ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ БУЫНДАРЫ ҚАНДАЙ?

67

0

Осыдан біршама уақыт бұрын әлемнің қаржы рыногында сарапшылардың болжағанындай тағы бір дүрбелең басталды. Кешегі ақпанда Қазақстанның ұлттық валютасы АҚШ долларына шаққанда 20 пайызға, ал Ресей рублі осы шамалас құнсызданды. Оған Украина оқиғаларынан кейінгі қор рыногындағы құлдыраудың салдарынан болған Ресей экономикасындағы күрделі ахуалды қосыңыз.
Күрделі жағдайда Қазақстан Президенті шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Меншік түріне қарамастан барлық шаруашылық субъектілері, сонымен бірге бюджет мекемелері сәуір айынан өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруі тиіс. Сонымен бірге Елбасы экспортқа негізделген Қазақстанның ірі кәсіпорындарының теңгенің құнсыздануынан қосымша пайда табатынын атап көрсеткен болатын.
Осы мәселенің жай-жапсарына қанығу үшін еліміздің экспортқа негізделген өнімдеріне қатысты деректерге көз жүгірттім. Статистика агенттігінен алған мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан өткен жылы 82,5 млрд. АҚШ доллары өнімдерін экспортқа шығарды. Егер айырбас бағамы 155 теңгеден 185 теңгеге көтерілгенін ескерсек, экспорт көлемінің өсімі бағам айырмашылығындағы есеп бойынша алдағы уақытта 2,5 трлн. теңгені құрайтын болады. Бұл айтарлықтай өсім. 
Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде экспорт үлесі, әлбетте мұнай мен газға және басқа да шикізат өнімдерін өндірумен байланысты. Жалпы экспорт үлесінде Қазақстандағы жылу-энергетикалық тауарлардың үлесі өткен жыл қорытындысы бойынша 75 пайызды құрайды. Кешегі бағам өзгерісінен кейін бұл сала 1 трлн. теңге қосымша пайда алды. Бұған жалпы минералдық шикізаттарды өндіруден 1,9 трлн. теңге қосымша алынғанын қосыңыз.
Осының барлығы Қазақстан, оның ішінде Сыр өңірі үшін шикізат ресурстарын өндіру мен өңдеудің қаншалықты маңызды екенін айғақтайды. Бұл сайып келгенде біздің болашағымыздың даму көкжиегін, іс-қимыл жоспарымыздың бағыт-бағдарын айқындайды. Ал оның негізі аймақ басшысының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында көрініс беріп отыруы негізсіз емес.
Өткен жылы Елбасы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде, біздің жайбасарлығымызды емеурінмен білдірді. Өңір бюджетінің 15-18 пайызы ғана өзіміздің несібеміз екенін ескерсек, біз үшін бұл емеуріннің астарынан атқарылатын шаруаның шаш етектен екені аңғарылады.
Аймақ басшысы соңғы уақытта осынау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне барынша назар аудара бастады. Сараптау көрсеткеніндей, жалпы өнеркәсіп өніміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2010-2012 жылдары облыста тиісінше 4,5, 4,0, 4,3 пайызды құрады. Демек, облыста өңдеу өнеркәсібін жаңа бағытта дамыту бойынша үлкен шаруалар өз кезегін күтіп тұр.
Облыс әкімінің алғашқы қадамы сәтті басталды. Өткен жылдың статистика деректері көңілге сенім ұялатады. 2013 жылы 2012 жылмен салыстырғанда облыста өңдеу өнеркәсібінің өсімі 19,3 пайызды құрады. Статистикада бірінші рет өңдеу өнеркәсібіндегі жан басына шаққандағы өнім көлемі көрініс тапты. Сөйтіп, облыста өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 15,2 мың АҚШ долларын құрады. 2012 жылмен салыстырғанда 90,6 пайыз өсімге қол жеткізілді. Бұл республикадағы бірінші көрсеткіш. Талдау көрсеткеніндей, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім газ, күкірт қышқылы өндірісіндегі серпінді жобалардың жемісі болып табылады, демек, облыс басшысы экономиканың дамуына үдемелі қарқын қоса алатын буындарды дәл айқындады. Ал сырқаттың диагнозы дәл анықталса бұл сырқаттан айығудың басты жолы емес пе?
Қазірдің өзінде өңдеу өнеркәсібіндегі оңды қадамдардың жалпы алғанда мұнай мен газды ұқсату арқылы жасалатынын, ал бұл салада бізде кезегін күткен түйіндер көп екені айқын сезіле бастады.
Өңірлердің дамуы Қазақстанның болашақта өркендеуінің негізгі түпқазығы, бұл Елбасының алға қойып отырған келелі міндеттерінің бірі. Ал, кешегі аграрлық сипатта өркендеп, өндірісі кенжелеп қалған Сыр өңірі таяу болашақта Қазақстанның қуатты, экономикасы қарыштап дамыған өлкесіне айналуы үшін жоғарыда айтқан салаларға үміт арта алады?
Әзірге облыс Қазақстан бойынша дамудың барлық көрсеткіштері жөнінен орташа деңгейден төмен дамып келеді. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы ішкі аймақтық өнім Қазақстанның орташа көрсеткішінен біршама төмен. Облыс әкімі бір жыл көлемінде біршама түйінді мәселелерді талдау сүзгісінен өткізгенде тау-кен өндірісінің әлеуетіне негіз артатынын сездірді. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті жеткілікті, облыс төңірегі қазба байлықтарға бай, осының өзі өңірде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше негіз қалайды. Бірақ… Өңірде барлығы ойдағыдай болып жатса кәнекей?
Облыс басшысы өңірдегі тау-кен өндірісінде қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, жақында республика Мұнай-газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің алдына бірқатар мәселелерді алға тартты.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2013 жылы Қызылорда облысында 10,6 миллион тонна шикі мұнай өндіріліп, 2012 жылғы өндіру көлемінің 97 пайызын құрады. Жыл ішінде «Торғай Петролеум» АҚ бойынша ғана өндіру көлемінің төмендеуі 450 мың тоннаны құрады. Осыған қарамастан, облыс мұнайшылары өндіру көлемінің 250 мың тоннаға дейін төмендеу орнын толтыра алды. 
Облыс әкімінің сараптауы бойынша аймақтың негізгі кен орындарында өндіру көлемінің күрт төмендеуіне қарамастан, өнім өндірісінің көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады. Осы көрсеткішке өңдеу өнеркәсібінің жоғары өсу қарқыны арқасында қол жеткізілгенін атап өту маңызды. Өңдеу өнеркәсібінің Республика бойынша орташа өсу қарқыны 1,6 пайыз болса, Қызылорда облысында ол 19,3 пайызды құрады.
Аймақ басшысы мұнай өндірудің алдағы 5 жылға арналған болжам межелеріне талдау жасап, оның жыл сайын 5-6 пайызға төмендейтініне алаңдаушылық білдіріп отыр. «Мұнай өндіру коэффициентінің орташа көрсеткіші 20-60 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткіштер бізді қанағаттандырмайды. Сондықтан кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін  инновациялық әдістерді енгізу арқылы арттыру өзекті мәселе болып табылады”, – деді ол Мұнай-газ министрімен кездесуде.  Шындығында алаңдайтын мәселе, қалай айтқанда да шұғыл шаралар кешенін қабылдамаса болмайды.
Облыс басшысының атап өткеніндей, қазір бірінші және екінші мұнай  қайтарымын арттыру тәсілдерінің орнын үшінші тәсіл басуда. Мұндай тәсілдерге,  әдетте, ең алдымен жылу, газ, химия және микробиологиялық технологиялар секілді жаңа технологиялар жатқызылады.
Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, мұнай өндіру коэффициентін 0,1 пайыз  арттыру аймақтағы мұнай қорларын 30 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аймағымыздың 3 жылдық мұнай өндіру көлеміне тең.
Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес, геологиялық барлау Қазақстан дамуының басымдықтарының біріне айналды. Ал Сыр өңірі үшін бұл өте маңызды, себебі алдағы жылдары өңдеу секторының жоғары қарқынмен дамуының өзі мұнай-газ саласындағы өндіріс көлемі төмендеуінің орнын баса алмайды. 
Еліміздің минералдық-шикізат базасын жаңғырту үшін барлау аймағын кеңейту қажеттігі туындайды. Яғни, барлығы озық жаңа геологиялық және геофизикалық әдістерді қолдануға, геологиялық барлау көлемдерін ұлғайтуға тіреліп тұр.
Алайда, әкімнің атап көрсеткеніндей, жер қойнауын алдын ала геологиялық зерттеудің төмен деңгейі, геологиялық инфрақұрылымның әлсіздігі,  сертификатталған зертханалардың жоқтығы, қолданбалы ғылым деңгейінің төмендеуі және кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі мұнай және газ саласын әрі қарай дамытудың басты  кедергілері болып табылады.
Осы орайда облыс әкімі өңірге келген республиканың Мұнай-газ министрі Ұ.Қарабалинге Оңтүстік Торғай,  Шу-Сарысу және Сырдария шөкпе бассейндерін бірлесіп зерттеуіміз қажеттігін мәлімдеді. Мұнда көмірсутегінің қомақты қорларын анықтау болжанып отыр. Аймақ басшысы бұл мәселелерді тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік бюджет арқылы шеше алмайтынымызды айтып, геологиялық барлауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдарын кең пайдалану керектігін мәлімдеді. Неге? Жер қойнауын зерттеу, ондағы қорлардың қаншалықты пайда әкелетінін болжап білу тәуекелі көп шаруа. Ал ықтимал инвесторлар әдетте мұндай тәуекелге бара бермейді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, республикамыздың оңтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Осы магистральды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталуына орай, Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Екі жыл ішінде облыс тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекен кезең-кезеңмен газдандырылады деп жоспарлануда. 
Осының барлығы сайып келгенде, өңдеу өнеркәсібінің өркен жаюына сүбелі үлес қосады. Егер облыстың келешегі тау-кен өндірісінің дамуымен сабақтас болса, онда аймақта кешенді жобаларды тиянақты түрде қолға алу қажеттігі туындап отыр.
Қазақстан Үкіметі Қызылорда облысына субвенция, трансферттер есебінен көп қаржы жұмсағанына қарамастан, оның қайтарымы мардымсыз. Қайтарымы мардымсыз дейтініміз, бұл, әдетте, масылдық психологияның, жатыпішерліктің санамызға дендеп енуіне себепші болып отырғанын несін жасырамыз? Аудандар бюджетінің 80 пайызға жуығы жоғары бюджеттердің қаржысынан құралып отырғаны әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен айқын көрініс береді. 
Сонымен бірге өңірде экономиканың басты салалары – мұнай, газ, уран, ас тұзы және басқа да шикізат өнімдерін өндіру көлемі төмендемей, керісінше, өсіп отыруы маңызды шарт болып табылады. Бұл облыс әкімінің принципті ұстанымы, экономиканы қосылған құны жоғары өніммен қамтымай аймақ серпінді дами алмайды.
Ұзақ уақыт бойы қордаланған проблемаларды санаулы жылдар ішінде шешіп тастау өмір болмысына да қайшы келеді. Осының барлығы, сайып келгенде, қыруар еңбекті, қажымас қайратты, мамандардың біліктілігін қажет етеді. Ал жалпы аймақ дамуының келешегі бүгінгі заман талабына сай еңбек ететін сауатты менеджерлерге де байланысты болатынын ескергеніміз абзал. Бұл – өмірдің, жаһандық еңбек үдерісіндегі жанкешті бәсекенің алға қойып отырған талабы.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз