МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ БАҒЫТ

66

0

өңір экономикасын әртараптандырудың жолы 
Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі ел дамуының басты бағыттарын белгілеп, халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімін 4,5 есе ұлғайтуды міндеттегені белгілі. Яғни қазіргі уақытта ІЖӨ 13 мың долларды құраса, оны 60 мың долларға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл мақсатқа, әрине, елімізде  Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуымен, сондай-ақ ел экономикасын әртараптандырудың арқасында қол жеткіземіз. Осы бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында да жүріп жатыр.
Биылғы  Жолдауында Елбасы «Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшуді, ғылымды қажет ететін салалар үшін маңызды болып табылатын сирек кездесетін металдарды барлауын арттыруды” міндет етіп қойды. Осы ретте Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына идеологиялық түсіндіруге арналған актив жиынында Қызылорда облысының әкімі аймақтағы инвестицияларды тартудың басты көзі металлургиялық сала екенін атап өтті. Ол үшін ең алдымен металлургиялық кластер құруды жолға қою керек екенін көрсетті. 
Сыр өңірі әлеуетті минералды шикізатты қазбаларға бай аймақ саналады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, облыста қосалқы пайдалы қазбалар көп таралған. Республикадағы ванадийдің 65 пайызы, цинктің 15,1 пайызы, уранның 13,7 пайызы, қорғасынның 9,6 пайызы, алтынның 0,5 пайызы, күмістің 0,8 пайызы, мұнайдың 2,5 пайызы, газдың 1,8 пайызы біздің облыс аумағында орналасқан. 
Облыс көлемінде «Баласауысқандық” және «Құрымсақ” кенішінде ванадий кен орындары орналасқан. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен, қазіргі таңда пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық кластер құру тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өндірістік қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Олар – қара металлургия және түсті металлургия.  Қара металлургия саласында қазіргі таңда «Фирма Балауса” ЖШС «Баласауысқандық” ванадий кен орнын игеруде. Аталған кәсіпорын 2011 жылдан бастап облыста «Баласауысқандық” кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу” жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның жүзеге асуы 2018 жылға дейін жалғаспақ. Бұл жоба үш кезеңде жүзеге асырылады және үш кезеңнің құны 34,9 млрд. теңгені немесе 233,3 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоба бойынша І кезеңде (2011-2012 жылдар) 0,9 млрд. теңгенің инвестициясы игерілсе, ІІ кезеңге (2013-2015 жылдары) 6,9 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
Қазіргі таңда инвестор тарапынан жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Сонымен бірге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 240 жаңа жұмыс орны ашылды. Тәжірибелік-өнеркәсіп кәсіпорында жаңа технология бойынша руданы байыту схемасы қолданылуда. Бүгінге дейін жаңа технология бойынша 13 патент алынды. Кәсіпорын қарқынды даму үстінде және алдағы уақытта жанынан қосымша қосылған құны жоғары 10 өндіріс орындарын ашу мүмкіндігі бар. Оларды атап өтелік. Оның алғашқысы сұйық-калийлі тыңайтқыштар шығару, жер қыртысын тұзсыздандыруға арналған үлкен тоннажды сорбенттер шығару зауыты болса, одан кейінгі кезекте ферроқорытпа шығару зауыты, құрылыс материалдарын шығару зауыттары келеді. Сол секілді, кремний карбидін шығару зауыты, аморфты кремний  шығару және тазарту зауыты, серобетон шығару зауыты, ауызсуды ыдысқа құюға арналған зауыт, газтурбиналық электр стансасы газдандыру стансасы және VRB аккумуляторларын шығару зауыты пайда болуы мүмкін. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар металлургиялық кластерді дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын болады. Шетелдік инвестор ферроқорытпа зауытын салуға ықылас білдіріп, бұл жөнінде біріккен кәсіпорын құрылмақ. 
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Байқоңыр” ӘКК” ҰК” АҚ-на Жаңақорған ауданында орналасқан «Құрымсақ” кен орнындағы ванадий кенінде біріккен барлауға және өндіруге, Шиелі ауданында орналасқан «Байжарқын алаңында” алтынға және мысқа барлау жұмыстарын жүргізуге, Арал ауданында орналасқан «Приаральная” кен орнында темір рудаларына барлау жұмыстарын жүргізуге, Шиелі ауданындағы «Сырдаринский” участогында темірге және полиметалдық рудаларға барлау жұмыстарын жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын табыстағанын айта кету керек. Металлургия кластері аясында «Шалқия Цинк” ЖШС «Шалқия кен орнында «Жылдық қуаттылығы 4 млн. тоннаға дейін Шалқия қорғасын-мырыш кенішін кеңейту және кен байыту фабрикасының құрылысы” жобасын іске асыру жоспарлануда.  «Минералдық шикізат кешенді дамыту” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен өткен жылы 210 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, негізгі пайдалы қазбаларға геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілсе, үстіміздегі жылы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін 495 млн. теңге қарастырылған. Міне, осындай жобалардың жүзеге асуымен Қызылорда облысында металлургия саласын дамыта алатынымыз анық. Ол өз кезегінде аймақтың экономикалық әлеуетін арттыратын болады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз