ҚҰРЫЛЫС КОМБИНАТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚЫЗДЫ

46

0

Былтырғы жыл соңында өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл
қорытындысы” атты жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Қызылорда үй құрылысы
комбинатын іске қосты.

Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанына бірнеше жыл болды. Алайда
қажетті материалдың дені өзге аймақтардан тасымалданып жүрген болатын. Бүгінде
өзекті мәселе шешімін тапты. Өңірде құрылыс материалдары өндірісіне қатысты
бірегей жоба қолға алынып, «РМЗ-Шапағат» ЖШС тұрғын үй комбинатын іске қосты.
Аталмыш жоба «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Отандық
экономиканың бәсекеге қабiлеттілігін күшейтуді көздейтін «Өнімділік-2020»
бағдарламасы Индустрияландыру бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың
екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін атап өткен еді.
Тарқата айтсақ, осы бесжылдықта басымдығы мол 6 сала анықталды. Олар – мұнай
өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік
жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Жалпы, құрылыс саласы
экономикалық тұрақты өсудің құрамдас бөлшегі, тиімді тетігі саналады. Сондықтан
да аймақта қолға алынған тұрғын үй құрылысы өндірісінің маңыздылығы жоғары.

Кеңестер Одағы кезінде іске қосылып, бетон бұйымдарын шығаруда республика
көлеміндегі іргелі кәсіпорынға айналған Қызылорда құрылыс материалдары
комбинаты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өз жұмысын тоқтатқан еді. Тоқырау
уақытының құрсауынан шыға алмаған комбинаттың білікті мамандары амалсыздан
ауысуға мәжбүр болған. Енді жаңа комбинаттың ашылғанын естіген бұрынғы
жұмысшылар өз кәсіптеріне қайта оралды.

Кәсіпорын жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызады. Үй
салуда сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады. Біркелкі тұрғын
үйлер тұрғызуды тоқтатып, тұрғын үй сәулеті мен фасадтарының тартымды болуына
мән береді. Сондай-ақ, бетон жабындылар, астаулар, бетон тіректер мен электр
желілерін жүргізетін бағаналар әзірлейді. Арнайы тапсырыстар бойынша ай сайын
үш мың текше метр бетон өнімдерін шығарады. Кәсіпорынның сапалы өнімдеріне
алдағы уақыттарда да сұраныстар бола беретіні анық.

Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Сырдың сол жағалауын игеру басталады.
Комбинат өнімдері Сырдарияның солтүстік жағалауынан түсетін осы жаңа шаһардың
тез әрі сапалы салынуына үлкен септігін тигізетін болады.

Жалпы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші
бесжылдығында, яғни, 2015-2019 жылдар аралығында облысымызда құны 153 млрд
теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Елбасының жыл
сайынғы Жолдауларында мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі
ретінде айқындалған бағдарламасы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен
өзгерістер әкелетіні анық.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз