КӨЛ МЕН ТЕҢІЗ КӨЛДЕНЕҢ ТАБЫС КӨЗІ ЕМЕС

130

0

КӨЛ МЕН ТЕҢІЗ КӨЛДЕНЕҢ ТАБЫС КӨЗІ ЕМЕС

Балық та байлық дейміз. Бірақ осы байлығымызды дұрыс
бағалап жүрміз бе? Жалпы, облыс аумағында балық шаруашылығын дамыту мен оны
бақылап, қорғаудың жайы қалай? Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық
шаруашылығы инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаевпен болған сұхбатта осы
жайттар негізгі әңгіме өзегіне айналады.

 


Ғалымжан Жәдігерұлы, қазіргі күндері балық шаруашылығында маңызды науқан –
балықтардың уылдырық шашу кезеңі өткізілуде. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге
асырылуда?

– Иә, Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы қаулысына орай бүгінде Арал-Сырдария бас­сейнінде
балықтардың уылдырық шашу мерзімі жүргізілуде. Соның ішінде Сырдария өзенінде 1
сәу­ір мен 30 мамыр аралығында, жер­гілікті су айдындарында 20 сәуірден – 10
маусым, ал Кіші Арал теңізінде 1 мамырдан 10 маусым аралығында балық аулаудың
барлық түріне тыйым салынған. Соған орай қазір барлық су айдынында балық қорғау
шаралары жүргізілуде. Өз кезегінде инспекция мамандары осы кезге дейін
жануарлар дүниесін қорғау мен молайту және пайдалану тура­лы заңды бұзған 114
жағдайды анық­тады. Сөйтіп, заңсыз балық аулаған 65 тұлғаға 381512 теңге айып­пұл
салынды. Ал табиғатқа келтірілген залал үшін 59 тұлғаға 170939,6 теңге айыппұл
салынып, өндірілуде. Сондай-ақ 40 іс сот органдарына жолданды. Жалпы осы
кезеңде құқық қорғау органдарымен 36 бірлескен рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде
балық аулау ережесін бұзушылардан бағасы 81215 теңгені құраған салмағы 667,5
келі балық тәркіленді. Сонымен қатар 39 дана ау құралдары да алынды.


Өткен мамыр айында еліміз бойынша алғанда бірқатар акциялар өткізілді. Бұл
акциялардың мәнісі мен маңызы неде?

КӨЛ МЕН ТЕҢІЗ КӨЛДЕНЕҢ ТАБЫС КӨЗІ ЕМЕС– ҚР Қоршаған
орта және су ресурстары министрлігі Балық ша­руашылығы комитетінің бұй­ры­ғына
сәйкес Қазақстанда өткізі­летін экологтар күніне орай рес­пуб­ликаның барлық
жерінде «Та­за су айдындары” табиғатты қорғау акциясы өткізілді. Осы шараға
орай облыс көлеміндегі табиғат пайдаланушылар өздеріне бекітілген су
айдындарында қорық­шыларды кезекшілікке қойып, та­за­лау жұмыстарын жүргізді.
Сөй­тіп су айдындарын қоқыстан тазарту ісіне жергілікті атқарушы органдармен
қатар студенттер, «Жа­сыл ел” жасақтары да белсене атсалысты. Осы акция
барысында су айдындарында егесіз жатқан 98 қытай аулары анықталып, олар түгел
жойылды.

– Сіз басқарып
отырған инс­пекцияның атқарар жұмыс ауқымы кең. Сол қызметтеріңіз жөнінде
нақтырақ айта кетсеңіз.

– Арал-Сырдария
облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы аты да айтып тұрған­дай екі облысты, Қызылорда
және Оңтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Шардара су қойма­сынан Аралға
дейінгі аралықтағы көлдер мен өзендер жүйесін қамтиды. Бассейннің су
тоғандарының негізгі су көзі Сырдария өзені. Осы аумақтағы балық шаруашылығына
маңызы бар су айдындарының жалпы көлемі 1097 мың гектарды құрайды. Екі облыс
бойынша алғанда балық шаруашылығына жергілікті маңызы бар көлемі 44 мың
гектарды, 184 су айдындары, соның ішінде Қызылорда облы­сында жергілікті маңызы
бар 176 су айдыны және халықаралық ма­ңызы бар көлемі 328,8 мың гектар Кіші
Арал теңізі, Шардара су қой­масы және Сырдария өзені ор­наласқан. Сонымен қатар
Ұлы те­ңіздің солтүстік беткейінде көлемі 140 мың гектар жерде мекендейтін
артемия салина жұмыртқаларын ау­лау үшін Тұщыбас және Черны­шова шығанақтары
табиғат пайдала­нушыларға бекітіліп берілген.

Биылғы жылға
бассейн бойынша барлығы 9685,54 тонна балық аулау лимиті бөлінді. Өткен төрт
айда табиғат пайдаланушыларға 2628,64 тонна балық аулауға 79 рұқсат берілді.
Сонан нақты 1592 тонна балық ауланды. Сөйтіп төлемақыдан республикалық бюджетке
31,3 млн. теңге қаржы түсірілді. Сондай-ақ, биылғы жылға Үлкен Арал теңізінен
220,26 тонна артемия салина жұмыртқаларын аулауға лимит бөлініп отыр. Өткен жылы
осы артемия жұмыртқаларынан 200 тоннасы ауланып, республикалық бюджетке 15,6
млн. теңге қаржы түсірілген болатын.

Жалпы
бассейндегі халықаралық маңызы бар су айдындарының 29 балық аулау учаскелері
табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Ал, жергілікті маңызы бар 184 су
айдандарының 22-сі резервтік қорда, 10-ы су айдындарының суы тартылып қалуына
байланысты балық шаруашылығы маңызын жоғалтқан. Сондықтан да оларды облыс
әкімдігі қаулысындағы тізімнен шығару жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бес
табиғат пайдаланушылармен отырған балық шаруашылығын жүргізу шарттары бұзылып,
ол да тізімнен шығаруға ұсынылды. Негізі үстіміздегі жылғы ақпан айында
өткізілген конкурс қорытындысымен 23 субъектіге 29 су айдыны балық шаруашылығын
жүргізу үшін ұзақ мерзімге бекітіліп берілді. Қалған 22 су айдынына конкурс
кешегі мамыр айының соңғы күндері өткізілді. Оның қорытындысы жақын күндері
белгілі болады. Бір бөле айта кететін жайт, балық қорының өсімін молайту
мақсатында облыс әкімінің қаулысымен Қамбаш көлі Қамыстыбас балық питомнигіне
бекітіліп берілді.


Осы бассейннің су көздерінде қанша балық түрі бар?

– Су
айдындарында негізінен сазан, тұқы, түйетабан, көксерке, ақмарқа, ақ және ала
дөңмаңдай, ақамур, табан, торта, аққайраң, қы­зыл­қанат, мөңке, жыланбас, ала­бұға,
шортан, қылышбалық, жай­ын, айнакөз секілді түрлері бар. Соның ішінде Арал
пілмайы, Арал және Түркістан қаязы, Сырдария тасбекіресі, шортан тәрізді ақмар­қа
мен арал албырты қызыл кітап­қа енгізілген. Инспекцияның мін­де­ті осы
балықтарды бақылап, қор­ғау. Сөйтіп ғылыми-зерттеу инс­титуты берген ұсыныстар
негі­зінде оның қорын көбейтуге атсалысу. Дегенмен де, осындай ба­қылаудың
барлығына қарамастан, заң бұзушылықтарға барушылар да аз емес. Мысал ретінде
айтар болсақ, жыл басынан бері құқық қорғау органдарымен бірігіп 22 рейд
жүргіздік. Нәтижесінде төрт айда 318 тұлғаға 1784965 теңге айыппұл салынып,
оның 1468273 теңгесі өндірілді. Ал табиғатқа келтірілген залал үшін 111 тұлғаға
353242,4 теңге қуылым салынып, оның 157230,2 теңгесі өндірілді. Осы уақыт
ішінде балық аулау ережесін бұзушылардан 74 дана ау құралдары тәркіленді.


Қандай істің болмасын оның қиындығы да қатар жүреді ғой. Осы орайда бір сұрақ.
Сіздерде шешімін табуды қажет ететін қандай проблемалар бар.

– Әрине, бар.
Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Көксарай су реттегіш қоймасының балық
шаруашылығына қатысты статусын анықтау қажет. Сонымен қатар қазір балықты
тоқпен (электроудочка) аулау фактілері көбейіп кетті. Бұл әдіс су жануарларының
өсіп-өнуі­не орасан зор зиян келтіреді. Әрі оны анықтау мемлекеттік ба­лық
қорғау инспекторларына қиын­дық туғызады. Өйткені аталған құралмен балық
аулаушылар мықты техникамен жабдықталған. Біз осыларды анықтап, қылмыстық іс
қозғап, сотқа жібереміз. Алайда, сотта оларға қолданылатын жаза жеңіл болады.
Сондықтан да оны қатайта түсу қажет. Соңғысы бұ­рыннан да айтылып
жүр, полиа­мидтік моноталшықтардан жасал­ған қытайлық аулармен балық ау­лауға
тыйым салынған. Өкінішке орай бұл аулар базарларда әлі де емін-ер­кін сатылып
жүр. Ал оны бір-екі рет пайдаланған браконьерлер тастап кетеді. Оған түскен
балық бұ­зылып, су айдындарын бүлдіреді. Балық қорына көп зиян келтіреді.
Сондықтан да жергілікті әкімшілік, инспекция мен балық консорциумы атынан ҚР
Үкіметінің атына кеден­дік шекарадан мұндай ауларды өт­кізілетін тауарлар
тізімінен алып тас­тауға бірлескен ұсыныс енгізу ке­рек. Міне, біздің қазіргі
негізгі деген проблемаларымыз осылар.

– Әңгімеңізге
рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз