МЕНІҢ АСТАНАМ – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ

60

0

Бірлік
пен татулық мекені

 

Қазіргі таңда ел тұрғындары Астана күні мейрамын асыға күтетін болды.
Еуразияның қақ төріне орын тепкен шырайлы шаһар жылдан жылға әлемдегі айбыны
асқақ, сәулеттік өнері ерекше, келбеті көркем қалалар қатарына қосылып келеді.
Бас қалаға жыл аралатып бара қалсаңыз, бірден көзге түсетін әсем ғимараттар
көзіңізге шалынады.

Бүгінгі күні жер жүзінде сәулеттік өнер салтанат құрып, барлық
мемлекеттер сол бағытта тың ізденістер жасап отыр. Қазақстанның астанасына
айналғанына енді 16 жылдың жүзі болса да, ару Астанамыз қазірдің өзінде
солардың қатарына қосылып қалды. Дүниежүзінің маңдайалды сәулетшілері Астананы
дамытуға атсалысып, олар өздерінің қолтаңбасын қалдырып отыр. Елбасымыздың
тікелей қамқорлығымен бой түзеп келе жатқан шаһарымыз алдағы уақытта да
шырайлана түседі деген сенімдеміз.

Астана бірлік пен татулықтың, ізгілік пен жақсылықтың, жастық пен
келешектің қаласына айналып келеді деуге толық негіз бар. Жарасымды тіршілік
жұрттың жүзін жадыратып, жүректерде жылылық сезімін оятты.

Ғалия Ғизаттулина,

татар ұлттық мәдени орталығының төрайымы.

Шығыс
пен Батыс сәулеті тоғысқан

 

Жол түсіп, еңселі елордамызға аяқ басқан сәтте қаншама сәулеттік
өнердің бір арнада тоғысып, бір-бірімен үйлесім тауып жатқанын аңғару қиынға
соға қоймас. Бұл қаланың астаналық мәртебе алғанына ширек ғасыр өте қоймағанын
ескерсек, аз ғана уақыт аралығында осындай орайлы істердің атқарылып жатқанына
ризашылық білдіруге әбден болады.

Ұзақ жылдар бойы бас қаламыз атанған Алматыдан Арқа төсіне астанамыз
көшкен сәтте көпшіліктің көңілінде түрлі сезімдер мен қобалжу болғаны рас.
Тәуелсіздік туын енді ғана қолға ұстаған уақытта бұл қалай болар екен деген
оймен осындай дүдәмал пікірлер жиі естіліп қалатын. Бұл пікірдің қателігіне көп
ұзамай-ақ көз жеткізіп, оның жарқын болашағы мен кемел келешегіне зор үміт
арттық.

Үмітіміз ақталды, тарихтың қас-қағым сәтіне бағаланатын кезеңде біз
еліміздің қақ ортасынан әсем де сұлу, сәулетті де дәулетті қаланы салуға
мүмкіндік алдық. Елбасымыз осы бағытта үлкен қолдау жасады, жұмыр жердегі мықты
сәулетшілер Астананы дамытуға атсалысып, қаншама әсем ғимараттар көпшіліктің
көзайымына айналды.

Астана күні қарсаңында біздер көтеріңкі көңіл-күймен мерейлі мерекеге
әзірленіп, жылдан жылға соған бой үйретіп келеміз.

 

Ашур Хамидов,

өзбекұлттық мәдени орталығының төрағасы.

 

Жайна,
жаса жарқын қала

 

Барша қазақстандық азаматтарды Астана күні мейрамымен құттықтаймын.
Бүгінгі таңда ол ерекше маңызы бар мерекеге айналып келеді.

Астана қысқа уақытта бой түзеген әсем шаһардың бірі. Оны бәріміз де
мақтаныш тұтамыз. Жылдан жылға қанатын кеңге жайып, зәулім ғимараттары көк
тіреген көрікті қаланың атаулы мейрамы әрбір қазақстандықтың асыға күтетін
мейрамы болды.

Астана қаласы әлемдегі бейбітшілік мекеніне айналуда. Жылма-жыл бұл
қалада халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ол дүниежүзінде тұрақтылықты
сақтауға өз септігін тигізіп келеді.

 

Владимир Клименко,

Қызылорда қаласының тұрғыны.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз