ТІРЕК АУЫЛДЫҢ ТІРЛІГІ ТҮЗУ

67

0

ТІРЕК АУЫЛДЫҢ ТІРЛІГІ ТҮЗУБүгінде
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде еліміз еңсе тіктеп, жасампаз істің жемісін
татуда. Әсіресе, ауылдардың дәулетін арттырып, тыныс-тіршілігін кеңейтуге баса
назар аударылғаны көпті қуанышқа бөлеп
отыр. Сенбі күні Сырдария ауданына барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың
жұмыс сапары Ақжарма ауылынан бастау алды.

Облыс әкімдігінің
қаулысына сәйкес Сырдария ауданы бойынша Ақжарма ауы­лы тіректі елді мекендер
тізбесіне енген. Ақжармалықтар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың
басты асыраушылары – «Ақжарма және К», «Ақжарма 1», «Ақжарма 2» шаруа
қожалықтары. «Ақжарма және К» шаруа қожалығы егін егеді, сондай-ақ, «Сыбаға»
бағдарламасы негізінде 130 бас ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара сатып алып, мал шаруашылығын
өркендетуге батыл бетбұрыс жасауда.
Шаруа қожалығы ауылдың 150 адамын
тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал, «Ақжарма 1» мен «Ақжарма 2»
шаруа қожалықтары 2100
гектар жерге күріш егіп, 245 бас мүйізді ірі қара малын
бағып, 196 адамды тұрақты жұмыспен
қамтамасыз еткен.

Жоғарыдағы шаруа
қожалықтары 2014-2019 жылдар аралығында 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды
жоспарлаған. Осы жылдары күріш ақтау зауыты, сүт өндіру зауыты, құрама жем
зауыты, мал бордақылау алаңы, мал сою пункті, кірпіш өндіру зауыты, «Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің
ауыл тұсынан өтетін жерінен «Ақжарма 1» шаруа қожалығының «В» категориясы бойынша сервистік кешен салу жобалары іске асырылмақ.
Жалпы 7 жобаның құны 365,0 млн. теңгені құрап, 124 адам тұрақты жұмыспен
қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен 1153,9 млн. теңге
көлемінде қаржыландырылып, 2014-2018 жылдары 25 жоба іске қосылып, ауылда
жұмыссыздық болмайды деген болжам бар.

Ақжарма ауылының әлеуметтік
жағдайы да жыл санап жақсарып келеді. Елді мекен таза ауыз сумен, аяқ сумен,
автокөлік жолдарымен, жарықпен толықтай қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындарына
640 орындық №130 орта мектеп, мәдениет үйі, балабақша, дәрігерлік бекет,
кітапхана мен байланыс бөлімшесі қалтқысыз қызмет етуде.

Облыс әкімі Қ.Көшер­баев
ауылдың күрделі жөндеуден өткі­зілген мәде­ниет үйі мен мектебінде болып,
ғимарат жайларымен етене танысып, сала қызметкерлерімен пікір алыс­ты. Соңынан
ауыл ар­да­герлері және зиялы қауым өкілдерімен ашық әңгіме­лесті.

– Сыр елінде, – деді
облыс әкімі, – 263 елді мекен бар. Соның 47-сін тіректі елді мекенге енгізіп
отырмыз. Олардың бірі – осы Ақжарма ауылы. Ауылдарыңыз ажарланып келеді.
Өйткені, біз әлеуметтік салаға басым бағыт берудеміз. Бір ғана дерек. Н.Ілиясов
ауылындағы салынар стадион құрылысы қаржысының 50 пайызын «Абзал және К» толық
шаруа қожалығы мойнына алып отырса, 50 пайызы облыстық бюджеттен берілмек.
Сіздерде осындай бастамалар болса, қол ұшын беруге әзірміз.

Аймақ басшысы ауыл
тұрғындарына соңғы жылдары облыста атқарылып жатқан ауқымды істерді айта келіп,
басты байлық бірлікте, еңбекте екенін жеткізді.

ТІРЕК АУЫЛДЫҢ ТІРЛІГІ ТҮЗУОблыс әкімі
Қ.Көшербаев іссапар аясында Тереңөзек
кенті орталығындағы аграрлық-техникалық колледжінің жатақха­на­сын қайта жаңғырту
жұмыстарымен та­нысты. Жатақхана ғимаратын «ТехСервис­Қызылорда» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігі күрделі жөндеуден өткізуде. Жалпы сметалық құны 213,2
млн. теңге тұратын жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталып, пайдалануға
берілмек.

– Колледжде, – дейді
аудан әкімі Ғанибек Қазантаев, – 235 бала оқиды, осының 50-і шалғай елді
мекендерден келгендіктен жатақхана қажет етеді. Біз оларды жатақханамен
толықтай қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, отыз жас отбасына пәтер берілмек.

Облыс әкімі ғимаратты
күрделі жөндеуден өткізушілерге құрылыс жұмыстарын күн суытпай тұрғанда
аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң облыс әкімі
жаңа ғимаратқа көшірілген аудан
әкімдігіне қарасты бөлім салаларының жұмыс орындарымен танысып, бөлім
басшыларымен мәжіліс өткізді.

– Мемлекеттік қызметкер
ел-халықтың талап-тілектерін орындауға міндетті. Еңбек тәртібін қатаң сақтауларыңыз
қажет. Азаматтарды кішіпейілділікпен
қабылдап, олардың өтініш-тілектерін мүмкіндігінше орындауға тиістісіздер. Орта
және шағын кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға алу керек. Осы саланы
кеңейту бағытында микрокредит алуда көш басында келеміз. Демек, осы
мүмкіндікті кәсіпкерлердің пайдалануына
ықпал жасау аса қажет, – деген облыс
әкімі Қ.Көшербаев бөлім басшыларын
жариялылық жағдайда жұмыс істеуге шақырды.

Еркін ӘБІЛ.

Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз