КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

104

0

КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІҚай кезде де агроөнеркәсіп саласы ел дамуында өзінің айшықты орнын еншілейді. Сондықтан Қазақстан әрдайым бұл бағытта іргелі істерді жүзеге асыруға мән беріп келеді. Елбасымыз үстіміздегі жылғы Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласын дамытуға байланысты құзырлы орындарға нақты міндеттер жүктеді. Бұл агроөнеркәсіпке тың серпіліс беріп, жаңаша дамуға жол ашатыны айқын.

Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында ауыл шаруашылығын өркендетуге нақты жоспарлар жасалған. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін барынша кеңейтуде қол жеткізетін жетістігіміз аз болмайды. Сол арқылы өнімділік деңгейін жоғарылата отырып, тұрғындардың тұтыну қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік бар. Біздің өңірде күріш шаруашылығының алатын орны ерекше. Алайда, бұл салада қаншама жылдан бері жиналған күрмеулі мәселелер аз емес еді. 
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаншама жылдан бері түйінді тақырыпқа айналып келген мәселе түйінін тарқатуға көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде диқандармен жүздесті. Онда айтылған ойлар қаперге алынды. Ғалымдар мен мамандар пікірі сарапталды. Осының нәтижесінде күріш шаруашылығы саласында батыл бетбұрыс жасалды. Қарапайым халықтың мүддесі мен мақсаты ескеріліп, ендігі кезекте нақты жұмыстарды жүзеге асыруға назар аударылды. Бұрын бұл салаға берілетін субсидия ауыз тұшыта қоймайтын. Оның нормасы 18 мың теңгеден аспайтын еді. Өзге дақылдарға қарағанда күрішке кететін шығын орасан. Мардымсыз ақша жыртықты жамауға жете бермейді. Биыл мемлекет тарапынан шаруаларды қолдауға бағытталған игілікті істер жасалды. Субсидия нормасы әр гектарға 25 мың теңгеден шамаланды. Сондай-ақ, минералдық тыңайтқыш, гербицид, су жеткізіп беру қызметіне де осындай көмек көрсетіліп отыр. Нақтырақ айтсақ, жергілікті еңбекшілер бір гектар күріш алқабына орташа есеппен 166,7 мың теңге шамасында шығын шығарады. Сол шығынның ширек бөлігі, яғни, 42,7 мың теңгесі субсидия есебінен өтеледі. Бүгінгі нарық заманында бұл қолдаудың өзі аз жәрдем емес. 
Соның бірі – күріш кластерін дамыту консорциумы. Аталмыш идея тектен-текке айтылған жоқ. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің өрісін кеңейту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің аймақтың күріш өнімі еліміз бойынша халықты толықтай қамтамасыз етеді. Тіпті, артылған өнімді алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығарудың әлеуеті зор. Сондықтан консорциум құру арқылы көптеген түйткілді бірлесе шешуге мүмкіндік туады. Өйткені күріш Сыр өңірінің брендтік тауары деп бағаланады. Мамандар күріш кластерін дамыту консорциумы дер кезінде қолға алынып отырғанын айтады.
Бізде бұрын күріштен тек өнім жинап алынатын. Қалған дүниелер ешбір кәдеге жарамай келді. Енді ондай олқылыққа жол берілмейді. Күріш кластерін дамыту бағытында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы көптеген игілікті істерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жалағаш ауданындағы «Жалағаш элеваторы» ЖШС-на қарасты өндірістік нысан қазір корпорация меншігіне алынды. Бүгінгі күнге дейін элеватор қолдан-қолға өтіп келді. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы толық қуатында жұмыс істеген жоқ. Соңғы жылдары алып кешенде небәрі 7 мың тоннаға жетер-жетпес күріш ақталған. Шаруа қожалықтары арасындағы жұмыс жүйеленді. Болашақта элеваторда күрішті ақтап қана қоймайды, одан крахмал өндіру ісі де қолға алынбақ. Сонымен бірге, бұл өндірісте бидай тартып, нан өнімдерін шығару да ойластырылып отыр.
Биыл бірқатар шаруашылықтарға егін еге алмау қаупі туындады. Оның себебі де жоқ емес. Бұрынғы жылдарда оларды инвесторлар иелігіне алған еді. Өкінішке орай, сол қалталы компаниялар шаруаларды орта жолда тастап кетті. Соның салдарынан қолында қаржысы, техникасы, өзге де дүниелері жоқ егіншілер қиындыққа душар болды. Ұзақ жылдан бері басты дақылдың бабын жасап келген жергілікті жұрт ертеңгі күнге еріксіз алаңдап қалды. Сол сәтте облыс әкімі оларға үлкен қолдау көрсетіп, қажетті қаржы мен техниканы, басқа да қажетті дүниелерді тауып беруге қамқорлық жасады. Осының арқасында елдегілер жылдағы кәсібінен жаңылмай, қара жерден несібесін теруге мүмкіндік алды. 
Қызылордалық мамандар тәжірибе алмасу мақсатында көптеген елдерде болып қайтты. Атап айтқанда, олар Еуропа мемлекеттерінде бұл сала бойынша үйренетін тұстар көп екенін көзбен көріп, көңілге түйіп қайтқан еді.
Шетелдерде крахмал өндірісі жоғары дамыған. Өткен ғасырдың 60-жылдарында қантты пайдаланудың орнына қантты крахмал өнімдерін қолдануға мән беріле бастады. Қызылша дақылы өсірілмейтін Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде және ол өніммен өзін қамтамасыз ете алмайтын еуропалық елдерде крахмал өндірісіне көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде крахмал сірнесі, глюкоза, фруктоз шырыны сияқты өндірісті өрістете түсті. Олар картоп, жүгері, бидай, сұлы, қарабидай және күріштен өндірілген. ТМД елдерінде крахмал өндіретін және оны сірнеге қайта өңдейтін 16 кәсіпорын бар екен. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, ұсақталған күріштен алынған ұнды және күріш салысын өңдеуде 14 пайызға дейін өндірілетін ұнтақты пайдалануға болады. Ресейде шығарылған РУМ-3 қондырғысы тәулігіне 50 литрден астам таза спирт шығара алады. Сондай-ақ кейбір елдерде күріш майын өндіру дұрыс жолға қойылған. Аталған өнім майлықышқыл құрамы бойынша тәуір тамақ майларының, яғни арахис, зәйтүн сияқты түрлеріне жатқызылады. Қазіргі кезде бізде күріш сабанын өртейтінін көзіміз көріп жүр. Оның қоршаған ортаны ластайтыны тағы бар. Дегенмен, бірқатар елдерде одан қағаздың жоғары сорты дайындалады. Құрылыс картоны мен мықты және арзан жіптер әзірленеді. Сондай-ақ, үйге киетін жеңіл аяқ киімдер, сөмкелер мен кілемшелер тұтынушылар арасында зор сұранысқа ие болып отыр. Демек, күріш кластері жөнінде кең ауқымда айтуға негіз бар. Бізде бүгінгі күнге дейін түрлі себептермен ондай жұмыстар қолға алынбады. Соның салдарынан көптеген дүниелер кәдеге жарай қойған жоқ. Күріш кластерін дамыту консорциумын құру сондай игілікті істерге жол ашады деген сенім бар.
Қазіргі күні қолдағы күріш өнімін өткізе алмай отырмыз. Өйткені, оның бағасы бізге қолайлы болмай тұр. Делдалдар арзан сұрайды. Келісін бар-жоғы 30 теңгеден асырғысы келмейді. Кезінде шаруалардан күріш қабылдайтын арнайы мекеме болған жоқ. Бұл жағдай жылма-жыл осылай жалғаса берді. Сол түйткілдің шешімі табылды. Облыс басшысының тапсырмасымен өнімді 40 теңгеден қабылдауға шешім қабылданды. Былтыр дәл осы жағдайдың арқасында өзгенің үстінен күн көріп келген кейбір кәсіпкерлердің жолы кесілді. 
Қай кезде де қарапайым еңбек адамын құрметтеу лазым. Дала қосын дүбірге бөлеген диқандар таңның атысы, күннің батысы демей, мол өнімге негіз қалау мақсатында тынбай тер төгеді. Осының нәтижесінде күміс дәннің жүзін күн сүйіп, қамбаға орасан астық құйылады. 
Біздің өңірдің негізгі кәсібі – күріш шаруашылығы. Жергілікті диқандар суармалы егіншілікпен айналысады. Күріш үш-төрт ай бойы суда тұрады. Кезінде 200 мыңнан астам жер инженерлік жүйеге келтірілген. Ендеше, осындай байлықты ұқсата білгеніміз артық емес. Бұл біздің аймақтың абыройын арттыра түседі. Бұрынғы берекелі кәсіпке қайта оралуға оң ықпалын тигізеді.
Елбасы Жолдауы ауыл шаруашылығы саласында көптеген оң істерді қолға алуға барлық мүмкіндік туғызады. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп өнімдерінің де әлеуетін арттырып, экспорт көлемін өсіруге маңыз берілуде. Осы орайда Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өндірісінде де игі шаралар жүзеге асарына кәміл сенеміз. 
Әділжан ҮМБЕТ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз