СЕРПІНІ БӨЛЕК СЫРДАРИЯ

89

0

өзін-өзі қаржыландыратын ауданға айналды

Сырдария ауданы
облыс орталығына жақын қоныс тепкендіктен өңірде өндірістің барлық түрін
өркендетуге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда Сырдария ауданы дотациясыз ауданға
айналып отыр. Қазірдің өзінде ауданға бөлінетін субвенция көлемі үстіміздегі
жылы 1,4 млрд. теңгеге азайтылған. Ауданда жеткілікті бюджетті қалыптастырудың
барлық жағдайлары жасалуда. Өткен 8 айда жылдық табыс 100,3 пайызға орындалып,
аудан бюджетіне 3,3 млрд. теңге қаржы жинақталған. Жылдың аяғына дейін тағы да
1,6 млрд. теңге қаржы түседі деген болжам бар. Бүгінде берекелі, келешегі кемел
Сырдария ауданының жай-тыныс-тіршілігін толығырақ білу мақсатында аудан әкімі
Ғанибек Қазантаевпен әңгімелескен едік.

– Сырдария ауданы – негізінен ауыл шаруашылықты аудан.
Алтын күз келіп, егіс даласы еңбек дүбіріне бөленіп жатыр. Өткен жылы аудан
диқандары Сыр аймағының көш басында болған еді, егіншілердің биылғы межесі
қандай?

– Ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы
жылы 29613 гектар
жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Көктемгі егісті орналастыру
кезінде кейбір шаруашылықтардың соңғы 4-5 жылда қордаланып қалған аяқ суға
қарыздарын шешу мәселесі күн тәртібіне қойылып, біздің тікелей араласуымызбен
бұл мәселелер дер кезінде шешімін тауып, биылғы жылы рекордтық көлемде, яғни 20
мыңнан астам гектарға Сыр салысы егілді. Ал, 788 гектар жерге егілген
жаздық бидай толық жиналып, 6754 центнер астық қамбаға құйып алынды.
Ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік тұрғыда жақсаруына тікелей егін шаруашылығымен
айналысатын «Мағжан және К”, «Мәді Қа­жы” жауапкершіліктері шек­теу­лі
серіктестіктері мен «Қызыл­дихан”, «Шаған Жер”, «Ақжарма және К” шаруа
қожалықтары орасан зор үлес қосып келеді. Қа­зіргі таңда күріш дақылын жинау
кесте бойынша жүргізілуде.

Облыс әкімінің бастамасы­мен келер жылдан бастап егіле­тін
басым дақылдар көлемін әртараптандыруды қолға алмақ­пыз. Яғни, жоңышқа,
мақсары, сүрлемдік және дәндік жүгері, бидай, картоп, көкөніс-бақша да­қылдарының
көлемін арттыру көзделуде. Сондай-ақ, егіске пай­да­ла­натын суды және ми­не­ралды
тыңайтқыштарды үнем­деу мақсатында егістерді там­шылатып суғаруға бетбұрыс
жасалып жатыр. Үкімет тарапынан субсидия ретінде берілетін қаржының еселеп
артуы егіншілердің қызығушылығын арттыруда. Нақтылай айтар болсам, Қоғалыкөл
ауылындағы 500 гектар
жүгеріні, Бесарық ауылы округіндегі 10 гектар картоп, 5 гектар алма бақты, ал
Ақжарма ауылындағы 30
гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдарын тамшылатып суға­ру
әдісімен егуді жоспарлап отыр­мыз. Сондай-ақ, Кеңес Үкі­меті кезінде тек қана
төрт түлік мал өсірген, яғни аяқ су­дың
баруы қиын Іңкәрдария, Ай­дарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылы тұрғындарын да осы
тех­нологиямен егіс егуге бет бұрғызуды назарға алып отыр­мыз.

– Өзіңізге мәлім, Елбасы­мыз ата кәсібіміз – мал шаруа­шылығын
өркендетуге баса мән беруде. Төрт түлік мал басын көбейту ғана емес, олардан
алы­натын өнімдерді молайту, яғни өңдеу қажет. Осы тұрғыда ау­дан аумағында
атқарылып жат­қан жұмыстар жайлы айт­саңыз?

– Бүгінгі таңда аудандағы барлық шаруашылық санат­тарында
29986 бас мүйізді ірі қара, 26551 бас қой мен ешкі, 11225 бас жылқы, 1190 бас
түйе малы мен 5049 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда
мүйізді ірі қара 106,2 пайызға, уақ мал 100,4 пайызға, жылқы 114,8 пайызға, ал,
түйе басы 109,3 пайызға көбейген. 2011-2014 жылдар аралығында «Сыбаға”
бағдарламасы бойынша 850 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланса,
бүгінгі күнге 1381 бас алынып, бұл көрсеткіш 162,4 пайызға орындалып отыр.
Аудан аумағындағы 26 ша­руашылық құрылымдары тіке­лей мал шаруашылығымен ай­на­лысуға
бетбұрыс жасаған. Асыл тұқымды малдардың үлес сал­мағын арттыру және олар­дың
өнімділігін қалпына келтіру, ұлғайту мақсатында отандық се­лекцияның асыл
тұқымды өнім­дерін сатып алу үшін мем­лекет тарапынан қолдау көр­сетілуде.
Биылғы жылы осы жұ­мыстар жүргізілгені үшін ау­данда 35172000 теңге субсидия
игерілді.

«Сыбаға” бағдарламасы не­гі­зінде Тереңөзек кентіндегі
«Жұ­мабаев Н” шаруа қожалығы 15, А.Тоқмағанбетов ауылындағы «Қа­ра қоныс” шаруа
қожалығы – 9,5, Шіркейлі ауылындағы «Ыса­маддин” шаруа қожалығы – 10, Аманкелді
ауылдық округіндегі «Құрманбеков Б” шаруа қожа­лы­ғы 9,7 млн. теңге несие алып,
асыл тұқымды аналық мал­дар мен бұқалар сатып алып, мал шаруашылығын өркен­детуге
күш салып жатыр. Бұл ет бағытындағы мал шаруа­шылығын дамыту үшін жасалып
жатқан жұмыстардың бірі болып саналады.

Жетікөл елді мекеніндегі «Али­акбар-ата-агро” шаруа қо­жа­­лығының
мал бордақылау ала­ңында тәулігіне 1-1,5 тонна ет өндіретін мал сою алаңы жұмыс
істеуде. Бұл шаруа қожалығы биылғы жылдың өзінде 332 бас мүйізді ірі қара малын
бор­дақылап, 70 тонна ет өндірді. Сондай-ақ, Шіркейлі ауылындағы «Ысамаддин”
шаруа қо­жалығы да мал бордақылау кешенін өткен жылы іске қосып, биылғы жылы 90
тонна ет өндірді. Өнімнің басым бөлігі мұнай өндіру кәсіпорындарына
жөнелтілуде.

Аудан аумағында Елбасы тапсырмасына орай, мал шаруа­шылығын
өркендетуді басты назарда ұстап отырмыз. Содан да «Құлан” бағдарламасы
негізінде Іңкәрдария ауылындағы «Диас” пен Қоғалыкөл ауылындағы «Сейітбек”
шаруа қожалықтары несие алып, жылқы өсіруге бет бұрса, Байманов Әбдіразақ
есімді азамат «Жұмыспен қамту-2020”
бағдарламасы ая­сын­да «Байқоңыр” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 15
млн. теңге несие грантына 250 бас асыл тұқымды қой алып, күтіп-баптауда.

– Шағын және орта кә­сіпкерлікті дамыту бағытында
атқарылып жатқан жұмыс жайын білсек… Аудан тұрғын­дарын жұмыспен қамту бағы­тында
да қозғалыс бар шығар?

– Аудан аумағында 1477 шағын және орта кәсіпкерлік
субъектісі тіркелген, олардың 74-і заңды тұлға, 1403-і шаруа қожалықтары мен
жеке кәсіпкерлер. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік су­бъектілері 105,1
пайызға өсіп отыр. Осы жылдың өткен тоғыз айында кәсіпкерлік субъектілері 582,5
млн. теңгенің өнімін өндірді.

Өткен жылдың желтоқсан айында бизнесті қолдау, инвести­циялық
ахуалды жақсарту мақ­сатында ауданда алғашқы бо­лып «І Инвестициялық Бизнес Фо­рум”
өткіздік. Форумға шет­елдік ғалымдар мен мұнай ком­паниясы басшылары, белгілі
кә­сіпкерлер, кәсіпкерлікті қол­­­­дау қорының өкілдері қа­ты­­­сып, 18
меморандумға қол қой­ылды. Яғни, форум ауыл ша­руашылығына жаңа инвести­ция
тартуға мол мүмкіндік берді.

Аудан аумағында 2014-2015 жылдарға арналған шағын жә­не
орта бизнес жобаларын іске асыру шаралары жоспарлы жүр­гі­зілуде. Нақтылай
айтар бол­сам, кент және ауылдық ок­ругтер
бойынша 82 жоба бекітілген. Бүгінде осы жобалар негізінде наубайхана, тұрмыстық
жиһаздар, қымыран өндіру, ті­гін ательесі, пластикалық те­резе орнату, күріш
өңдеу цех­тары, барлығы 37 өндіріс орын­дары ашылып, жұмыстарын бастады.
Сондай-ақ, алдағы жылы күй­дірілген қыш зауыты, мал сою пункті, ет өнімдерін
өңдейтін цех, құрылыс материалдарын шығаратын цехтар ашылады. Айтқандай,
«Мағжан және К” ЖШС өңірлік Индустрияландыру картасы аясында сағатына 8
тонналық элиталық тұқым өнді­ретін Германияның «Петкус” тұқым тазалағыш
агрегатын іске қосты.

Өңірлік Индустрияландыру картасына 3 жоба мақұлданса,
осының 2 жобасы аудан аумағын абаттандыруға бағытталған. Же­ке кәсіпкер
Жүнісова «Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халық­аралық автокөлік дәлізі бойында
орналасатын «В” санаты бой­ын­ша кешен салмақ. Жоба ал­дағы жылы іске асырылады
деген болжам бар. Сондай-ақ, «Ақжарма 1” шаруа қожалығы да осы автокөлік дәлізі
бойында жолаушыларға қызмет көрсету орталығын салады.

«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы” бағдарламасының «Ау­­ылда
кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту”
бағыты аясында кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры” АҚ мен
«Байқоңыр” әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясынан қомақ­ты несиелер алып, жаңа
жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар қатарын күрт азайтуға өз үлестерін қосуда.
Сондай-ақ, «Ақниет” бағдарламасы ая­сын­да «Лукойл” мұнай ком­паниясы да
ауылдың тұр­мыстық инфрақұрылымының жақса­руына, әлеуметтік осал топ ара­сын­да
халықтың жұмыспен қам­тылуына және өндірістік ай­мақтардың әлеуметтік-эконо­микалық
дамуында ұзақмерзімді позитивтік өзгерістердің қалып­тасуына көмек қолдарын
созу үшін 6 номинация өткізіп, нәти­жесінде өткен жылы – 24, ал биылғы жылы 33
қайтарымсыз грант иегерлері анықталды. Кә­сіпкерлікті қолдау мен халықты
тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіле
береді.

– Соңғы жылдары аудан ай­мағы абаттанып келеді. Құ­рылыс
нысандары жарыса бой көтеруде. Елді мекендер кел­бетінде де өзгерістер жоқ
емес…

– Дұрыс айтасыз. Аудан аумағында құрылыс жұмыстары
қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы бірнеше ірі жобалар іске асты. Соның бірі де
бірегейі 10 ірі елді мекендерді аудан орталығымен тікелей қосатын жаңа жол
өткелі – көпір құрлысы пайдалануға берілді. Ал, кент орталығы мен ауылдарда бой
көтерген нысандарды сана­малап айту әсте мүмкін емес. Десе де, халық игілігіне
ұсы­нылған бірқатар нысандарды на­зарларыңызға салайын. Би­ыл­­ғы жылы
Тереңөзек кен­тін­де ауысымына 250 адам қа­былдайтын аудандық емхана құрылысы
пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Шаған ауылы мен кент орталығында спорт кешен­дері
салынды. Н.Ілиясов ауылында ағымдағы жылы стадион құ­рылысын салуға облыстық
бюд­жеттен 100 млн. теңге қаржы қаралса, «Абзал және К” толық серіктестігі де
осы құрылысқа 110 млн. теңге бөліп отыр. Іңкәрдария мен С.Сейфуллин ау­ылдарында
150 орындық клуб үйлері, Шіркейлі ауылында дәрігерлік-амбулатория мен 600
орындық мектеп, Ақжарма ау­ы­л­ында спорттық-сауықтыру ке­шені, Қоғалыкөл
ауылында 140 орындық балабақша құры­лыстары да бой көтереді.

Аудан бойынша автокөлік жолдарының ұзындығы 421,4
шақырымды құрайды. Биылғы жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жергі­лікті
бюджеттен 27,7 млн. қар­жы қаралып, қазіргі таң­да «Қызылорда жолдары” серік­тестігі
жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Тереңөзек кентінің 15 көшесін орташа
жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен – 100, ал жергілікті бюджеттен 91,7 млн.
теңге қаржы бөлініп, «Қыран” серіктестігі жөндеу жұмыстарын бастады. Ал,
аудандық бюджеттен бө­лін­ген 30 млн. теңгеге елді мекеннің ауылішілік жолдары
да жөндеуден өткізілуде.

Өзіңіз айтқандай, елді ме­кен­деріміз абаттанып
келеді. Ақ­жарма, Бесарық ауылдары тіректі ауыл тізбесіне еніп отыр. Бұл
ауылдардың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын жақ­сарту бағытында қыруар жобалар
бар.

«Ақбұлақ” бағдарламасы бой­­ын­ша Бесарық, Аманкелді,
Ақ­жарма елді мекендері мен Тереңөзек кентінің ауыз су жүйелерін қайта
құрылымдау және кеңейтуге республикалық және облыстық бюджеттен қы­руар қаржы
қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов,
Қоғалыкөл, Айдарлы елді мекендеріндегі тұтынушы тұрғын үйлеріне су желілері де
жеткізіліп беріліп жатыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – алдымызда әлем
бойын­ша дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Сол үшін жұ­дырықтай жұмыла
жүріп, жасам­паздықпен еңбек етіп, береке-бірлігімізді баянды етейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Еркін Әбіл.

Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз