ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕН

77

0

қайта жаңғыртудан өтуде

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕНСырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар
мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға,
кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің
бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік. Әйгілі орыс ғалымы В.Жирмунскийдің
«Сырдария бойында Қорқытты қадірлеудің мыңжылдық өнегесі бар» деген пікірінде
үлкен шындық бар. Өйткені, бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз
мемлекетінің астанасы – Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның туған, көз
жұмған, аңызы мен музыкалық мұрасы сақталған жер.

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕНОсы киелі өлкеде туғандықтан ажалдан
қашып, дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелерді
жасымыздан құлаққа құйып өстік. Айтсаң, аңыз көп. Бағзыдағы бабалар ерлігі,
батылдығы, даналығы, көрегендігі, бүгінде аңыздан аңызға, жырдан дастанға, күйден күй жырына ауысты. Ұлы
жолдың бойындағы зәулім ескерткіш маған сол бабалар ерлігі мен кемеңгерлігін
паш етіп тұрғандай көрінеді. Желмаясының жабуын Сырдың суына төсеп, сол
кілемнің үстіне отырып алып мұңлы күй тартып отырған ұлы күйшісі елес береді.
Жалпы, адамзатқа жұмақ іздеп, жер-көкті шарлаған Қорқыт бабаның да тәңірмен
тілдесу үшін Жеркіндік ретінде осы топырақты таңдағаны да тегін болмаса керек.

Қармақшы ауданының орталығы Жосалы
кентінен 18 шақырым жерде, Қорқыт бекетінің түбіндегі биік төбеге орналасқан
кешен міне, отыз жылдан астам уақыттан бері қалың жұрт қастерлеп, тәу етер
киелі орынға айналып, рухани дүниеміздің алтын діңгегі ретінде елге қызмет етіп
келеді.

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕНТүркі халықтарының түгеліне аңыз
болған «Қорқыт ата» ескерткішін дархан даламызға кімнің салдырғанын кейінгі
ұрпақ аңыз етеді әлі. Кешегі партияның дәуірлеп тұрған шағында өткенімізді
жадымыздан өшіруге тырысқан кеңестің кесір саясатынан қаймықпай кешенді салуға
ұйытқы болған белгілі қоғам қайраткері Елеу Көшербаев болатын. Ұлтжанды
азаматтың ата-баба, ұрпақ алдындағы парызын өтеп, сәулетші Бек Ибараевпен
бірлесіп кездескен кедергілерге қарамастан, кешеннің құрылысын аяқтап шығуы
шындығында үлкен ерлікке пара-пар іс еді.

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕНТәуелсіздік алған алғашқы уақыттан
бастап Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра»
бағдарламасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде
қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі
қалаларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет
ескерткіштері есепке алынды, оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге
асырылуда.

Сондай қолға алынған кешенді
шаралардың бірі – Қорқыт ата ескерткішін қайта жаңғырту жобасы. Қазіргі таңда
мұнда осы жұмыстармен бірге 850 гектардан астам аумақты қамтитын қорық құру ісі
қоса жүргізіліп жатыр. Келешекте кешеннің тарихи құндылығын арттыру мақсатында
«Ақсақ қыз» және басқа нысандар да жөндеуден өткізіліп, «Оғыз-қыпшақ» бейітін
қоршап, абаттандыру жұмыстары атқарылады.

Мердігер болып танылған
«СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұлов кешеннің қайта жаңғыртудан
өткізілгеннен кейін де бұрынғы архитектуралық формасы сақталатынын, оның алдағы
қыркүйек айында пайдалануға берілетінін айтып отыр.

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТӘУ ЕТЕР КЕШЕНҚазір мұнда 200 құрылысшы еңбек
етуде. Мұражай мен әкімшілік ғимараты
салынып бітті. Ал, тікұшақ қонатын алаң мен ескерткіштің құрылысы қызу
жүргізілуде. Бұрын ескерткіш биіктігі 8
метр болса, енді ол 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жер 2,5 метрге биіктейді.
Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық
символдары орналастырылатын болады. Ең
бастысы, ескі темір-бетон материалдарды мрамор, гранит, ұлутас тастары
ауыстырады. Ал, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан кешенге дейін, онан
«Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып,
жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылады.

Жоспарлы жұмыстардың түпкі мақсаты кешенді «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының бірі ретінде
әзірлеу және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу
болып табылады. Күз айында мұнда түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті,
өнер фестивалі өткізіледі деп күтілуде. Жалпы, алдағы уақытта «Қорқыт ата»
кешені басында жылына бір мәрте
түркітілдес халықтардың халықаралық іс-шараларын өткізуді дәстүрге
айналдыратын боламыз. Өйткені, түркі мәдениетінің негізі Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған осы
қасиетті өлкеде қаланды. Сыр елін түркі жұртының ортақ отаны десек, мұндағы
«Қорқыт ата” мемориалды кешені күллі түркі әлемінің тәу етер орталығы атануға
әбден лайық орын.

Дәуіржан
ЕЛУБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз