КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫ

57

0

КҮРІШ КӨБЕЙСЕ – ЫРЫС АРТАДЫБиылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буа, білек түре кіріскен сырдариялықтар бүгінде егістік даласын еңбек дүбіріне бөлеген. Аудан егінші-механизаторлары егіс дақылдарын уақытында егіп, суға мезгілінде толықтай бастырып, минералды тыңайтқышпен үстеп қоректендіру нәтижесінде Сыр маржанының шығымдылығы ойдағыдай екен. 
Биылғы жылы аудан бойынша 17920 гектар жерге Сыр салысы егілсе, бүгінгі күнге осыншама алқаптың 15923 гектары дестеге салынып, 13078 гектары бастырылыпты. Әзірге 550253 центнер астық жиналып, орта өнім гектарға шаққанда 45,5 центнерден келуде екен.
Жыл сайын аудан шаруашылықтарының ғана емес, облыста көш басында келетін «Мағжан и К» ЖШС биылғы жылы да толағай табысқа кенелуде. Бұл шаруа қожалығы биылғы жылы еккен 2002 гектар күрішті толықтай дестеге салып, 80 пайызға шамалас жерін бастырып, әр гектар жерден 61,6 центнерден өнім алуда. Ал, 800 гектар жерін толықтай дестеге салған «Қызылдихан» шаруа қожалығы 712 гектарын бастырып, әр гектардан 54,0 центнерден Сыр маржанын жинауда. Осы шаруашылықтың жаткашылары Әлібек Мыңбаев пен Әбсадық Маханов 290-330 гектар күрішті дестеге салса, комбайнер Абдулла Жаманқыз 20 мың центнердің үстінде астық бастырған. Ал, күрішшілер Тұрлыбек Жұбаныш пен Жангелді Смайловтар еккен 34-35 гектар күріштік алқаптың әр гектарынан 73-84 центнер аралығында өнім алып, еңбек рахатына кенелуде. Сондай-ақ, «Шаған Жер» ЖШС-ның жаткашысы Сәкен Айтбаев 325 гектар күрішті дестеге салса, комбайншы Қапбар Байманов 8 мың центнерге жуық астық бастырған.
Айта кету керек, «Мади Қажы» атындағы ЖШС-ның күрішшілері Манарбек Шакетов пен Ғалымбек Спанов еккен 30-33 гектар күріштік жерден 2700 центнерден Сыр маржанын жинап, әр гектардан 90 центнерден рекордтық өнім алған. Сөйтіп, дарабоз диқандар Сыр салысының даңқын қайта шығаруда. 
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз