ӨҢІРДІҢ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ

115

0

экономиканы
өркендетудің негізі

Бүгінгі әлем экономикасындағы аумалы-төкпелі құбылыстың әдетте сыртқы факторлардың әсерінен болып жатқаны қосымша қиындықтар туғызады. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстанның ұлттық валютасы АҚШ долларына шаққанда 20 пайызға, ал Ресей рублі осы шамалас құнсызданды. Оған Украина оқиғаларынан кейінгі қор рыногындағы құлдыраудың салдарынан болған Ресей экономикасындағы күрделі ахуалды қосыңыз.

Күрделі жағдайда Қазақстан Президенті шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Елбасының атап өтке­ніндей, Қазақстанның экспортқа не­гіз­делген кәсіпорындары теңгенің құн­сыздануынан қосымша пайда табады.

Осы мәселенің жай-жапсарына қа­нығу үшін еліміздің экспортқа не­гіз­делген өнімдеріне қатысты деректерге көз жүгірттім. Статистика агенттігінен алған мәліметтерге сүйенсек, Қазақ­стан өткен жылы 82,5 млрд. АҚШ доллары өнімдерін экспортқа шығарды. Егер айырбас бағамы 155 теңгеден 185 тең­ге­ге көтерілгенін ескерсек, экспорт көлемінің өсімі бағам айыр­ма­шылығындағы есеп бойынша алдағы уақытта 2,5 трлн. теңгені құрайтын болады. Бұл айтарлықтай өсім.

Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңі­рінде экспорт үлесі, әлбетте мұнай мен газға және басқа да шикізат өнімдерін өндірумен байланысты. Жалпы экспорт үлесінде Қазақстандағы жылу-энергетикалық тауарлардың үлесі өткен жыл қорытындысы бойынша 75 пайызды құрайды. Кешегі бағам өз­герісінен кейін бұл сала 1 трлн. теңге қосымша пайда алды. Бұған жалпы минералдық шикізаттарды өндіруден 1,9 трлн. теңге қосымша табыс алын­ғанын қосыңыз.

Осының барлығы Қазақстан, оның ішінде Сыр өңірі үшін шикізат ре­сурстарын өндіру мен өңдеудің қан­­шалықты маңызды екенін ай­ғақ­тайды. Бұл, сайып келгенде, біздің бо­лашағымыздың даму көкжиегін, іс-қимыл жоспарымыздың бағыт-бағ­дарын айқындайды. Ал оның негізі ай­мақ басшысының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында көрініс бе­ріп отыруы негізсіз емес.

Өткен жылы Елбасы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде, біздің жай­басарлығымызды емеурінмен біл­дірді. Өңір бюджетінің 15-18 пайызы ғана өзіміздің несібеміз екенін ескерсек, біз үшін бұл емеуріннің астарынан атқарылатын шаруаның шаш етектен екені аңғарылады.

Аймақ басшысы соңғы уақытта осынау бүгінгі күннің өзекті мәсе­ле­­сіне барынша назар аудара баста­ды. Сараптау көрсеткеніндей, жал­пы өнеркәсіп өніміндегі өңдеу өнер­­кә­сібінің үлесі 2010-2012 жылдары облыста тиісінше 4,5, 4,0, 4,3 пайызды құрады. Демек, облыста өңдеу өнеркәсібін жаңа ба­ғытта дамыту бойынша үлкен шаруалар өз кезегін күтіп тұр.

Облыс әкімінің алғашқы қадамы сәтті басталды. Өткен
жылдың ста­тис­­тика деректері көңілге сенім ұя­ла­тады. 2013 жылы 2012 жылмен
салыстырғанда облыста өңдеу өнер­кәсібінің өсімі 19,3 пайызды құ­ра­ды.
Статистикада бірінші рет өң­деу өнер­кәсібіндегі жан басына шақ­қандағы өнім
көлемі көрініс тапты. Сөйтіп, облыста өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі
жан басына шаққанда 15,2 мың АҚШ долларын құрады. 2012 жыл­мен салыстырғанда
90,6 пай­ыз өсімге қол жеткізілді. Бұл рес­пуб­ликадағы бірінші көрсеткіш.
Талдау көрсеткеніндей, өңдеу өнер­кәсібіндегі өсім газ, күкірт қышқылы
өндірісіндегі серпінді жобалардың жемісі болып табылады, демек, облыс басшысы
экономиканың дамуына үдемелі қар­қын қоса алатын буындарды дәл ай­қындады. Ал
сырқаттың диагнозы дәл анықталса, бұл сырқаттан айығудың басты жолы емес пе?

Қазірдің өзінде өңдеу
өнеркәсібін­дегі оңды қадамдардың жалпы алғанда мұнай мен газды ұқсату арқылы
жасалатынын, ал бұл салада бізде кезегін күткен түйіндер көп екені айқын сезіле
бастады.

Өңірлердің дамуы Қазақстанның
болашақта өркендеуінің негізгі түпқа­зығы, бұл Елбасының алға қойып отыр­ған
келелі міндеттерінің бірі. Ал, кешегі аграрлық сипатта өркендеп, өндірісі
кенжелеп қалған Сыр өңірі таяу болашақта Қазақстанның қуатты, экономикасы
қарыштап дамыған өлке­сіне айналуы үшін жоғарыда айтқан салаларға үміт арта
алады.

Әзірге облыс Қазақстан бойынша
дамудың барлық көрсеткіштері жө­нінен орташа деңгейден төмен дамып келеді. Атап
айтқанда, жан басына шаққандағы ішкі аймақтық өнім Қазақстанның орташа
көрсеткішінен біршама төмен. Облыс әкімі бір жыл көлемінде біршама түйінді
мәселелерді талдау сүзгісінен өткізгенде тау-кен өндірісінің әлеуетіне негіз
артатынын сездірді. Бұл тұрғыда өңірдің әлеу­е­ті жеткілікті, облыс төңірегі
қазба бай­лықтарға бай, осының өзі өңірде өң­деуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше
негіз қалайды. Бірақ… Өңірде барлығы ойдағыдай болып жатса кәнекей?

Облыс басшысы өңірдегі тау-кен
өндірісінде қалыптасқан жағдайға ал­аң­даушылық білдіре отырып, жа­­қын­да
республика Мұнай-газ ми­нистрі Ұзақбай Қарабалиннің алдына бірқатар мәселелерді
алға тартты.

ҚР Статистика агенттігінің
мәлімет­тері бойынша 2013 жылы Қызылорда облысында 10,6 миллион тонна шикі
мұнай өндіріліп, 2012 жылғы өндіру көлемінің 97 пайызын құрады. Жыл ішінде
«Торғай Петролеум» АҚ бойынша ғана өндіру көлемінің төмендеуі 450 мың тоннаны
құрады. Осыған қарамастан, облыс мұнайшылары өн­діру көлемінің 250 мың тоннаға
дейін төмендеу орнын толтыра алды.

Облыс әкімінің сараптауы
бойынша аймақтың негізгі кен орындарында өндіру көлемінің күрт төмендеуіне
қарамастан, өнім өндірісінің көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 100,1 пай­ызды
құрады. Осы көрсеткішке өң­деу өнеркәсібінің жоғары өсу қарқыны арқасында қол
жеткізілгенін атап өту маңызды. Өңдеу өнеркәсібінің Республика бойынша орташа
өсу қарқыны 1,6 пайыз болса, Қызылорда облысында ол 19,3 пайызды құрады.

Аймақ басшысы мұнай өндірудің
алдағы 5 жылға арналған болжам ме­желеріне талдау жасап, оның жыл сайын 5-6
пайызға төмендейтініне алаңдаушылық білдіріп отыр. «Мұнай өндіру
коэффициентінің орташа көр­сеткіші 20-60 пайызды құрайтын болады. Бұл
көрсеткіштер бізді қана­ғаттандырмайды. Сондықтан кен орын­­да­рындағы мұнай
өндіру көлемін ин­новациялық әдістерді
енгізу арқылы арттыру өзекті мәселе болып табылады”, – деді ол Мұнай-газ
министрімен кездесуде. Шындығында
алаңдайтын мәселе, қалай айтқанда да, шұғыл шаралар кешенін қабылдамаса
болмайды.

Облыс басшысының атап өткенін­дей,
қазір бірінші және екінші мұнай
қайтарымын арттыру тәсілдерінің орнын үшінші тәсіл басуда. Мұндай
тәсілдерге, әдетте, ең алдымен жылу,
газ, химия және микробиологиялық технологиялар секілді жаңа технологиялар
жатқызылады.

Мысалы, сарапшылардың баға­ла­уын­ша,
мұнай өндіру коэффициентін 0,1 пайыз
арттыру аймақтағы мұнай қорларын 30 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік
береді. Бұл аймағымыздың 3 жылдық мұнай өндіру көлеміне тең. Әрине, осының
барлығы айтуға оңай шаруалар қатарына жатады. Аймақ мұнайшыларының әртүрлі
инвестициялық форумдар арқылы Ресей ғылыми-зерттеу институтының өкілдерімен
кездесуі алдағы уақытта түйінді мәселелерді оңтайлы шешеді деп ойлаймыз.

Қазіргі таңда Елбасының
тапсырмасына сәйкес, геологиялық бар­лау Қазақстан дамуының басым­дық­тарының
біріне айналды. Ал Сыр өңі­рі үшін бұл өте маңызды, себебі ал­дағы жылдары
өңдеу секторының жо­ғары қарқынмен дамуының өзі мұ­най-газ саласындағы өндіріс
көлемі төмендеуінің орнын баса алмайды.

Еліміздің минералдық-шикізат
базасын жаңғырту үшін барлау аймағын кеңейту қажеттігі туындайды. Яғни, барлығы
озық жаңа геологиялық және геофизикалық әдістерді қолдануға, гео­логиялық
барлау көлемдерін ұлғай­туға тіреліп тұр.

Алайда, әкімнің атап көрсет­ке­ніндей,
жер қойнауын алдын ала гео­логиялық зерттеудің төмен деңгейі, гео­логиялық
инфрақұрылымның әл­сіздігі, сертификатталған зертхана­лар­дың жоқтығы,
қолданбалы ғылым дең­гейінің төмендеуі және кәсіби кадр­лардың жетіспеушілігі
мұнай және газ саласын әрі қарай дамытудың басты кедергілері болып табылады.

Осы орайда облыс әкімі өңірге
кел­ген республиканың салалық ми­нистр­лік басшыларына Оңтүстік Тор­­ғай,
Шу-Сарысу және Сырдария шөк­пе бассейндерін бірлесіп зерт­теуі­міз қажеттігін
мәлімдеді. Мұн­да көмірсутегінің қомақты қорла­рын анықтау болжанып отыр. Ай­мақ
басшысы бұл мәселелерді тек мемлекеттік органдар мен мемле­кет­тік бюджет
арқылы шеше алмайты­нымызды айтып, геологиялық бар­лауда мемлекеттік-жекеменшік
әріп­тестік ұстанымдарын кең пайдала­ну керектігін мәлімдеді. Неге? Жер қой­науын
зерттеу, ондағы қорлардың қан­шалықты пайда әкелетінін болжап бі­лу тәуекелі
көп шаруа. Ал ықтимал ин­весторлар әдетте мұндай тәуекелге бара бермейді.

Елбасының тапсырмасына сәй­кес,
республикамыздың оңтүстік өңір­­лерін газбен қамтамасыз етуге бағытталған
«Бейнеу-Бозой-Шым­кент» газ құбырын салу жобасы жүзеге асы­рылуда. Осы
магистральды газ құ­бы­ры құрылысының бірінші кезеңі аяқ­талуына орай,
Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілуде.
Екі жыл ішінде облыс тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекен
кезең-кезеңмен газдандырылады деп жоспарлануда.

Осының барлығы сайып келгенде,
өңдеу өнеркәсібінің өркен жаюына сүбелі үлес қосады. Егер облыстың келешегі
тау-кен өндірісінің дамуымен сабақтас болса, онда аймақта кешенді жобаларды
тиянақты түрде қолға алу қажеттігі туындап отыр.

Қазақстан Үкіметі Қызылорда
облысына субвенция, трансферттер есе­бінен көп қаржы жұмсағанына қара­мастан,
оның қайтарымы мардымсыз. Қайтарымы мардымсыз дей­тініміз, бұл, әдетте,
масылдық пси­хологияның, жатыпішерліктің сана­мызға дендеп енуіне себепші болып
отырғанын несін жасырамыз? Аудандар бюджетінің 80 пайызға жуығы жоғары
бюджеттердің қаржысынан құралып отырғаны әлеу­меттік-экономикалық даму деңгейінен
айқын көрініс береді. Бірақ облыста жоғарының көмегін азайту бағытында алғашқы
қадамдар жасалып жатыр. Үстіміздегі жылы облыс өз кірісін 12 млрд. теңгеге
өсірді.

Сонымен бірге өңірде экономи­ка­ның
басты салалары – мұнай, газ, уран, ас тұзы және басқа да шикізат өнімдерін
өндіру көлемі төмендемей, керісінше, өсіп отыруы маңызды шарт болып табылады.
Бұл облыс әкімінің принципті ұстанымы, экономиканы қосылған құны жоғары өніммен
қам­тымай аймақ серпінді дами алмайды.

Ұзақ уақыт
бойы қордаланған проб­лемаларды санаулы жылдар ішін­де шешіп тастау өмір
болмысына да қайшы келеді. Осының барлығы, сайып келгенде, қыруар еңбекті, қа­жы­мас
қайратты, мамандардың білік­тілігін қажет етеді. Ал жалпы аймақ дамуының
келешегі бүгінгі заман талабына сай еңбек ететін сауатты менеджерлерге де
байланысты бола­тынын ескергеніміз абзал. Бұл – өмір­дің, жаһандық еңбек
үдерісіндегі жан­кешті бәсекенің алға қойып отырған талабы.

 

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз