СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫ

151

0

АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫНДАҒЫ СЕРПІЛІС

Қай қоғамды болмасын, оны дамытуда әрбір саланың қосар үлесі қомақты
болатыны белгілі. Дегенмен де, елдің ел болып қалыптасуында құрылыс саласының
алар орны ерекше. Кәсіби мереке қарсаңында сала тынысы жайлы облыстық құрылыс
басқармасының басшысы Сержан Нәметшадан айтып беруін сұраған едік.

– Сержан Қасқырұлы, келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Осы төл
мерекеге Сыр құрылысшылары қандай табыстармен келіп отыр.

– Рахмет. Өздеріңізге де белгілі, еліміздегі секілді біздің облыста да
құрылыс саласындағы жұмыстар жаңаша серпінмен дамып келеді. Оған аймақ
экономикасының дамуындағы аршынды қадам­дарының айтарлықтай септігі тиіп отырғанын
айрықша бөле айта кету керек. Соған орай қазір өңірімізде құрылыс
компанияларының қатары артып, олар салаға қажетті қазіргі заманғы техникалармен
және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал мұндай техникалармен
жарақтандырылу белгілі бір нысанның мерзімінде әрі сапалы салынуына жол ашады.
Оның үстіне Сыр құрылысшылары да замана ағымына сай өз біліктіліктерін
жетілдіріп отыруы да бұл іске көп пайдасын тигізіп отыр деп ашық айта аламыз.
Соның нәтижесі болса керек, қазір облыс көлемінде өзінің сәулетімен
ерекшеленетін нысандар қатары күн санап көбейіп келеді. Бұл біздің осы саладағы
соңғы жылдары қол жеткізген табыстарымыздың біріне саналады. Осы орайда бір-ақ
мысал келтіре кетейін. Өткен жылы облыстағы құрылыс саласына трансферттермен
қоса есептегенде республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 28,1 миллиард
теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осы қаржы есебінен 99 нысанның құрылысы жүргізіліп,
оның 61-і пайдалануға берілді. Ал, биылғы жылға құрылыс және жобалау
жұмыстарына 28,6 млрд. теңге бөлініп, бірінші шілдеге дейін оның 13,3 млрд.
теңгесі игерілді. Айта кету керек, биылғы жылы аймағымызда 88 нысанда құрылыс
жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде 65 нысанды биыл пайдалануға беру
жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның сегізі іске қосылды.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫЖалпы бүгінде биылғы жылға
бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеру, сөйтіп, құрылыс нысандарын уақытында
әрі сапалы жағдайда пайдалануға беру мен мемлекеттік сатып алу конкурстарының
заңдылықтарын сақтау барысы қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ, «Қолжетімді
тұрғын үй-2020” бағдарламасы аясында салынатын нысандардың сапасын арттыру мен
оларды мерзімінде пайдалануға беру ісі де нақты бақылауда.

– Осы орайда бір сұрақ.
Халықтың жақсы өмір сүруі ол ең алдымен тұрғын үй жайлылығына байланысты екені
белгілі. Бү­гінде бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қан­дай? Соны
тарқатыңқырап айтсаңыз.

– Рас, адам үшін, оның
қалыпты өмір сүруі үшін тұрғын үйдің алар орны ерекше. Осы жайтты ескерген
Елбасы да Үкіметке халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін жақсарту бағытында
арнайы тапсырмалар берді. Соған орай қазір елімізде түрлі мемлекеттік
бағдарламалар да қабылданды. Қазір осы бағдарламалар аясында облыста кең
ауқымдағы жұмыстар да жүргізілуде. Өткен жылы бұл бағыттағы межеленген жоба
артығымен орындалды. Негізі қарапайым халық үшін «Қолжетімді тұрғын үй-2020”
бағдарламасы тиімді болып отыр. Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында биыл
республикалық бюджеттен 7530,3 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға жыл соңына дейін
837 пәтерді құрайтын 102 тұрғын үйді пайдалануға беру жос­парлануда. Бүгінгі
күнге дейін сонан 86 пәтер, яғни қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде – 50, ал
Тасбөгет қонысында 36 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп бұл
бағыттағы жоспар 125 пайызға орындалды.

Кезекте тұрған азаматтарға
арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына да республикалық және облыстық
бюджеттен 1505,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде республикалық бюджет
есебінен жыл соңына дейін 168 пәтерді пайдалануға беру көзделсе, кешегі бірінші
шілдеге дейін 36 пәтерлік тұрғын үй іске қосылып, онда соншама отбасы қоныс
тойын тойлады. Осындай жақсы жаңалықты жас отбасыларға арналған жалдық тұрғын
үй құрылысынан да келтіруге болады. Бұл бағытқа деп биыл республикалық және
облыстық бюджеттен 1538,3 млн. теңге қаржы бөлінді. Сөйтіп, жыл аяғына дейін
аяқталуы тиісті 190 пәтердің 50 пәтері пайдалануға берілді. Несиелік тұрғын үй
құрылысында да бөлінген 2180 млн. теңгенің шілде айына дейін 1144,5 млн.
теңгесі игерілді. Мұнан бөлек, инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымдардың
құрылыс­ына 1669,2 млн. теңге бөлініп, оған 133,5 шақырым инженерлік желілерді
пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы халықты
тұрғын үймен қамтамасыз ету барысында биылғы жылдың соңына дейін
«Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 88 пәтерлі тұрғын үй мен облыс
бюджеті қаржысы есебінен 25 пәтер пайдалануға берілетін болады.

– Соңғы жылдары облыс­та
халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды салып, пайдалануға беру
мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар да баршылық. Енді сондай нысандар туралы айта кетсеңіз.

– Рас, халыққа қызмет
көрсетуді жақсарту мәселесі алғашқы кезекте тұрған міндеттердің бірі. Сондықтан
да оған облыс басшысы да айрықша көңіл бөліп отыр. Сөз басында айтқанымыздай,
өткен жылы 61 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде әлеуметтік нысандарды
тарқатып айтар болсақ, білім беру саласы бойынша былтыр 40 нысанның құрылысы
жүргізіліп, оның 23-і, яғни, 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға берілді.
СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫДенсаулық сақтау саласында да 25 нысанның құрылысы жүргізіліп, 17 нысан іске
қосылды. Сонымен қатар мәдениет саласында сегіз, коммуналдық шаруашылық
нысандарын дамыту саласында бір коммуналдық өкілдік тұрғын үй мен бір сауықтыру
ғимаратының құрылысы аяқталып, олар бүгінде толыққанды жұмыс жасауда. Ал биылғы
жылдың өткен жеті айында облыста сегіз нысан іске қосылды. Солардың қатарында
Арал ауданының Аралқұм және Қамыстыбас, Жалағаш ауданының Аққыр ауылында
дәрігерлік амбулаториялар және Тереңөзек кен­тін­дегі 250 келушіге арналған
емхана халыққа қызмет көрсете бастады.

Сонымен қатар, Тереңөзек
кентіндегі спорттық-сауықтыру ке­ше­ні мен Шиелі ауданының орталығындағы 1200
орындық және осы ауданның Бестам ауылында 300 орындық мектеп те өз келушілеріне
есіктерін айқара ашты. Жалпы жыл соңына дейін облыста әлі де ондаған әлеуметтік
нысандар салынып, пайдалануға берілетін болады.

Сөз соңында айтарым,
бүгінгідей кәсіби мерекеге Сыр құрылысшылары толағай табыстармен келіп отыр.
Әрине, табыстың өздігінен келе салмасы белгілі. Бұл жолда осы салада жұмыс
істейтіндерден зор жауапкершілік талап етіледі. Оған қоса, білімің мен
біліктілігің де соған сай болуы керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол
жеткізерің анық. Міне, біздің құрылысшылар сондай талап биігінен көрініп отыр
деп ойлаймын. Әрі бүгінгідей жеткен жетістіктер алдағы уақытта да жалғасын таба
беретініне сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

 

БІТІМІ БӨЛЕК БРИГАДИР

Мамандық атаулының жаманы жоқ. Шындығында, әркім өзінің өмірде кім
болатынын, қандай мамандықты таңдау керектігін өзі шешеді. Сондықтан болар, жас
кездегі сондай таңдау адамды соған бейім етіп қалыптастырады екен. Тартоғай
топырағында дүниеге келген Алмасбай бала кезінен зәулім үйлер мен ғимараттарды
салатын құрылысшы болуды армандайтын. Сол арман алдамшы болмады. Ол
бүгінде кәнігі құрыш қолды құрылысшы атанып отырған жайы бар.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫӨз қатарластары секілді
Алмасбай Әбәсілов те ауылда өсті. Сонда мектеп бітірді. Онан кейін орта
техникалық білім алды. Дегенмен де, жас кезіндегі арман оны өзінің туып-өскен
жеріндегі «Еңбек-Қызылорда” түзету мекемесіне жұмысқа әкелді. Қарап отырсаң бұл
мекеменің атынан адам шошиды. Өйткені, онда өмірде аяғын шалыс басып, белгілі
бір мерзімге сотталғандар жіберіледі. Мекеменің еңбекпен түзету мекемесі деп
аталатыны да сондықтан. Бірақ Алмасбай ондай қылмыскер емес. Болып та көрмеген. Тек бұл мекеменің бір
ерекшелігі құрылыс материалын, соның ішінде кәдуілгі күнделікті құрылысқа алғаш
кезекте қажетті кірпішті шығаратынында. Мұнан бөлек, бұл өндіріс орнының тарихы
да тереңде жатыр. Соның бас­тысы ол құрылыс материалдарын шығаруда үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялармен
жаңартылып тұ­ра­тын. Осындай жаңашылдықтары бар мекеменің жұмысы Алмасбайды
қызықтырмай қоймады. Со­нан екінші дәрежелі (разрядты) жұмысшы болып жұмысқа кі­рісті.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл жұмыста оған өзі оқып алған техникалық
білімі көп кәдеге жарады. Сөйтіп, осы мекемеде бірнеше жыл жұмыс істеген ол мол
тәжірибе жинақтады. Онысы осы күнге дейін өзіне көп пайдасын келтіріп те жүр.

«Жас келсе іске” демекші, бір
мекемеде әбден ысылып, өзі таң­даған мамандығының шебері атана бастаған
Алмасбайдың көңілі қа­лаға ауды да тұрды. Ақыры сол ойдың жетегімен қалаға да
кел­ді. Мұнда ол бүгінде облысқа кеңі­нен танымал «Промстройсервис Е”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа тұрды. Бұл серіктестіктегі жұмыс
та оңай емес еді. Өйткені, серіктестік басшылары құрылыс жүргізу жұмыстарына
арнап өткізілетін конкурстарға қатысады. Сөйтіп, онан жеңімпаз атанса сол
конкурста белгіленген жер басына барып құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Ал ондай
жерлердің шегі жоқ. Анығын айтқанда, төмендегі Аралдан жоғарыдағы Жаңақорған
аралығындағы облыс аумағының кез келген жерінен құрылыс нысандарын салады.
Сондықтан да бірнеше айлап үй көрмеуге де тура келеді.

– Жұмыстың жеңілі жоқ қой, –
дейді бізбен әңгімесінде Алмасбай. – Соның ішінде құрылысшы болу шыдамдылықты
қажет етеді. Өйткені жазды күнгі аптапты ыстық пен қыстың қақаған аязды
күндерінде де жұмыс істеуге тура келеді. Дегенмен де, ашық далада жер қазудан
бастап оның қорабын толықтай өріп аяқтағанда бір көңілің көтеріліп қалатыны да
бар. Өйткені өз қолыңмен көтерген нысанның халықтың игілігіне жарап жатса, оған
қалай қуанбайсың.

Серіктестік басшылары да
Алмасбай туралы жылы сөздерін аямайды. Сонда біздің олардан білгеніміз
Алмасбайдың бұл құрылыс компаниясына жұмысқа келгеніне он жыл толыпты. Осы
жылдар ішінде ол әрбір іске ұқыптылықпен қарап, өзіне сеніп тапсырған
жауапкершілік жүгін әрдайым ақтап келеді екен. Бас­та қарапайым жұмысшы болудан
бастаған ол қазір төртінші разрядты тас қалаушы атаныпты. Ал мұндай дәрежеге
жету тас қалаушыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соның бастысы, ол өз
бетінше жобаға қарап, нысанның бұрыштарын көтеріп, кірпішті орнықты отырғызу
және қиюластыра қоя білуің де қажет. Бұл дегеніңіз, екінің бірінің қолынан келе
бермейтін іс. Алмасбай болса оны толықтай меңгеріп алған. Оның осындай қабілетін бағалаған болуы керек, құрылыс компаниясының
басшылары бір топ құрылысшыларды біріктірген тас қалаушылар бригадирі етіп
қойыпты. Өнімді еңбек ету үшін өзіне де, өзгеге де жауап беретін бұл сенімді ол
бүгінде зор абыроймен алып жүрген көрінеді.

Қазіргі күні кәнігі құрылысшы
Алмасбай Әбәсілов басқаратын тас қалаушылар бригадасы Жаңақорған ауданының
Сүттіқұдық ауылында 600 орындық мектеп құрылысын пайдалануға берді. Сөйтіп,
тағы да бір нысан халық игілігіне ұсынылды. Кәсіби мерекемен қатар келген бұл
қуанышқа Алмасбай басқарған тас қалаушылар бригадасы оған шын көңілден риза.
Өйткені бұл құрылыста олардың қолдарының ізі де сайрап жатыр емес пе? 

А.Аманжол.

Қызылорда облысында өткізілетін «Құрылысшылар күні» кәсіптік мерекесіне арналған

МЕРЕКЕЛІК БАҒДАРЛАМА:

 

2014 жылғы 7 тамыз. Сағат
10.00 – 17.00

 

1.«Құрылысшылар күні»
кәсіби мерекесі құрметіне арналған
қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир.

Өтетін орны: «Мұз айдыны»
сарайы.

 

***

2014 жылғы 8 тамыз. Сағат
11.00 – 12.20

 

2. Н.Бекежанов атындағы
музыкалық драма театрында «Құрылысшылар күні» кәсіптік мерекесіне арналған салтанат.

 

1. Қызылорда облысының әкімі
Қ.Е.Көшербаевтың және Өңірлік даму министрлігінің жауапты хатшысы А.К.Қабыкенов
облыс құрылысшыларын мерекелік құттықтауы мен марапаттауы.

 

2. Қазақстан эстрада
жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, «Қыран» тобы мен облыс
өнерпаздарының мерекелік концерті.

 

***

Сағат 20.00 – 23.00

 

3. Қалалық мәдениет және
демалыс саябағындағы «Құрылысшылар
күні» кәсіби мерекесі құрметіне облыс
құрылысшылары ассоциациясының ұйымдастыруымен мәдени шара.

 

Мерекелік бағдарламада:

 

1. Қазақстан эстрада
жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, «Қыран» тобы, «Мереке»
вокальді-аспапты ансамблі мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерт.

2. 8 бен 12 жас аралығындағы
балаларға тегін аттракцион қызметін көрсету.

3. Қалалық саябаққа демалуға
келген балаларға тегін балмұздақ тарату.

4. Мерекелік
отшашу.

 

2013 жылы облыстың құрылыс саласына трансферттермен қоса есептегенде
республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 28,1 млрд. теңге қаржы
бөлінді.

Осы қаржы есебінен 99 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 61-і пайдалануға
берілді. Оның ішінде:

Білім беру саласында 23 нысан, оның 19-ы мектеп, 4-і балабақша,

Денсаулық сақтау саласында 8
нысан,

Коммуналдық шаруашылық
саласында 2 нысан іске қосылды.

Мұнан бөлек, мыңдаған шаршы
метр тұрғын үй мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп секілді тағы да басқа салаларда
бірнеше нысандар пайдалануға берілді.

2014 жылға облыстық құрылыс
және жобалау жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 28,7 млрд. теңге
бөлінді.

Бұл қаржыға 88 нысанның
құрылысы жүргізіліп, оның 65 нысанын биыл пайдалануға беру жоспарлануда.

Осы нысандардың 8-і қазірдің
өзінде іске қосылды.

Соның ішінде Арал
ауданындағы Аралқұм, Қамыстыбас, Жалағаш ауданындағы Аққыр ауылында дәрігерлік
амбулатория,

Тереңөзек кентінде 250
келушіге арналған емхана,

Тереңөзек кентіндегі
спорттық-сауықтыру кешені,

Шиелі орталығында 1200 және
Бестам ауылында 300 орындық мектептер,

Облыстық
мекемелер үйі пайдалануға берілді.

 

Құрметті қызылордалықтар, қала қонақтары!

 2014 жылғы 8 тамыз күні сағат 11.00-де Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма
театрында «Құрылысшылар күні» кәсіптік мерекесіне арналған салтанатты шара
өткізіледі. Мерекелік салтанатта Қазақстанның танымал эстрада әншілері Жеңіс
Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова және «Қыран» тобы өнер көрсетеді.

8 тамыз күні сағат 20.00-ден
23.00-ге дейін

«Құрылысшылар күні» кәсіптік
мерекесіне орай Қызылорда облысының құрылысшылары ассоциациясының
ұйымдастыруымен қалалық саябақта 8 бен 12 жас аралығындағы жасөпірімдерге
аттракциондар тегін қызмет көрсетіп,
балаларға тегін балмұздақтар таратылады.

Саябақ сахнасында
Қазақстанның танымал эстрада әншілері Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова,
«Қыран» тобы мен облысқа танымал «Мереке» вокальды-аспапты ансамблі және
жергілікті өнерпаздар концерт береді.

Сіздер үшін – отшашу,
көпшілік серуені.

Келіңіздер,
көріңіздер!!!

 

«АБУ-СЕР” ӘЙГІЛІ
КОМПАНИЯ

«Абу-Сер” жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі облыс­тағы ірі құрылыс компа­нияларының бірі. Жұмыс істей
бастағанына он бес жылдай уақыт болған бұл компанияның облыстың құры­лыс
саласын дамытуда өзіндік орны бар. Әрісін айтпағанның өзінде бір соңғы
жылдардың ішінде бұл компания облыс әкімшілігінің үйі мен «Сырдария”, «Астана”
шағын аудандарында бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер мен қаладағы 320 орындық са­наториялық
балабақша секілді ірі нысандарды салып, оларды халық игілігіне пайдалануға
берді. Сонымен қатар, ол облыс­та тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шы­лықтарын жаң­ғырту
бағдар­ла­­масы аясында жүзеге асырылып келе жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына
да атсалысып келеді. СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫҚазіргі күні бұл компания қаланың солтүстік шы­ғысындағы
«Ипподром” ша­ғын ауданынан 900 оқушыға арналған мектеп құры­лысын жүргізуде.

Бұл құрылыс нысанын салуды компания кешегі мамыр айында бастады. Оның
жалпы құны 1 млрд. 197 млн. теңге. Осы қаржының 290419 мың теңгесін биыл игеру
көзделсе, қалған 907170 мың теңгені алдағы жылы игеру жоспарланып отыр. Негізі
қандай нысанды салмас бұрын оның алдын ала дайындалған жобасы жан-жақты
сараптамадан өтетіні белгілі. Сонан кейін ғана барып оған мемлекеттік
сараптамадан өткендігі туралы рұқсат беріледі. Бұл тұрғыдан алғанда, осы 900
орындық мектеп құрылысының жобасын жасаған астаналық АПБ «Ақниет”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оның барлық нормалары мен ережелерін қатаң
сақтай отырып жасаған.

Енді құрылыс нысанына
нақтырақ тоқталар болсақ, онда ол алты блоктан тұрады. Оның төртеуі үш қабатты
балалар оқитын бөліктен тұрса, бір блогы екі қабатты залдан тұрады. Ал бір өзі
бір қабатты алатын бір блогта спорт залы орналасады. Жалпы құрылыс нысанының
аумағы 4,1 гектар жерді алып жатыр.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫ– Құрылыстың іргетасын
қалағанымызға да көп бола қойған жоқ, – дейді нысан басындағы учаске бастығы
Құдайберген Иманахметов. – Негізінен бұл нысан монолиттен тұрғызылады. Яғни,
басты құрылыс материалдары темір арматуралары мен цемент болып есептеледі. Осы
жерде өзіміздің бетон дайындап, шығаратын зауытымыз бар. Зауыт зағатына 30
текше метр дайын бетон шығара алады. Оның маркісі 350-ге жеткізіледі. Яғни,
цемент қосқанда бетонның сапалық мықтылығы осындай болады. Бұл дегеніңіз,
салатын құрылыстың сапалық сақталуы өте ұзақ мерзімге шыдас беретінін
көрсетеді. Анығын айтқанда, монолит дегеніміз, кесек-кірпіш секілді мүжіліп,
бұзылып жатпайды.

– Құрылыс материалдарын
қайдан аласыздар? – дедік біз осы орайда учаске бастығынан.

– Бұл құрылысқа анау айтты көп материал да керек емес. Соның
бастысы, темір арматураны Теміртау қаласынан алсақ, цементті Өскеменнен аламыз.
Ал қиыршық тас өзіміздің Шиелі мен Жаңақорған аудандарынан тасымалданады. Жалпы
қазір құрылыс басында 90 адамдай жұмыс істеп жатыр. Олар бес бригадаға
бөлінген. Негізі осы жұмыс істеп жатқандардың барлығы дерлік жергілікті жердің
азаматтары. Олар бар жұмысты жобаға қарап жүргізеді. Өйткені, жобадан еш
ауытқуға жол бермеу қажеттігі айтпаса да түсінікті шығар. Ондай жерде еш сапа
болмайды. Ал сапасыз дүние ертеңгі күні еш кәдеге жарамай қалады.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫШындығында, компанияда әрбір
құрылысшыға қойы­латын талап қатал. Осыны жақсы түсінген құрылыс­шылар да өз
ісінің нәтижесі жақсы болғанын қалап, сол ба­ғытта жұмыс жасайды. Ал, өнімді
әрі сапалы жұмыс істеу үшін жұмысшыларға қо­лайлы жағдай да жасау керектігі
белгілі. Мұны компания басшылығы әрдайым ескеріп отырады екен. Соның бастысы,
осы бір мектеп құры­лысының басында жұмыс іс­теп жатқан құрылысшылар ор­таша
мөлшермен айына жүз мың теңгенің шамасын­­да айлық алады. Әрине, өнімді жұмыс
жасағандары онан да көп табады. Мұнан бөлек, мұнда жұмыс жасайтын әрбір маман
арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жұмысшылардың түскі асының
елу пайызын көтеруді компания өз мойнына алған.

Сонымен, бүгінгі күнге дейін
облыс аумағында көп­­те­ген нысандарды салып, пайдалануға берген ком­­па­нияның
жаңа мектеп құры­лысын жүргізудегі қар­қыны да жоғары.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Құрыш қолды құрылысшылар

 Әні Сәбит Ұлықпанұлыныкі

Сөзі Қабдеш Шағыровтікі

 

Тарихтың кезі келді алға басар,

Болашақ қажетіне істер жасар.

Біздерміз құрыш қолды құрылысшылар,

Халықты келешекке алға
бастар.

 

Қайырмасы:

 Адалдықпен істер жасар,

Ғасырлардан алға асар,

Сыр еліне серпін берер,

Құрылысшылар, құрылысшылар.

 

Қайырмасы:

 

Адымды ұлы істерге
шаттанамыз,

Келешек кемеліне мақтанамыз.

Еңбектен қуат алып,
қайраттанып,

Заманның заңғарына аттанамыз.

 

Қайырмасы:

 Елдіктің іргетасын
нығайтамыз,

Туған жер керегесін
ұлғайтамыз.

Тәуелсіз Қазақстан ұрпақтары,

Жайнасын туған
жер деп жыр айтамыз.

  

ҚАЛА СӘУЛЕТІНДЕ ҚОЛТАҢБАМ ҚАЛДЫ

Негізі адам баласы туғаннан бір нәрсеге бейім болып жаратылатыны белгілі.
Сол бейімділікті білетіндер де бар, білмей уақытын босқа өткізіп алатындар да
болады. Табиғаттың берген сыйы шығар, мен жас кезімнен үлкен ғимараттарды
салатын құрылысшы болуды армандайтынмын. Сол арман мені көп оқуды, көп іздене
білу керектігіне үйретті. Бұл осы құрылысшы болуға бейімделе бастаған алғашқы
кездерім еді.

Рас, бәрі де бірден бола
қалған жоқ. Ақжал толқындары жағаға ұрып, балығы тулап тұрған кездегі Арал
теңізінің жағасында дүниеге келген менің еңбек жолым аудандық тұрмыстық
комбинатында жұмысшы болудан басталды. Дегенмен де, жастық шақтағы арман мені
Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына әкелді. Институтты
құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Қызылорда қаласындағы
«Қызылордастрой” тресіне келдім. Сөйтіп, менің арманым шындыққа айналып, қайнаған
қызу құрылыстардың бел ортасынан бір-ақ шықтым. Бұл 1967 жыл болатын. Ол кезде
қаладағы құрылыс саласы енді ғана дамып, қарқын ала бастаған. Ал сол құрылыс
салумен айналысатын «Қызылордастрой” тресі бірнеше құрылыс мекемелерінің басын
қосқан үлкен құрылым болатын. Не айтатыны бар, осы треске қарасты құрылыс
мекемелерінде мастер, прораб, учаске бастығы қызметтерін атқардым. Осы жылдары
қалада бірнеше құрылыс нысандарының іске қосылуына тікелей басшылық жасап,
халықтың қажетіне пайдалануға беруге өз үлесімді қостым.

Шынын айтайық, сол жылдары
Қызылорда қаласында құрылыстар өте жоғары қарқынмен жүргізілді. Құрылыстағы қимылдың бұлайша қарқынды
жүргізілуінің өзіндік себебі де болды. Соның бастысы, кеңестік дәуірдегілер
жоспарлы экономика саясатына бейімделіп, жұмыс жасады. Ал, бұл жоспарлы
экономика дегеніңіз басталған құрылыстың белгіленген уақытында аяқталуын талап
ететін. «Сақалды» құрылыстар дегенге жол берілмейтін. Міне, қандай да бір іске
талабы күшті осы кеңестік кезеңде өз басым құс фабрикасы мен тігін
фабрикасының, орталық қонақ үй мен «Казгражданстройпроект” ғимараты мен
кәсіподақтар және кеңестер үйлерінің, облыстық сот пен облыстық ішкі істер
басқармасының нысандарын, мал шаруашылығын жабдықтау базасы мен «Рахат” сауда
үйін салуға тікелей араласып, мерзімінде пайдалануға берген болатынбыз. Бұдан
бөлек, сол жылдары 16 пәтерлік тұрғын үйлер мен бүгінгі Абай даңғылы бойындағы
«Универсам” шағын ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Соның
нәтижесінде жаңа аудан пайда болды. Қазіргі күні бұл аудан қаланың нақ орталығы
саналады. Сонымен қатар жүйке ауруларын емдейтін емхана ғимараты мен балық
өсіру шаруашылығы мекемесінің және оған қарасты қыстақтың инфрақұрылымдарының
іргетасы қалануына тікелей атсалыстым. Сөйтіп, бұл жерден мектеп, балабақша,
тұрғын үйлер салынды. Нәтижесінде шағын аудан бой көтерді.

Еліміз егемендігін алып,
тәуелсіздігін жариялаған жылға дейінгі жиырма жылдай уақытта Қызылорда қалалық
партия комитетінің жолдамасымен облыстық халықтық бақылау комитеті мемлекеттік
мекемесінде құрылыс, қаржы бөлімдерінің басшысы қызметтерін атқардым. Сөйтіп,
облыста салынып жатқан құрылыс сапасы мен оған бөлінген қаржының уақытылы
игерілуіне, нысандардың жоспарлы мерзімде іске қосылуына зерттеулер жүргіздік.
Әрбір нысанның тұрақты назарда болуы қамтамасыз етіліп, облыстың
әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қостық.

Ал, 2005 жылы сол кездегі
қала әкімі Айтбай Көшербаевтың ұсынысымен қала құрылысы және құрылыс, сәулет
мемлекеттік мекемесінің басшысы болдым. Бұл кезде де құрылыстағы қарқын бәсеңдемеген
кез еді. Қайта күнделікті қарқынға қарқын қосылып сала жұмысы жаңарып, жанданып
жатқан уақыт болатын. Тап осы уақыттары қаладағы «Сырдария”, «Сәулет” шағын
аудандарының іргесі қаланды. Алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы
басталып, олар мерзімінде пайдалануға берілді. Нәтижесінде жүздеген адам қоныс тойын тойлады.

Құрылыс саласында жүргенде
бір ерекше есте қалғаны 2003 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Жамбыл облысы,
Луговой ауданы, Құлан елді мекеніндегі баспаналары зілзаладан қираған азаматтарға
тұрғын үйлер салуға, кей үйлерді жөндеп, қалпына келтіру жөнінде
ұйымдастырылған облыстың құрылыс штабына басшылық жасадым. Сөйтіп,
қызылордалықтар бұл жерде 52 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Осындай
абыройлы қызметтің арқасында жергілікті тұрғындардың, аудан, облыс әкімдерінің
ризашылығын білдірген Алғыс хаттарымен
марапатталдық.

Қазір төрт жылдай уақыт болды
демалыста жүрсем де қаланың қоғамдық жұмыстарынан қол үзген емеспін. Атап
айтқанда, «Нұр Отан” партиясының облыстық және қалалық филиалдарының партиялық
бақылау тобының тұрақты мүшесі мен қалалық филиал жанындағы бастауыш партия,
қала әкімдігі жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағасымын.

Жалпы, мен өмірімнің қырық
жылдан астам уақытын бір құрылыс саласына арнаппын. Осы салаға сіңірген
еңбектерім де зая кеткен жоқ. Соның бастысы, екі рет Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың «Алғыс хатын» алсам, 2011 жылы «Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары
Н.Нығматуллиннен де «Алғыс хат» алдым. Ең бастысы, құрылыс саласындағы ұзақ
жылғы еңбегім лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасының «Құрметті
құрылысшысы” медалімен марапатталдым. Мұнан басқа бірнеше медальдардың да
иегерімін. Осының барлығы менің еңбегіме берілген лайықты баға деп білемін.
Сондықтан да бала кезде арман қуып жолға шыққан, сол арманымды жүзеге асырған
мен құрылысшы болға­ныма қуанамын.

Нысанбай ҚҰРМАНҒАЗИЕВ,

ҚР Құрметті құрылысшысы.

 

ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ

«Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле” дейді ұлы Абай атамыз. Сол
айтқандай, бүгінде жетпістің алтауын толтырып отырған Өмірзақ Көпірбаев ақсақал
бейнеттің зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешіп отырған жайы бар. Негізі еңбек
атаулының бәрі де құрметті, өйткені адам баласы қай салада қызмет етпесін оның
абырой-беделін арттыратын да сол еңбек. Дегенмен де, кімге болмасын, оның
өмірде өзі таңдаған мамандығы ерекше аталып, қасиетті саналатыны да рас. Өмекең үшін де құрылысшы мамандығы сондай
қасиетті. Әрі өмір бойы ыстығы мен суығына көндігіп, қазіргі күні соның қызығын
көріп отырған құрылысшы мамандығын баласының жалғастырып келе жатқанына да бек
қуанышты.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫСырдария ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келген Өмекең осы ауданның
Ленин атындағы колхозында онжылдық мектепті бітіреді. Мұнан кейін Қызылорда
қаласындағы гидромелиоративтік техникумына түсіп, оны 1959 жылы құрылысшы
мамандығы бойынша тәмамдайды. Осы уақыттан бас­тап ол құрылыс саласындағы нағыз
қайнаған еңбектің ортасына түседі. Алдымен сол кездегі облыстық
«Межколхозстрой” басқармасында мастер, онан кейін прораб болып істейді. «Жас
келсе іске” демекші, жұмысты бар ынта-жігерімен атқаратын әрі тапсырылған әрбір
іске ыждағаттылықпен қарап, жауапкершілік жүгін сезіне білген Өмекеңнің еңбекке
деген құлшынысын сырт көз де назардан тыс қалдырмай жүріпті. Әрине, сырт көз
дегенде анау айтты ат арттырып алыс­тан келгендер емес. Өз облысымыздың
аумағындағы «Сельстрой” тресінің басшылары бұған қолқа салып, өздерінде қызмет
етуге шақырады. Бұл шақырудың бетін қайтармаған Өмекең осы трестің
құрылыс-монтаж басқармасына мастер болып қабылданады. Кейін прораб, учаске
бастығы, ал онан соң басқарма басшысы қызметтерін атқарады.

Осы бір мекемеде жұмыс
жасаған кезінде ол Қызылорда қаласында бірнеше құрылыс нысандарының бой
көтеруіне тікелей атсалысты. Соның ішінде сол жылдары екпінді құрылыс саналған
Комсомол совхозының (қазіргі Қызылжарма ауылының) ірге көтерген тұсында оның
орталығынан бірнеше құрылыс нысандарында және құс фабрикасы мен жылыжай
құрылыстарында, 800 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы кешенін
салғанда, солардың бел ортасында жүрді. Әрі бұл нысандарды сапалы және мерзімінде пайдалануға беруге өзіндік
үлес қосты.

Өмекеңнің құрылыс саласында
атқарған осындай жұмыстары мен бірнеше жыл бойы жинақтаған тәжірибесін ескерген
облыс басшылығы оны Жалағаш ауданындағы №5 жылжымалы механикаландырылған
мекемесіне басшылыққа жібереді. Бұл ауданда да оған жүктелген жұмыс жеңіл
болмады. Дегенмен де, көзбен көріп, қолмен ұстаған тірлігі болған соң ба, бұл
жолда қандай қиындықтар кездессе де оған мойымады. Қайта нендей тірлік болса да
тәуекел деп қолға алып, оны соңына дейін жеткізуге дағдыланды. Өмекеңнің жұмыс
барысындағы осындай қайсарлығы болса керек, сол жылдары Жалағаш ауданының
орталығы адам танымастай көркейтілді. Соның ішінде аудан әкімдігінің үйі мен
аудандық байланыс торабының үйі және қонақ үй құрылыстары салынып, пайдалануға
берілді. Мұнан бөлек, қыстақ орталығында бірінші болып су жүйесі құрылысын
жүргізіп, аудан орталығы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешті.
Сондай-ақ, монша, мектеп, көптеген тұрғын үйлер салынып, оларда ондаған
отбасылары қоныс тойларын тойлады. Осы аудандағы бір ерекше жүргізілген
жұмыстың бірі, ол қыстаққа кіреберістегі ескі құжынаған саман үйлер бірнеше жыл
бойы кілкіп жатқан көлшіктің ортасында қалған еді. Міне, осы көлшікті құрғату
оңайға түспеді. Дегенмен де, алынбайтын қамал жоқ дегендей, көлді де құрғатып,
оның орнын құрылыс кешеніне айналдырды.

СЫР ҚҰРЫЛЫСЫ – ЕЛ ЫРЫСЫ– Өзі құрылысшы деген
мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі ғой, – дейді бізбен
әңгімесінде Өмірзақ аға. – 1976 жылы Тартоғай қыстағындағы қыш зауытын
басқаруға жіберді. Ол уақытта қыш зауыты толық қуатында жұмыс істеп тұрған.
Сөйте тұра, өзінен негізгі құрылыс материалы шығып тұрған қыстақта халыққа
қызмет көрсететін не балабақша, не дүкен жоқ еді. Менің ойымды осы жайт біраз
мазалаған. Сонан тәуекел етіп, 50 орындық балабақша мен бір азық-түлік дүкенін
салып, пайдалануға бердік. Бірақ та аудан мен облыстан бірінен кейін бірі
келіп, тексеру деген пәле басталды. Сондағы қоятын кінәлары зауыттың тірлігіне
зиян келтірдің. Артық шығынға жол бердің деді. Тіпті бұл мәселе сол кездері
газетке де жазылды. Бірақ обалына не керек, жоғарыдағылардан ескертулер алып
жатқанда, Тартоғайдағы жергілікті тұрғындар шынайы ризашылықтарын білдіріп
жатты. Осының өзі-ақ менің төбемді көкке бір көтеріп тастағандай әсерде
қалдырды.

Өмекең 1994 жылы еңбек
демалысына шыққанға дейін де бірқатар жауапты қызметтерді атқарады. Ал, 2001
жылы зейнетте жүргеніне қарамастан, жаңадан ашылған облыстық балалар ауруханасы
бас дәрігерінің шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданады. Бұл
жұмыстың да өзіндік қиыншылықтары алдынан көлбеңдеп шыға келген еді. Соның
бастысы, бұл құрылысты пансионат деп салған. Сондықтан да оның біраз бөлмелерін
қайта салуға тура келген. Дегенмен де, өмір бойы құрылыс саласында қызмет
істеп, бай тәжірибе жинақтаған Өмекең олардың бұл кемшілігінің жолын кесті.
Сөйтіп, құрылыстың алыс-берісінде келісімге келе алмаған екі жақтың дауласуы
облыс басшылығына да жеткен. Мұнда да ол бірнеше рет қаралып, ақыры болгарлық
құрылысшылар өздерінің істері дұрыс еместігін мойындады. Сөйтіп, өздерінің
есебінен пайдалануға берілген аурухана жанынан 50 тонналық көкөніс сақтайтын
қойма салып берген еді.

Елу жылдай өмірін тек бір
салаға арнаған Өмірзақ Көпірбаевтың облыстың дамуына қосқан елеулі еңбегі
ескерусіз де қалған жоқ. Ол облыс және
республикадағы салалық басшылықтардың бірнеше Құрмет грамоталарымен және Алғыс
хаттарымен марапатталды. Бірнеше медальдардың иегері де атанды. Дегенмен де,
марапаттың ішіндегі маңыздысы «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшы»
атағын алуы оның еңбегіне берілген лайықты баға еді.

Жанұяда да Өмекең үлкен
шаңырақты бір жерге ұйыстырған отағасы атанып отырған жайы бар. Қазір өзінен
өрген балаларынан 12 немере мен тоғыз шөбере сүйіп отырған ардақты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз