КӨРМЕ ТУЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ТАПСЫРЫЛДЫ

62

0

 

Миландағы EXPO-2015 ресми
түрде жабылды. Халықаралық көрме бюросының туы Қазақстанға салтанатты түрде
тапсырылды. Яғни, қазақстандық делегация Италиядан халықаралық көрме бюросының
туын қабылдап алды.

Енді екі жылдан кейін елімізде өтетін көрмеге миллиондаған
адам келетін болады. Ал италияндықтар атқарылған жұмысты қорытындылау үстінде.
Мәліметтерге сүйенсек, жалпы бұл көрмеде 20 миллионнан астам билет сатылыпты.
Олардың 7 миллионын шетелдіктер алған. Келушілер мұнда осы күнге дейін өздеріне
беймәлім тағамдардың дәмін татып, өзге елдермен, жаңа орындармен танысуға
мүмкіндік алған.

Айта кету керек, Миландағы шара барысында қазақ елінің павильоны
үздік үштік қатарынан табылып, «Үздік даму» аталымы бойынша марапатталды.
Павильондардың архитектурасы мен азық-түлік өнімдерін әзірлеудің технологиясын
шара ұйымдастырушылары бағалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме есігі алты
ай бойы ашық тұрған. Осы кезеңде Қазақстан павильонына келушілер қарасы көп
болып, есік алдында кезекте тұрған жағдайлары да болыпты. Жалпы, жарты жыл
ішінде қазақ павильонын тамашалауға миллионға жуық адам келген. Халыққа біздің
павильонға келуге жергілікті газеттер мен такси жүргізушілері кеңес берген
екен. Күніне 5000 келушінің көңілін табу мұнда жүрген қазақстандықтарға оңайға
соқпағаны анық. Келушілерге күнделікті қымыз ұсынылып отырылған және еліміздің
тарихы, мәдениеті кеңінен таныстырылған.

Мамандар көрменің жобасы оңай жиналатындай етіп
құрастырылғанын, сондықтан Миланда қойылған барлық технологияларды елімізге
апарып қайта құрастыруға да болатынын айтады. Айта кетейік, бұл шарада біздің
елмен қатар Ұлыбританияның ара ұясы павильоны, көгал кейіпінде жасалған неміс
павильоны, ағаш алаңқай сияқты Жапон мен жабық базар болмысындағы Франция
павильондары да назарға іліккен.

– Миландағы көрмеде қола медальға ие болу – өте үлкен табыс.
«Планетаны азықтандыру. Өмірге қуат» тақырыбындағы халықаралық көрмеде біз де
өзіміздің осыншама қонақты қабылдауға қауқарлы екенімізді көрсете білдік.
Алдағы көрмеде тек жоғары нәтижелер ғана көрсетеміз деген үміттеміз, – дейді ҚР
Сыртқы істер министрлігінің бірінші орынбасары, EXPO-2017 комиссары Рапиль
Жошыбаев өзінің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Болашақ энергиясы – аса маңызды тақырып. Ол бүкіл әлем халқы
үшін өте өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Габон, Сьерра-Леоне, Сенегал мен
Біріккен Араб Әмірліктері EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге осы
Миланда қол қойды.

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз