САЛЫҚ ТҮСІМІНДЕ ТӨРТІНШІ ОРЫНДЫ ЕНШІЛЕДІК

49

0

Салық– халық қазынасы. Өткен жылы облыс салық түсімі көрсеткіштері бойынша республикада тоғызыншы орыннан төртінші орынға табан тіреді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткізілген салық түсімдерін ұлғайтуға арналған отырыс осындай жағымды жаңалықпен басталды. Сонымен бірге, биылғы жылы атқарылатын жұмыстар жайында да кеңінен қамтылды.
– Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы үш негізгі көрсеткіш арқылы бағаланатыны әрдайым айтылып келеді. Ол тұрақты жұмыс орындарының ашылуы, салық базасын кеңейту мен нәтижелері және әлеуметтік саяси мәселелерді қамтамасыз ету. Былтыр облыс шоғырландырылған бюджетке 600 млрд. теңгеге жуық қаражат түсірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 102 млрд. теңгеге артық орындалғанын көрсетеді. Өңіріміз өсу қарқыны бойынша республикада екінші орынды еншілеп отыр,–деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев. 
Отырыста баяндама жасаған облыстың бас салықшысы Әлібек Тілегенов өткен жылғы жұмыстардың нәтижелері туралы мәлімдеді. «Облыстың салық түсімдері үлкен мұнай компанияларының есебінен молайып отырғаны рас. Олар жалпы көрсеткіштің 90 пайызын құрайды. Ал, ауылшаруашылық саласы бойынша түсімдер көңіл қуантарлық емес. Өйткені бұл саланың өңірімізде кенжелеп қалғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру арқылы қосымша салық түсімдерін көбейтуге мол мүмкіндік бар», – деді облыстық салық департаментінің басшысы Ә.Тілегенов. 
Өткен жылы салық, әділет, қаржы департаменттері мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармалары  арасындағы өзара меморандум өз нәтижесін көрсетті. Бірлескен меморандум арқылы өңір тайқазанын толтыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, Әлібек Тілегенов өткен жылы қаланың геокартасы арқылы бірқатар көлеңкелі бизнестің ашылғанын  тілге тиек етті. Осындай геокарта аудандарда да жасалу керек. Облыста тіркелмеген мыңнан аса нысан салық төлеуден жалтарған. 
Өңірдің минералды-шикізат көздері индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. Бірақ бұл жерде бір нәрсе айқын болуы керек. Мәселен, Арал ауданындағы «Арал тұз» АҚ–ірі кәсіпорындардың бірі. Онда 750-ден астам адам жұмыс жасайды. Жыл бойы шығарылатын тұз ол аумақта бірнеше тонналап жатады. Алыстан көрінгенде «ақ тауға» ұқсайтын мұндай тұз үйінділері желді күні өңірдің 100-150 шақырымына таралады. Бұл жергілікті жердегі тұрғындардың денсаулығына кері әсер ететіні белгілі. Сондай-ақ, Арал ауданында кварц құмының қоры бар. Жаздың аптап ыстық күндері мен шаңды дауылында бұл аумақтағы құм бірнеше шақырым жерді ластайды. Міне, осы тұрғыда үлкен кәсіпорындар жергілікті жердің экологиялық жағдайына кері әсер етіп отырғандықтан, облыс қазынасына молырақ салық төлеуі керек. 
Жиналысты қорытындылаған облыс әкімі салық түсімдерін молайту бойынша бірқатар жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз