ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН КӘСІПКЕР

73

0

 ауданда алғашқы болып бөдене, құр, түйетауық асырап отыр
Заманның құбылмалы өзгерістеріне қарай әр дәуірдің өзіндік қиыншылықтары болып тұрады. Қазіргі таңдағы үлкен проблемалардың бірі – жұмыссыздық мәселесі. Жұмыссыздықты азайту мақсатында бүгінгі күні түрлі бағдарламалар жүзеге асып, халық игілігіне жарап жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады… Біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек», – деген болатын. 
Аудан көлемінде сонғы жылдары кәсіптің түрлі көздері ашылуда. Олар тек жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, халықтың хал-ахуалы мен экономикамыздың көтерілуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Сондай өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсібі жанданып отырған кәсіпкерлердің бірі, кент тұрғыны – Қайрат Үрманов. 
«Әке көрген оқ жонар» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған Қайрат ата-бабамыз айналысқан кәсіпті жалғастыруда. Сыртта ұстаған малдан бөлек үйінде де төрт түліктің бабын тауып, бағуын келістіріп отыр. Кәсіпкер азамат: «Бастапқы уақытта қиындық тарттым, ал қазір рахатын көрудемін», – дейді. Аудандық, ауылдық жерлерде төрт түлікті түлеткен үйлер кемде-кем. 
Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған Қайрат 3 жылдан бері құс баптауды да қолға алып келеді. Арнайы Шымкент қаласынан құстың бірнеше түрін алып келіп, оларды көбейтіп, қазірде өз игілігіне пайдалануда. Атап айтсақ, еті мен жұмыртқасы адамның ішкі  ағзасына өте пайдалы  бөдене, құр, тауық, түйетауық,  маңғазданып, аяғын теңселе басатын, суда жүзетін үйрек түрлерін бағып-баптауда. Үй құстарының ішіндегі ең ірісі түйетауықтың әрқайсысы 6 келіден 20 келі аралығында ет береді. Бөдене жұмыртқасы қуатының күштілігі соншалық, бір адам күніне 2 жұмыртқадан артық жеуге болмайды. Онымен қоса, кәсіпкердің үйінің сыртқы бетінде жеке дүкені де халық игілігіне жұмыс жасауда. Онда үйінде бапталып жатқан төрт түлік малдан, құстардан дайындалған өнімдерді көруге болады. 
Ұлы ақын Абай айтқан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өсиет сөз нақ осы кәсіпкер жайлы айтылғандай. Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады. Қайрат алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап та жатыр.
Ерұлан ДАТКЕНОВ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз