МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ КYТЕДI

47

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшер­баевтың қатысуымен аймақтағы жер қойнауын
пайдаланушылар мәсе­лелеріне арналған кеңейтілген мә­жіліс болып өтті. Онда
облыстағы мұнай кеніштеріндегі мұнай өндіру көлемі деңгейін ұстап тұру, сонымен
бірге қазақстандық және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері талқыланды.

Мәжілісті ашқан облыс басшысы
ағымдағы жылдың 8 айында өндірілген
мұнай көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 510 мың тоннаға кеміп кеткенін жеткізді.
Әлемдік мұнай бағасының төмендеуі мұнай-газ кешенінің жағдайын ауырлатып
жіберді. Соңғы жарты жылда бұрғылау
жұмыстарының көлемі 80-90, ұңғымаларды жөндеу 50 пайызға төмендесе, барлау
жұмыстары тоқтап қалды деуге болады. Сондықтан да Қазақстан экономикасының
локомотиві және доноры болып келген сала бүгінде мемлекет қолдауына зәру болып
отырған жайы бар.

Мәжілісте мұнай компанияларына
мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы ҚР Энергетика вице-министрі
Мағзұм Мырзағалиев айтып берді. «Казэнерджи» ассоциациясымен бірге барлық мұнай
өндіруші компаниялар жағдайы сараланып, төмен рентабельді 39 компания
белгіленді. Оған қызылордалық 4 компания кіріп
отыр. Оларға кедендік баж салығы төмендетіледі. Сондай-ақ, вице-министр
экологиялық заң­наманың көп мәселе тудырып келген баптарына өзгерістер
енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, техникалық кідіріс болып қалған
жағдайларға және ілеспе газға қатысты талаптар жеңілдетілетін болады. Ал,
«ПҚҚР» АҚ Басқарма төрағасы Цинь Хунвэй «ПетроҚазақстан» компаниясы қазіргі
қиын жағдайларға қарамастан жұмысшыларды қысқартуға бармайтынын мәлімдеп,
Солтүстік Құмкөл аумағында барлау жұмыстарын жүргізуге қатысты туындап отырған
кейбір мәселелерді министрлік өкілдігіне жеткізді. Сонымен қатар ілеспе газға салынатын салықты қайта қарау
туралы ойын ортаға салды.

Мұнайсервистік компанияларға қатысты проблемалық мәселелерді
мәжілісте «Қазақ­станның мұнайсервистік компаниялары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры
Дәуіржан Ауғамбай мен «Жергілікті қамтуды дамыту» ассоциациясының төрағасы Иса
Әлтаев айтып өтті. Республика бойынша
мұнайсервистік компаниялардың атқарған жұмыстары үшін ала алмай отырған қаржысы
100 млрд теңгеге жуықтайды. Қаржы жетіспеген жағдайда тех­нологиялық жарақтану,
даму туралы әңгіме айту қиын. Бұған
қоса, тарифтердің төмендігі, конкурстарда ашықтықтың жетіспеушілігі көп іске
қолбайлау болуды. Осы ретте аймақ
басшысы конкурстардың теңдік және ашық жағдайда өтуі қатаң бақылауда болатынын
жеткізді. Сонымен бірге бұл компаниялардың «Қарашығанақ», «Теңгіз», «Қашаған»
кеніштеріне шығуына қол­дау көрсету қажеттігін атап өтті. Бизнесті әр­тарап­тандыру жағын да ескеру
қажеттігін еске салды.

Қазан айының 6-күні осы саладағы мәсе­лелерге арналған үлкен
форум өтпекші. Оған облыстан делегация қатысады. Форумда мұнайсервистік
компанияларға қатысты заңнамалар туралы ұсы­ныс­тар жасалады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз