ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН “ТУҒАН ЖЕР”

126

0

ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН  “ТУҒАН ЖЕР”

Қыр артындағы қыс та есік қақты. Атам
қазақтың кәсібі төрт түлік мал өсіруді нәсіп еткен малшылар қауымы қаһарлы
қысқа дайындыққа бел буа, білек түре кірісіп те кеткен. Олардың қытымыр қыс
алдындағы қоңырқай күздегі тыныс-тіршіліктерін көзімізбен көріп, көңілімізге
түйіп қайтуды мақсат еткен біз де сапарға шыққанбыз. Жалағаш ауданына қарасты
Аққыр аулындағы «Туған жер” шаруа қожалығына ат басын бұрып, осы шаруашылықтың
атқарып жатқан ауқымды істерімен етене таныстық.

Біз барғанда Жүсіп Молда­шораев, Мұрат Заманбеков, Же­тіру Маханбетжанов
сынды есім­ді қырқымшылар қой жүндерін түйдек-түйдек етіп жинап жатыр екен.
Кезінде қой жүндеріне де­ген сұраныс мол болатын, ал қа­зір ше? Мал өнімінің
осы бір жай-жапсарын білмек оймен «Ту­ған жер” шаруа қожалығының ие­сі Әуезхан
Есбергеновке сау­ал тастағанымызда:

ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН  “ТУҒАН ЖЕР”– Бүгінде қой жүніне деген сұраныс мүлдем жоқ. Содан да бағалы мал өнімін
ысырап етіп жатырмыз. Мүмкіндігінше, осы бір толғақты мәселе об­лыс­тық ауыл
шаруашылығы бас­қар­масы, болмаса, облыстық кә­сіп­керлік және өнеркәсіп басқар­масы
арқылы өз шешімін табуы тиіс қой, –
деген ол ренішін де жа­сырған жоқ.

Туған жерін түлетіп, ата
кәсі­біміз – төрт түлік мал өсіруді мұ­рат тұтқан Әуезхан сонау 1993 жылы
алғашқылардың бірі бо­лып жеке шаруа қожалығының шаңырағын көтереді. Әдепкіде
өзінің азын-аулақ қаржысымен мал басын жинақтаған ол бертін келе, яғни, 2007
жылы «Туған жер” атты шаруа қожалығын өмір­ге әкеледі.

– Өздеріңізге мәлім, – дейді
әңгіме үстінде Әуезхан, – ол жылдары еліміз еңсесін енді-енді тіктеп келе
жатқан кезең болатын. Содан да ауылымызда жұмыссыз жүрген азаматтар қа­та­ры
жетіп-артылып жатты. Не істеу керек? Демек, жұмыс­сыз жастарды жұмысқа тар­тып,
туған жерді түлетуге мүмкін­ді­гінше үлес қосуым керек деген тоқтамға келдім.

Айтса айтқандай, Әуезхан сол
жылы Ақтөбе облысына қа­рас­ты Ырғыз ауданындағы «Ал­тын Әсел” шаруа қожалығына
барып, қазақтың ірі қылшық жүн­ді, құйрықты, асыл тұқымды 300 бас тұсақ, 100
бас тоқты, 8 бас қошқар сатып алады. Бү­гінде осы малдардың санын нақ­тылай
айтар болсақ, шаруа қожа­лы­ғында 2350 бас асыл тұқымды қой малы өсірілуде.
Осының 1385 басы аналық болса, 61 бас асыл тұқымды қошқар бар. Осын­шама малды
бағып-қағуға «Туған жер” шаруа қожалығы ау­ылдың жеті отбасын тұрақты жұмысқа
тартып, мал басын өсіру ғана емес, олардан алынатын өнімдерді өңдеуге де
бетбұрыс жасауда екен.

ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН  “ТУҒАН ЖЕР”– Биылғы жылы, – дейді үзіл­ген
әңгіме жібін қайта сабақ­таған Әуезхан, – асыл тұқымды аналық қойдың әр 100-нен
107-ден қозы алып, мал басын кө­бейте түстік. Яғни, алынған төл­дің 507
аналығын өсіруге қал­дырып отырмыз.

Әуезханның айтуынша, «Ту­ған
жер” шаруа қожалығы­ның еңсесін тіктеп, мал шаруашы­лы­ғының өркен жайдыруына
Үкімет тарапынан қомақты қаржылай қолдау жасалуда екен. Қараңыз, шаруа
қожалығына өткен жылы 1734 мың теңге берілсе, биылғы жылы 2161 мың теңге
субсидия берілген. Сондай-ақ, мал азы­ғы жемшөп дайындауға да мемле­кет
тарапынан қаржылай қолдау жасалмақ көрінеді.

Бұл шаруашылықтың Сыр
аймағындағы мал шаруашы­лы­ғын өрге бастырудағы өре­лі бір істі бастап жатқаны
құптарлық. Биылғы жыл­дан бастап аудан, облыс әкім­ді­гінің қолдауымен Батыс Қа­зақ­стан
облысындағы Жәң­гір хан атындағы ұлттық универ­си­­тетінен ауыл шаруа­шы­лығы
ғылымының докторы, про­фессор, асыл тұқымды «Ақ­жай­ық” қойының авторы Әлі­би
Байзақов бастаған бір топ ғалымдар келіп, шаруа­шы­лық­тағы қойларды толықтай
асыл­дандыру жұмыстарының іс-тә­жірибесін жүргізуде. Олар қазіргі инновациялық
жоба­лар­ды өндіріске енгізуде екен. Өз­дері асыл тұқымды қой ұрық­тарын
әкеліп, қашыртқы пунк­тінде қойларды қолдан қашы­руда. Сөйтіп, асыл тұқымды
«Еділбай” қойын өмірге әке­ліп, бұл шаруашылықты Сыр аймағындағы бірден-бір
база­лық шаруашылыққа айнал­дыр­мақ. Яғни, «Туған жер” шаруа қо­жалығы
болашақта асыл тұ­қымды мал өсіру мәртебесін алуы­на байланысты басқа ша­руа­шылықтар
осында ке­ліп, асыл тұқымды қой алып, мал шаруашылығын то­лық­тай асылдандыруға
бетбұ­рыс жа­салмақ. Егер осы шаруа­шы­­лықтан асыл тұқымды бір тоқ­тыны
20 мың теңгеге алар болса, осының 8 мың теңгесі субси­дия­ланып, қайтарылмақ.

«Туған жер” шаруа қожалы­ғының
жер көлемі 700 гектар бол­са, осының Қызылдағы «Қы­рық­арық”, «Кәдір” жайылымда­рының
450 гектары жаздық жайлау бол­са, 250 гектары шабындық. Қой малдары «Қос­кем­пір”
жеріндегі қыстауға жет­­кі­зіліп, жемшөппен толық­тай қамтамасыз етілген. Ша­руа­шылық
қойшылары Бос­тан Ақылбаев, Болатбек Бекмұ­ра­тов, Қалдыбек Намұратовтар мал
басын қыстан аман алып шы­ғу бағытында құлшынысты іс­ке кірісіп те кеткен.

ТІРЛІГІН ТҮЛЕТКЕН  “ТУҒАН ЖЕР”– Елбасымыздың тапсырма­сы­на
сәйкес, – дейді Әуезхан Ес­бергенов, – елімізде мал ша­руашылығын өркендетуге
бет­бұрыс жасалуда. Осыған орай біз де шаруа қожалығының қанатын кеңге
жайдырып, бір ғана қой малы емес, төрт түлік мал өсіруге кірісіп те жатырмыз.
Нақтылай айтар болсам, алдағы жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен жылқы
малын алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, мал басын көбейтіп қана қой­май,
олардан алынатын өнім­дерді де молайтып, өң­деу­­ге көшеміз. Келер жылы са­лы­натын
500 бастық мал бор­дақылау алаңының смета­лық-жобалық құжаттары дайын­далып,
көктем күні жылт етісімен құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Мал шаруашылығына
қажетті тех­никаларды алу да ойымызда бар.

Жоғарыда айтқандай, «Туған
жер” шаруа қожалығы ауылдың 17 адамын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Олардың айлық жалақылары 50-60 мың теңге көлемінде көрінеді. Қо­сым­ша табыс
тағы беріледі. Со­нымен бірге өздерінің жеке мал бастарын да көбейтіп келеді.

Шаруа қожалығының иесі
Әуезхан Есбергеновты ауыл ғана емес, аудан жұртшылығы қадір тұтады екен.
Әуезхан тұр­мысы төмен отбасыларына қайырымдылық жасаудан кенде қалған емес.
Қараңыз, өт­кен жылы 10 оқушының тынығу лагерінде демалуларына қаржы­лай қолдау
жасаса, биылғы жылы «Мектепке жол” акциясы негізінде тұрмысы төмен отбасы
балаларына 250 мың теңгеге киім-кешектерін алып берген. Ал кез келген ауыл
тұрғындарының түрлі шараларына көмек қолын ұсынуы өзіндік бір тағылым.

Төрт түлік малды түлетіп,
туған жерін түрлендіріп жүрген Әуезханның еңбегі де ескерусіз қалған емес.
Облыс, аудан әкім­дерінен бір емес, әлденеше рет «Алғыс хатын” алған аза­мат
биылғы жылы Ауыл ша­руашылығы министрінің «Құрмет грамотасын” иеленді.

Алаштың айту­лы азаматы
Темірбек Жүрге­нов әулетінен нәр алған Әуезхан Есбергенов тіз­гінін ұстаған
«Туған жер” ша­руа қожалығының өлкесін түр­лендіре береріне бек сенімдеміз.

 

Еркін ӘБІЛ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз