56 пайызы –
Қытайдан, 12 пайызы Германиядан, 5 пайыздан Түркиядан және Украинадан, 4 пайызы
Литвадан, 3 пайызы АҚШ-тан, қалған 15 пайызы басқа елдерден әкелінеді.

Ал экспорттың 58 пайызы – Қытайға, 19 пайызы – Италияға, 8
пайызы – Францияға, 4 пайызы – Өзбекстанға, қалған 11 пайызы басқа елдерге
шығарылған.

Қорыта айтарымыз, Қызылорда – экспорттық әлеуеті зор өңір.
Өңірімізге соңғы жылдары инвестиция молынан тартылып жатқаны соның айғағы.
Шалқия кен орнының игерілуі, шыны зауыты құрылысының басталуы секілді жаңа
жобалар болашақта аймақтың экономикасына серпіліс беретіні анық. Сондықтан, Сыр
бойындағы отандық тауар өндірушілер экспорттық байланыстарды дамытудың жолдарын
арттыруы тиіс. Олар ел нарығын толық қамтып қана қоймай, экспортқа шықса,
бәсекеге қабілетті болады және елдің тұрмыстық жағдайын жақсартады.

 

Дәурен
ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз