«СЫБАҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ: САПАҒА КӨШЕР СӘТ ТУДЫ

59

0

«СЫБАҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ: САПАҒА КӨШЕР СӘТ ТУДЫ Қазекем төрт түлікті түлеткен тіршілікті атакәсіп деп бағалайды. Расында да, біздің халқымыз ертеден-ақ жайлау төсінде мыңғырта мал айдап, оның бабын жасауға ерекше көңіл бөлген еді. Бір кездері тіпті қазақ даласында отар-отар қой өріске шығып, оның басын 50 миллионға жеткізуге құлшыныс болған. Қазір қайтадан мал шаруашылығына бетбұрыс бар. Әрине, заң басқа, заман басқа дегендей. Елімізде осы мақсатта арнайы бағдарлама қабылданды. Ет экспорты бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге арналған «Сыбаға» бағдарламасы қарапайым еңбек адамы үшін негізгі тірліктің көзіне айналып отыр. 
Сыр өңірі бұрыннан агроөнеркәсіпке арқа сүйеген аймақтардың қатарында саналады. Сол себепті Қызылорда жұртшылығына ауылдағы тіршілік ауаны ешбір таңсық емес. Үкімет қаулысына сай қабылданған аталмыш бағдарлама аясында талай жұмыс жүргізілуде. «Осы күндері ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасына ерекше мән беріліп отыр» дейді мамандар. Үкімет қаулысына сай, «Сыбаға» бағдарламасының аймақтар бойынша жылдарға бөлінген индикативтік жоспары айқындалды. Бұл бағыттағы тірлік өткен жылдан бері қолға алынды. 
Шындығын айтқанда, елдегілер үшін жаңа бетбұрыс басталып отыр. Бұрыннан қыр-сырына қанық кәсіпті дөңгеленте отырып, одан қыруар кіріс кіргізіп, қазына қазанын молайтуға әбден болады. Бұған мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Елбасымыз құзырлы орындарға «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту туралы»  тапсырма жүктеді. Осыған орай 2011-2015 жылдары облыста  фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруға 8,7 мың мүйізді ірі қара малының аналығын сатып алу және 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын ұйымдастыру жоспарланған. Аталмыш бағдарламаға сәйкес соңғы екі жылдың көлемінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2011-2013 жылдары аталған бағдарлама аясында облыста  шаруашылық құрылымдары арқылы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-дан 1313,5 млн. теңге несие тартылды. Оған 7494 аналық сиыр  және 400 ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Яғни, үш жылға арналған жоспар 41,4 пайызға артығымен орындалды. Осының нәтижесінде елдегі ағайындар кәсіптік көзін тауып, қаншама адам жұмыспен қамтылды. Бұл ауылдағы шаруаның табыстың көзін табуына зор мүмкіндігін туғызды.  Бұдан өзге асыл тұқымды репродуктор шаруашылық ұйымдастыру мақсатында 1 шаруашылық өз қаржысы есебінен 190 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын әкелді.
Бұл орайда Жаңақорған ауданы еңбеккерлерінің белсенділігін айрықша атап өткеніміз абзал. Өйткені, 2011-2013 жылдар аралығында аудан бойынша 1090 мүйізді ірі қара сатып алынды. Сондай-ақ, Сырдария мен Шиеліде 850-ден, Жалағашта – 635, Қызылордада – 630, Қармақшыда 620, Қазалыда – 425, Аралда 200 мүйізді ірі қара шаруалар қолына тиді. Яғни, облыс бойынша үш жылдың көлемінде 5,3 мың сиыр жергілікті өңірдегі тіршілікті жандандыра түсті. Үстіміздегі жылы біздің өңірде 1,7 мың мүйізді ірі қара алынады деп жоспарланған. Наурыз айының 20-на дейін олардың 368-і аймаққа жеткізілді. Олардың арасында Сырдария 143 (57,2 пайыз), Арал 48 (48,3 пайыз), Шиелі 101 (40,4 пайыз), Қармақшы 52 (20,8 пайыз), Қызылорда 24 (12 пайыз) сиырды жеткізіп үлгерген. Осы күнге дейінгі аталмыш жоспардың орындалу көрсеткіші 21,6 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін тоғыз айға жуық уақыт бар екенін ескерсек, жоспарды орындауға толық мүмкіндік бар.  
Қазалы ауданында «Сыр маржаны» ЖШС 500 бас мүйізді ірі қараға арналған  мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта  «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы жалпы құны 320 млн. теңгені құрайтын мал бордақылау кешенін салу және 160 млн. теңгеге ірі қара малын сатып алуды көздейді. Серіктестік мал бордақылау алаңының құрылысын үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастамақшы. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Жирен» ШҚ өз қаржысы есебінен 500 басқа арналған жалпы құны 139 млн. теңгені құрайтын мал бордақылау алаңының құрылысын өткен жылдың қазан айында бітірді.  Бүгінгі күні мал бордақылау алаңында 120 бастан астам мүйізді ірі қара малы бордақылануда. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап мал бордақылау алаңы толық қуатында жұмыс істейді деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыста фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруға мән берілуде. Үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1700 мүйізді ірі қара аналығын, 57 асыл тұқымды бұқа сатып алу ойластырылған. Оған қоса, 2000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ұйымдастыру жоспарланған. Бұл бойынша бүгінгі таңда  «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы 16 шаруа қожалығы  862 сиыр алуға ниет білдірді. Қаржы көлемі 143,2 млн. теңгеге жуықтайды. Қазірге дейін 8 шаруашылық 62,8 млн. теңге несие алды. Соның нәтижесінде 368 сиыр және 19 бас асыл тұқымды ет бағытындағы бұқа алуға қол жеткізді. Бұл жоспар 21,6 пайызға орындалды.
Үстіміздегі жылғы жоспар бойынша 2000 мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салуға байланысты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту мақсатында еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен (Батыс Қазақстан облысы Жәңгір хан атындағы Университет ғалымдарымен) инвестициялық жобалар бойынша мал тұқымын асылдандыру селекциялық жұмыстарын жетілдіруге қазақтың ақ бас сиырының және еділбай қойының селекциясын жүргізуге нақты келісім жасалынып, жұмыстар жүргізілуде. Қазақтың ақбас сиыры сиырдың етті тұқымы саналады. Ол қазақ және қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932-1950 жылдарда Қазақстан мен Ресейде шығарылған. Сақа бұқасы орта есеппен 800-900 келі (кейде 1100 – 1300), аналығы 450-500 келі (кейде 520-580) тартады. Ет түсімі 57-60 пайызды құрайды. Сонымен қатар, академик Хисматтулла Үкібаевтың басшылығы бойынша Оңтүстік Батыс егін және мал шаруашылығын дамыту ғылыми-зерттеу институты мамандарымен әлемдік нарықта сұранысқа ие болып отырған қаракөл қойының көк түсін өсіруге келісімдер жасалып, бұл бағытта тиісті жұмыстар басталды.
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз