ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

191

0

ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛЫНАДЫТәуелсіздікке ие болғалы Қызылорда облысында алға бас¬пай қойған бір сала бар. Ол – құс шаруашылығы, атап айтқанда, тауық өсіру ісі. Соның салдарынан тауық жұмыртқасы сырттан тасымалдануда. Сол себепті басқа аймақтармен салыстырғанда жұмыртқа бізде үнемі  қымбат болып келеді. Негізінде, бізде құс фабрикасы жұмыс істеп, өнім берген кездері болды. Әйтсе де, әртүрлі себептермен жұмысын тоқтатты. Содан бері біраз жылдың жүзі болды, Қызылорда қаласы іргесінде құс фабрикасы жоқ еліміздегі бірден-бір облыс орталығы саналады. 
Әрине,  бұл аралықта құс фабрикасын ашуға талпыныстар, әрекеттер болмады десек, шындыққа қиянат жасаған болып шығамыз. Мәселен, «Квант” АҚ 150-ға мың тауық өсіретін, құны 5 млн. долларлық құс фабрикасының жобасын  қолға алға болатын. Қала әкімдігі тіпті құрылысқа арнап 7,2 гектар жер бөліп қойған-ды. АҚ жоба құнының 15 пайыздайын өздері салып, қалған қаржыны «Оңтүстік” ӘКК арқылы алмақшы едi. Бірақ, кепілдікке қояр дүниесі болмай, бұл жоба аяқсыз қалды. Осыдан екі-үш жыл бұрын тағы бір ірі жоба жайы белгілі болды. «K-Group LTD” ЖШС құны 4 млрд. теңгеге бағаланған жобаны мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде іске асырады деп жоспарланды. Яғни, 49 пайыз қаржыны «Байқоңыр” ӘКК салса, қалғанын серіктестік өзі табатын болған. Жылына 6 мың тонна ет дайындайтын тауық фабрикасына Жаңақорған ауданы Қаратөбе ауылынан 500 гектар жер  белгіленді. Бірақ, бұл ауқымды жоба да жалғасын тапқан жоқ. 
Дегенмен, түңілудің де қажеті жоқ. Оның есесіне тауық фабрикасына қатысты келесі жоба бойынша жұмыстар жақсы қарқын алып келеді. «СырдарияАгроИнвест” ЖШС Қызылорда қаласы іргесінде жылына 110 млн. жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын салу мақсатында жұмыс жасауда. Жобалық құны 3,3 млрд. теңге болатын бұл нысанға алғашқыда жер Қызылжарма ауылы аумағынан берілетін болған. Бірақ, кейіннен Ақсуат ауылдық округі аумағынан берілетін болып шешілді. Бұл жайында серіктестік директоры Арсланбек Тілеубеков айтып берді. Ол құс фабрикасының қондырғылары Германия, Нидерланды, Украина мемлекеттерінен келетінін жеткізді. Негізінде бұл жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы болмақ. А.Тілеубеков мынадай цифрларды да келтіріп өтті. Статистика мәліметтері бойынша облыс тұрғындары жылына 103 миллион 234 мың дана жұмыртқа тұтынуы тиіс. Сонда тамақтану нормасына сәйкес әр тұрғын жылына 42 жұмыртқадан жеуі керек. Ал қазіргі тұтынып отырған көлем бұдан екі-үш есе аз болып отыр. 
Құс шаруашылығы болған жерде оны жеммен қамтамсыз ету мәселесі бой көтеретіні анық. Жалпы барлық құс фабрикаларының жанында өздерінің жем базасы болуы тиіс. «СырдарияАгроИнвест” басшылығы бұл мәселе шешімін табатынын айтты. Өндіріс жұмыртқа бағытында ғана қалып қоймайды. Тауықтар жұмыртқалайтын жас¬тан асқаннан соң олар сою цехына жiберiлiп, орнын балапан-тауықтар алмастырып тұратын болады. Осылайша, құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін үш-төрт жыл өткен соң жылына  270-300 тонна ет бере бастайды деген меже бар. Онан бөлек, жылына 60 тонна дайын өнімдер (суп продукты) шығарып тұру да жоспарланған. 
Серіктестіктің атқарушы директоры Нұрлыбай Ұлықпанмен хабарласқанымызда ол нысан құрылысына арналған 30 гектар аумақта алдағы уақытта топографиялық, геодезиялық жұмыстар, сонымен қатар құжаттар дайындау ісі басталатынын жеткізді. Ал құрылыс жұмыстары басталатын уақыт алдымыздағы күз айлары. Жоспар бойынша құс фабрикасы 2016 жылы іске қосылып, көп ұзамай жобалық қуатына шығатын болады. Сол кезде өнімімен тек облысты ғана қамтамасыз етіп қоймай, көрші аймақтарға да шығармақ ниетте.
Ылайым, кәсіпкерлеріміздің жоспарлары ойдағыдай болып, ісі оңға басқанын қалаймыз. Құс фабрикасынан келер тиімділік аз болмайды. Біріншіден, бұл өндіріс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосады. Екіншіден, өнім бағасы сырттан тасымалданатын тауық жұмыртқасымен салыстырғанда арзандайды. Үшін¬шіден, жаңа жұмыс орындары пайда болады, яғни 150 адам жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, жергілікті бюджетке түсім түсіреді. Олай болса, кәсіпкерлерге тек сәттілік тілейміз. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз