КҮРІШ ПЕН ҚҰРЫШ

188

0

аграрлы аймақтан өнеркәсіпті өңірге

Облысымыздың биылғы жылды табысты аяқтауына, бірқатар ауқымды жұмыстардың жүзеге асырылуына барша еңбеккерлеріміздің, диқандарымыздың, механизаторларымыздың үлесі зор. Биыл Қызылорда облысында 161367 гектар жерге егін егілді. Жер-Анадан нәпақа күткен халықтың жаз бойғы маңдай тері ақталды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің өндірісі 35,9 млрд. теңгені құрады. Салаға қаржылай қолдау да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 47,9 пайызға жоғары.

КҮРІШ ПЕН ҚҰРЫШСыр маржаны – күллі Сыр өңірінің келбетін таныстырар төлқұжаты десек, ар­тық айтқандық болмас. Қазақстанның қай түк­піріне барсаңыз да, Қызылордаданмын десең, алдымен Сыр өңірінің күрішін есіне түсірер еді. Сыр күріші отандық ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі көзі екені белгілі. Дәлірек айтқанда, стратегиялық дақылдардың бірі. Кезінде Сыр бойынан 96 Еңбек ері шықса, оның 66-сы күріш егу саласының батырлары болды. Дала төсін дүбірлеткен сол еңбек ерлері салған сүрлеумен Сыр маржанының даңқы бүгінде қайта жаңғыруда.

Иә, ауыл шаруашы­­лығын дамыту басым бағыттардың бірі. Облыстың басты дақылы – күріштен биыл рекордтық өнім жиналды. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да дақыл түрлерін өсіруге берілетін субсидия мөлшері бірнеше есе өсіп отыр. Бүгінде Сыр диқандары күрішті төкпей-шашпай қамбаға құйып болды. Бар­лығы 78939 гектар күріш алқабынан астық жиналды. Орташа өнім гектарына 50,1 цент­нер. Бұл ел тәуелсіздігi кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш.

Жиналған өнім мөлшері күріш жарма­сына деген ішкі сұранысты толық қамта­масыз етіп отыр. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі са­ла­сы болып табылатын, ауыл халқының бас­ты табыс көзі болып отырған күріш ша­руашы­лығын дамыту бүгінгі күннің өзекті мә­селесі. Күріш көлемін кемітпей басқа дақыл түрлерін, оның ішінде мал азығындық дақылдарды да көбейту міндеті тұр. Бұл бағытта межеленген тиісті жұмыстар атқа­рыла берері анық.

Бірақ бүгінгі жағдайдың сонау ке­ңес­тік кезеңнің кезіндегі жағдайдан айырма­шылығы жер мен көктей. Нарық заманында халықтың әл-ауқатын арттыруға жалғыз ау­ылшаруашылық саласының шамасы кел­мейді. Осы ретте Тәуелсіздікке ие болған жылдары өңірімізде қарқын алған мұнай-газ саласының, сондай-ақ уран өндірісінің аймақ экономикасында нардың жүгін кө­тергенін айрықша атап өту керек. Жер қой­науы байлығының арқасында ырысты-кү­рішті Қызылорда мұнайлы-шырайлы өңір­ге айналды. Әйтсе де, уақыт алға басқан сай­ын заман талабы да өзгере тү­суде. Бү­гінде тек жерасты байлығына, кө­мір-су­тек шикізатынан түскен пайдаға қарап оты­ра беруге болмайтын уақыт болып қал­ды. Өйткені, енді шикізатты сатып қа­на емес, оның өңдеу саласын өрістету, яғни экономиканы әртараптандыру мақ­са­ты қойылып отыр. Осы орайда, бү­кіл елі­­міздегідей, Сыр өңірінде де Үде­ме­лі ин­­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын іске асыру жүріп жатыр.

КҮРІШ ПЕН ҚҰРЫШҚазіргі күні Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 185 млрд. теңге­ні құрайтын 24 жоба іске асырылып жатыр. Жобаларды жүзеге асыру барысында, яғ­ни құрылыс кезінде 3066 жұмыс орны ашыл­ды. Ал жобалар жүзеге асқанда 20618 жа­ңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген 23 жобаның 15-і іске асып, 800-ден астам жа­ңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобалар өң­деу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің өсі­мін қамтамасыз етті. Қазір жобалардың бар­лығы толық қуаттылығында жұмыс жасай ала­тындықтарын аңғартып отыр.

Тек шыны зауытының технологиясы жергілікті мамандар көңілінен шықпаған­дықтан оны таңдау ұзаққа созылды. Ақыр соңында зауытты салуға инвестор ретінде ирандық «Kaveh Glass Industry» компаниясы таңдалды. Жобаның жалпы құны 283,9 млн. АҚШ доллары. Жүзеге асырылу мерзімі 2014-2016 жылдар аралығы. Нысан іске қосылғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт іске қосылған уақытта Қызылордада еуропалық стандарттағы қуатты үнемдейтін шыны шығарылатын болады. Қарапайым тілмен айтқанда, күнделікті өздеріңіз ұс­тап жүрген «айфон», «айпад» секілді ұялы телефондарының шынылары осын­да жасалады. Дайындалған өнім рес­пуб­ликаның өзге өңірлерінің аумағын қам­тамасыз етіп, Кедендік Одақ пен Орталық Азия елдерінде экспортталады.

Біздің облыста отандық және шетел­дік инвестицияны мол көлемде тартуға болатын, облыс экономикасының болашақ­та басым бағыттарының біріне айналатын сала айқындалып отыр. Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жыл басын­да облыстық актив жиынында сөйлеген сөзін келтіріп өткен артық болмас.

– Ел экономикасында жалпы ішкі өнім­нің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмау міндеттелсе, бұл бағытта біз­дің облыс қарқынды дамуы қажет. Ол бізге дамудың орташа республикалық дең­гейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мақ­сатты міндеттерді жүзеге асыруды би­ыл­дан бастау керек. Әлеуметтік даму­дың міндеттерін шешу үшін базалық жағ­дай – тұрақты экономикалық өсімнің жаң­ғыртылуы. Біз еңбек өнімділігі бойынша дамыған мемлекеттерден бірнеше есе қалып келеміз. Бұл алшақтықты жоспарлы және мақсатты теңгеруге міндеттіміз. Ол үшін дамудың жаңа факторларын айқындап, іске қосу керек. Олардың қатарында не болу қажет?

Ең бастысы – заман талабына сәйкес кәсіби білімнің жоғары сапалығы, икемді ең­бек нарығы, қолайлы инвестициялық кли­мат және дамыған технологияларды іске асыру. Бұл білім, өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы және басқа да барлық са­лаларға қатысты. Елбасы Жалпы Ішкі Өнім көлемін қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға дейін жеткізуді міндеттеді. Біздегі инвестицияларды тартуды арттырудың басты көзі – металлургиялық сала. Инвесторларды тарта отырып бізге өңірдің инвестициялық климатты арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет.

Елбасы Жолдауында айқындалған басым бағыттар аймақтың дамуына жол ашады. Олар өз кезегінде өнеркәсіп, сирек кездесетін жерасты металдарын өндіру мен өңдеу, теміржол қажеттілігіне жұмыс жасайтын салалар мен Байқоңыр қаласының дамуына тікелей қатысты. Ең алдымен металлургиялық кластер (қа­ра және түсті металлургия) құруды жол­ға қоюымыз керек. Бұл жолда «Бала­сауысқандық» және «Құрымсақ» ванадий кен орындарын, Шалқия қорғасын-мырыш, мыс кен орындарын барлап, игеру, уран өндірісін одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Облыс көлемінде «Баласауыс­қан­дық» және «Құрымсақ» кені­шін­де ванадий кен орындары ор­наласқан. Облыс әкімінің тап­сыр­масымен, қазіргі таңда пайдалы қаз­баларды тиімді пайдалану мақ­са­тын­да, металлургиялық кластер құру тұжы­рым­дамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәй­­кес инновациялық-сервистік инф­рақұ­рылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өн­дірістік қорларды ай­қындау жө­нінде жұмыстар жүргізу болжа­на­ды. Қызылорда облысындағы ме­тал­лургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бө­ліп қарастыруға болады. Олар – қара ме­таллургия және түс­ті металлургия. Қара металлургия са­ласында «Фирма Ба­лау­са» ЖШС «Баласауысқандық» ва­на­­дий кен орнын игеруде. Аталған кә­сіп­орын 2011 жылдан бастап об­лыста «Бала­сауысқандық» кен ор­нында қара тақта тасты авток­лавты өңдеу» жобасын жүзеге асы­рып келеді. Жобаның жүзеге асуы 2018 жылға дейін жалғасады. Бұл жо­ба үш кезеңде жүзеге асырылады және үш кезеңнің құны 34,9 млрд. тең­гені немесе 233,3 млн. АҚШ дол­ларын құрайды.

ҚР Индустрия және жаңа тех­но­логиялар министрлігі «Бай­қоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-на Жаңа­қор­ған ауданында орналасқан «Құ­рымсақ» кен орнындағы вана­дий кенінде біріккен барлауға және өндіруге, Шиелі ауданында орналасқан «Байжарқын ала­ңын­­да» алтынға және мысқа барлау жұ­мыстарын жүргізуге, Арал ау­данында ор­наласқан «Приара­ль­ная» кен орнында темір рудаларына барлау жұмыстарын жүргізуге, Шиелі ауданындағы «Сырдаринс­кий» участогында темірге және по­лиме­талдық рудаларға барлау жұ­мыстарын жүр­гізуге жер қой­науын пайдалану құқығын алға­нын хабарлай кеткен артық бол­мас. «Минералдық шикізат кешен­ін дамыту» мемлекеттік бағдарла­ма­сын іске асыру мақсатында рес­публикалық бюджеттен өткен жы­лы210 млн. теңгеден астам қар­жы бөлініп, негізгі пайдалы қаз­ба­лар­ға геологиялық зерттеу жұмыс­тары жүр­гізілсе, үстіміздегі жылы осы бағыттағы жұмыс­тарды жал­ғастыру үшін 495 млн. теңге қа­рас­тырылған.

КҮРІШ ПЕН ҚҰРЫШ«Шалқия» кенішінде кен өнді­­румен
ай­на­лысатын «Шалқия Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, оған екінші өмір
беру солардың бірі. Жаһандық дағдарыстың әсерінен тоқтап қалған өндірісті
қайтадан іске қосу мақсатында бірнеше мәрте әре­кет жасалған болатын, бірақ
олардың бәрі нәтижесіз аяқталды. Тек 2013 жылы Қырымбек Көшербаевтың тікелей
ықпа­лымен «Шалқия» кен орнына жаңа тыныс берілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық
әл-ауқат қорымен аталған кен орнын қайта жандандыру жөніндегі келіссөздер
жүргізі­ле бастады. Нәтижесінде биылғы жыл­дың 19 нау­рызында «Шалқия» кен орны­ның
толығымен «Самұрық-Қазына» ак­цио­нерлік қоғамының меншігіне өтуі ту­ра­лы
келісімшартқа қол қойылды. Ал шілде айында «Шал­қия Цинк» АҚ-ның акциялары
«Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның жар­ғылық капиталына енді. Ендігі жерде, «Тау-Кен
Самұрық» АҚ-ның басты міндеті – «Шалқия» кен орнындағы полиметалл рудаларын
өндіру, оның қуаттылығын 4 миллион тоннаға дейін жеткізу және кен байыту
фабрикасын салу болып табылады. Бұл Сыр елінде металлургиялық кластер
қалыптастыру бағытындағы екінші жоба.

Үшінші жоба бойынша Қы­зыл­орда
қаласында жылдық қуаттылығы 162 мың тонна болатын ферроқорытпа зауытын салу
жоспарлануда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жақында болып өткен облыстық
мәслихаттың сессиясында Қызылордада салынатын ферроқорытпа зауытының
стратегиялық инвесторы белгілен­гені туралы мәлім етті. Ол – қытай­лық ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co.,
Ltd» («ВАОТА») компаниясы. Бұл компанияның үлесі 33 пайызды немесе 80 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл ресурстар қоры қазірдің өзінде Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінде сақтаулы тұр. Стратегиялық инвестор – Қытайдың ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co.,
Ltd» («BАОТА» компаниясы) машина жасау және мұнай өңдеу салаларында белсенді жұмыс жасайды. Компанияның жылдық айналымы шамамен 20 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталмыш компания 4 мұнай өңдеу зауыты мен 2 машина жасау зауытының иесі болып табылады.

Сөз жоқ, бұл облыс халқы үшін өте жа­ғымды жаңалық. Зауыт салынып, іске қосылған жағдайда мұнда 700-ге жуық адам еңбек етеді. Иә, бұл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан ай­мақ экономикасын әртараптандыру, оның ішінде металлургиялық кластерді қалып­тастырудағы алғашқы ірі нәтижелердің бірі деп сеніммен айтуға болады.

Ферроқорытпа дегеніміз – бүгінгі таңда жоғары технологиялық болат өндірісінде берік, сапалы болат алу үшін қолданылатын қоспа түрі. Оның да әр түрі болады. Қызыл­орда қаласында салынатын зауыт соның ішінде төмен алюминийлі ферросилиций өнді­ретін болады. Ферросилиций негі­зі­нен болаттың барлық қолайлы сортта­рын байыту үшін, сонымен бірге транс­фор­ма­торлық және конструкциялық болат­тар­дың бірқатар белгілерін күшейту үшін қол­данылып келеді.

Осындай жобалардың бәрі жүзеге асып жатса, Қызылорда облысында металлургия саласы мықтап дамиды. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз. Осылайша күрішті аймақ өз кезегінде құрышты өңірге айналатын болады.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз