Кооперативтерге бірігу агробизнеске жаңаша серпін берді

201

0

Сыр өңірінде жұдырық болып жұмылған мыңнан астам жеке қожалықтан 223 кооператив құрылды. Агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағытын жүзеге асыру бойынша Шиелі ауданы көш бастап тұр. 
Мәселен, аудандағы «Шиелі төрт түлігі» өндірістік кооперативі күніне бір тоннаға дейін шұбат өндіреді. Бала би ауылындағы Жүсіповтердің қазіргі жетістігі осы. Малшы отбасы алғашында 20 бас ойсылқара тұқымын бағып-қағып, қазір түлік санын тоқсанға жеткізді. Дала шөбін күйсеген Маң-маң басқан түйелер және аймақтағы ең дәмді шұбат.
– Інгендерді таңертен және кешке, екі мезгіл сауамыз. Сүт өндіретін цех күнделікті 50-60 литр түйе сүтін нақты ақшаға қабылдайды. Күнделікті өткізгесін арзан бағада ұсынамыз. Яғни литрін 300 теңгеден өткіземіз, – дейді ферма сауыншысы Мүбәрак Жүсіпова.
Жүсіповтер отбасы сауып әкелген сүтті осындай 35 майда шаруашылықтардың басын біріктірген «Шиелі төрт түлігі» кооперативі қабылдайды. Түйе сүтінен «АруАна» атауымен шұбат, қымыран өндіріледі. Бір жарым жылдың ішінде кәсіпорын өнімдер түрін көбейтіп, қаймақ, қатық-айран, құрт-сүзбесін де саудаға шығарды.  
«Шиелі төрт түлігі» кооператив директоры Сабыр Есмаханов әдепкіде көптеген қиындықтарға ұшырағанын айтады. – Кооператив алғаш құрылған жылдары біршама қиындықтар туындады. Оның барлығы кәсіпкерлік саласында кездесетін кедергілер. Түйе сауудың өзіндік ерекшеліктері бар, осының барлығына ауыл адамдарын үйреттік. Санитарлық нормаларын, қымыран-шұбаттың табиғи дәмін сақтау әдісін үйреніп, сүт көлемін көбейттік. Бастапқы кезде 400 литр шұбат өндіретінбіз. Қазір 1 тонна күнделікті өндіретін қабілетке жеттік. 200 бас түйе санын 750 жеткізген кооперативтің алдағы жоспары ауқымды. Басты меже агроқұрылым әлеуетін арттырып, ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу. Ата кәсіпті түлетушілер мемлекеттік қолдаудан да кенде емес, дейді коопреатив жетекшісі.  
Биылғы жылы облыс бойынша индикативтік жоспар бойынша 19 жеке шаруашылық кооператив құрылу керек болса, биылғы жылдың өзінде 20 кооператив құрылып отыр, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов. Қазіргі таңда осы кооперативтерге мал басын сатып алу және қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Одан бөлек ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 15 кооперативке 1 млрд 56 млн теңге қаржы бөлінген. Кооперативке бірігу агробизнеске жаңаша серпін бергені байқалады. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түйсініп, ұйымдасып ұжымдасқан ауылдықтардың қазаны майлы, өмірі жайлы екені көрініп тұр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз