ЖАЛАҒАШТА ЖАРҚЫН ЖОБА КӨП

145

0

Ырысты, күрішті Жалағаш ауданы аймақта алғашқылардың бірі болып ауыл
шаруашылығын әртараптандыруға бет бұрды. Сондай-ақ, өнеркәсіп орындарын ашу,
индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда да тың серпілістер бары
байқалады.

Ауданның бүгінгі берекелі тірлігі
мен алдағы жоспарлары жайлы аудан әкімі Талғат Дүйсебаевпен әңгімелескен едік.

– Жалағаштың
бір кездерде «Күріш
фабрикасы» атан­ғанын білеміз. Ауданның
қазіргі егін шаруашылығының жай-күйі қалай, шаруашылықты әртараптандыру қалай жүруде?

– Қазір ауыл шаруашылығын әртараптандыру біздің аймақ
үшін маңызды болып отыр. Жалпы салада талқылауды қажет ететін бірқатар
мәселелер бар. Соның бірі – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер
және су тапшылығы. Қазір сезілмегенмен, алдағы уақытта халық санының өсуіне
байланысты азық-түлік тапшылығы байқала бастайды. Ал одан да өткір қойылып
отырған әлемдік проблема – су тапшылығы. Сондықтан біз қалайық, қаламайық суды
үнемдеуді күн тәртібіне қатаң түрде қоюымыз қажет.

Қазір ауданда су шаруашылығы учаскесі есебінде 213,5
шақырым шаруашылықаралық каналдар, 32 шақырым қа­шыртқы, 64 дана су бекеті
орналасқан. Алдағы уақытта қолға алатын шаруалардың бірі – осы су жүйелерін
заманауи қалыпқа келтіру. Сөйтіп суды үнемдеу мәселесін түбегейлі шешу.

Ауданда жалпы егіс көлемінің 66 пайызы күріш дақылының
үлесінде. Осы ретте ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыру маңызды болмақ. Яғни болашақта біз суды көп
қажет ететін дақылдардан саналы түрде бас тартып, оның орнына суды аз қажет ететін
көкөніс, бақша дақылдарын өсіруді қолға алуымыз қажет. Осы орайда ауданда
тамшылатып суару әдісімен картоп дақылын егуді бастадық. Облыста бірінші рет
ауданның «Таң ЛТД» серіктестігінде тамшылатып суару әдісімен картоптың ерте
пісетін «Беллароза» сортының элита тұқымы 10 гектар жерге егіліп,
алғашқы жемісін көріп жатырмыз. Осындай әдіспен Жаңадария ауыл округінен 300 га жерге картоп, 100 га қауын-қарбыз егеміз
деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы болашақта біз осы тәсілге, яғни тамшылатып суару
әдісіне түбегейлі көшеміз. Бұл әдіс жері қуаң, алақандай ғана мемлекет
Израильде өз жемісін берген. Осыдан алпыс жыл бұрын Израиль шөл дала болған.
Мемлекет бастамасымен тамшылатып суару әдісін пайдалана отырып, елді көкорай
шалғынды, жасыл өлкеге айналдырды. Қазір бұл ел көкөніс дақылдарын 70 елге
экспортқа шығарады. Міне, біз осы әдісті кеңінен қолдану үшін қазір осы
мемлекетпен іскерлік байланыстар жасап жатырмыз.

Ауыл шаруашылығы
бойынша 2014 жылдың 6 айында 852,2 млн теңгенің өнімдері өндіріліп,
былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,2 пайыз болып отыр.

Қазір егісті агротехникалық талаптарға сай орналастыру
үшін соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланудың маңызы зор.
Соңғы жылдары аудан шаруа­шылықтары техника паркін жаңалауға көңіл бөліп
келеді. Нәтижесінде, ескірген ауыл шаруашылығы техникаларының орнына өнімділігі
жоғары шетелдік техникалар алынуда. Алынған техникалардың ішінде «Класс»,
«Кейс», «Джон Дир» комбайндары, «Макдон» жаткалары, «Мара» лазерлі жер
тегістегіші және басқа да жаңа үлгідегі техникалар бар. Атап айтқанда, 2013 жылы 43 дана, биыл 38 дана техника алынып отыр. Жыл аяғына дейін
тағы да 10-12 дана жаңа техника алынады деп күтілуде.

Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік
қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында
бірқатар шараларды жүзеге асырамыз. Тамшылатып суару әдісімен картоп
және бақша дақылдарын өсіру Жаңадария ауылдық округінде де ұйымдастырылады.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға «ҚазАгро» Ұлттық басқару Холдингі
жобасының негізінде «Несие корпорациясы» АҚ мен «Ауыл несие серіктестігі» ЖШС
қаржыландыратын «Сыбаға» бағдарла­масына қатысуға шаруашылықтар тартылатын
болады. Атап айтқанда, 2014 жылы 5 шаруашылық, 2015 жылы 6 шаруашылық осы
жобаға қатысатын болады. Бұл саладағы тағы бір жаңалық «Таң ЛТД» ЖШС негізінде
күріш тұқымының I-II репродукциясын өндіріп, дайындайтын арнайы тұқым
шаруашылығын ашу.

Осы жерде айта кетуіміз керек. Қазіргі таңда ауданда 42542 гектар суармалы
жер бар. Соның 32912
гектары инженерлік жүйеге келтірілген жерлер. Бұл –
біздің байлығымыз. Алда тұрған міндет – ішінара тұз басқан, су басқан жерлерді
агротехникалық талаптарға сай күтіп, баптап, қалпына келтіру.

– Төрт түлік өсіру біздің атакәсібіміз.Бұл салада
қандай жұмыстар атқарылуда, мал басын көбейту, өнімдерін өңдеу мәселесі қандай
күйде?

– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойын­ша ауыл
шаруашылығының екінші бағыты – мал шаруашы­лы­ғында жалпы мал басының өсімі
қалыптасып отыр. Ау­данда мал шаруашылығының дамуына ықпал етіп отырған
мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы. Аталған бағдарлама бойынша ауданда жұмысын
ұйымдастырып, өз шаруашылығын дөңгелентіп отырған азаматтар жетерлік. Жалпы,
біздің ауданның жағдайында осы бағдарламаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалана
алсақ, мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл халқының әлеуметтік ахуалын көтеруге
қол жеткіземіз.

Ал жайылымдық жерлерге келетін болсақ, бұл жерде
бірқатар тиянақтайтын мәселелер бар. Сол уақыттарда еңбек еткен аға ұрпақ өкілдері біледі,
ауданда кезінде 140 мыңға жуық қой, 9 мыңнан аса жылқы, 30 мың сиыр, мың жарым түйе болған. Сол мал Қарақұм мен
Қызылқұмды жайлаған. Қазір біз сол деңгейге жете алмай отырмыз. Қолда бар мал
ауылда ұсталатын болып жүр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ауылдың
айналасындағы жайылымдық жерлер тозды. Жыл сайын мал басының көбеюіне байланысты
өрістің тарылып бара жатқандығы да рас. Осы жайларды ескере отырып, жекелердің
малдарын шалғайдағы Қарақұм, Қызылқұм, Жаңадария, Қараөзек бойына шығару
жоспарлануда. Аудан көлемінде (Қарақұм бағытын қосқанда) 1 млн. 710 мың 582 гектар бос жер бар.
Оның ішінде 851 519
гектары жайылымдық алқап.

Аудан бойынша 103302 гектар
жайылымдық алқап мал шаруашылығымен айналысу үшін жалға берілген. Қазір
Қызылқұм, Қарақұм жайылымдарында мал ұстаймын деген кәсіпкер құдықты да өзі
қазып алуына болады. Бұл үшін мемлекет 80 пайыз субсидия белгілеп отыр. Жалпы
мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, өзінің шаруашылығын жүргіземін
деген азаматтарға қазір үлкен мүмкіндік бар. Мысалы, мал шаруашылығы саласын
дамыту мақсатында биылдан бастап
«Сыбаға» бағдарламасы сияқты «Құлан», «Алтын асық», «Тауарлы сүт фермасын
ұйымдастыру» бағдарламалары қолға алынуда. Бұл бағдарламаның шаруаға тиімділігі
сол, қой және жылқы ұстаймын деген азаматтар мемлекеттік бағдарламалардың
тиісті жеңілдіктерін пайдалана алады. Мал басын асылдандыру мақсатында Аққыр ауылдық округінде «Туған жер» шаруа қожалығы Жәңгір хан
атындағы аграрлық университетімен келісімшартқа отырып, қазір малды асылдандыру
жұмыстарын жүргізу шараларын бастады.

– Ауданда қолға алынып жатқан индустриалды-инно­вациялық
жобалар жайлы айтсаңыз? Сондай-ақ, алдағы жылдар еншісінде қандай жобалар бар?

– Бұл – Елбасының да аса маңыз беріп отырған мәселесі.
Расында, аталған бағдарлама алдағы уақытта біздің қа­рыш­тап дамуымыздың
негізгі тетігі десе де болады. «Мем­ле­кеттік үдемелі индустриалды-инновациялық
даму» бағдар­ла­масы аясында 2013 жылдың 13 шілдесінде ауданның Ин­дустрияландыру
картасы бекітіліп, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына
ұсынылды. Оның аясында 2011 жылы жалпы құны 129,4 млн. теңгені құрайтын 2 жо­ба
іске асырылып, 8 адам жұмыс орнымен қамтылған. Олар: мал сою цехы және «ШНС» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің биоотын цехы.

2012 жылы «ШНС» серіктестігінің жалпы құны 250 млн.
теңге құрайтын үш кезеңдік жылыжай кешенінің бірінші кезеңі іске асырылған
болатын. Бірінші кешеннің құны 75 млн. теңге болды, сегіз адам жұмыспен
қамтылды. Қазір бұл жылыжайда көкөніс, бақша дақылдары өсіріліп, сәуір айында-ақ аудан тұрғындарын қамтамасыз
ете бастады.

Былтыр жалпы құны 26,5 млн. теңгені құрайтын 2 жобаның
құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі таңда құжаттарын
заңдастыру мәселелерімен айналысуда. Аталған екі жоба іске қосылғанда 11 адам
жұмыспен қамтылады.

Ал, 2014-2015 жылдары жалпы құны 165,2 млн. теңгені
құрайтын 10 жоба аудандық Индустрияландыру картасы аясында іске асырылады.
Жобалар толық іске қосылған жағдайда 86
жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Былтыр өңірлік Индустрияландыру картасына
енген «БИС-Групп» серіктестігінің
«Қызыл мия өсіру
және тамырын өңдеу»
инвестициялық жобасы іске
асырылуда. Жалпы құны 2,402 млн.
теңге болатын жоба толық іске асырылғанда 156 тұрақты
жұмыс орны және
500 маусымдық жұмыс
орны ашылады деп
күтілуде.

Бүгінгі күнге зауыттың құрылыс жұмыстары толығымен
аяқталды. Инженерлік инфрақұрылым желілері (ауыз су, электр желісі, КТПН,
қоршау) серіктестіктің өз есебінен жүргізілді. Жаңадария ауылдық округінен
қызыл мия егуге 6 мың гектар жер телімі берілді.

Өткен жылғы әзірленген кестеге сәйкес жобаны толық
іске асыру 2015 жылы белгіленген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстарының қарқынды
жүргізілуіне байланысты жобаны 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосу
жоспарланып отыр. Бүгінгі күні құрал-жабдықтарын монтаждау жұмыстары
жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 6000 тонна мия тамыры
өңделіп, мия өсімдігінің экстрактысы, кремі, глициризин қышқылының ұнтағы,
полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі
компонент алынады.

– Ауданның әлеуметтік-эконо­ми­калық даму
көрсеткіштері тура­лы білсек…

– 2014 жылға жалпы түсімдер жоспары 5500,2 млн.
теңге, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 1435,7 млн. теңгеге
бекітілген. Бұл өткен жылға
бекітілген жергілікті кірістердің жоспарымен салыстырғанда 240,5 млн. теңгеге көп. Аудан бюджетінің 2014
жылдың 1 қыркүйегіне нақтыланған жалпы
түсімдер болжамы 4096,9 млн. теңге
болса, орындалғаны 4092,5,0 млн. теңге. Оның ішінде жергілікті бюджет
кірістерінің жалпы жоспары 951,5 млн. теңге, орындалғаны 942,3 млн. теңге.

Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері
мен кәсіпорындары және жеке секторлары
бойынша 2014 жылдың 1 қыркүйегіне 869,2 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері
өндіріліп, 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 90,5 пайызды құрады.

Қазіргі таңда аудан өнеркәсібін әртараптандыру маңызды
болып отыр. Осыған байланысты Жалағаш ауданы әкімінің 2014 жылдың екінші
жартыжылдығына және 2015 жылға арналған іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру
жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Осы жоспарға сәйкес біз
үстіміздегі жылы ауданда бірқатар жобаларды іске асырмақпыз. Оның ішінде, әрине,
ең бастысы қызыл мия тамырын өсіру және өңдеу зауытын іске қосу. Сол сияқты
«Жалағаш ИНТР» серіктестігінің кірпіш зауыты, жеке кәсіпкерлердің ағаш өңдеу,
балық өңдеу цехтары, «КТ-Сервис» серіктестігінің пескоблок өндіру цехтары бар.

Қазіргі таңда аудан бойынша экономикалық белсенді
халық саны 20318 адам болса, оның ішінде жалпы жұмыссыздар саны 1079-ды құрап
отыр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыз, 2013 жылдың осы мерзімімен
салыстырғанда 0,3 пайызға азайған.

– Жалағаш кентінде, ауылдық елді мекендерде абат­тан­дыру
бағытында атқарылған жұмыстар жайлы айтсаңыз?

– Әрине, туған жеріңнің дәулетті, ауқатты болуымен бірге сәулетті
болғаны да жақсы. Кент, ауыл округтерінде көркейту, көгалдандыру, абаттандыру
жұмыстары жүйелі түрде жүріп келеді.

Аудан бюджетінде елді мекендерді абаттандыру мен
көгалдандыруға 74 млн. 360 мың теңге қаржы бағытталды. Жоспарланған қаржының
жұмыстары толығымен атқарылды. Аталған қаржы барлық ауылдық елді мекендерде
спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдарын салуға, орталық алаңды абаттандыру,
саябақтарды қоршау, жаяу жүргіншілерге тро­туар салу, көшелерді және
ескерткіштерді жөндеу жұмыс­тарына жұмсалды.

Биылғы жылы республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту –
2020» бағдарламасы аясында Жалағаш кентіндегі Дәуімбай учаскесін абаттандыру
жұмыстарына 41 млн. тең­ге қаржы қаралып, оған тиісті нысанда тұрғындар тыны­ғатын
парк салынып, жаяу жүргіншілерге арналған жол түсті. Алдағы уақытта жоспарға
сәйкес Жалағаш кентіндегі орталық алаң, Ізтілеуов көшесін абаттандыру және көше
жолын орташа жөндеу жұмыстары басталады. Тіректі елді мекендер бойынша Аққұм
және Мәдениет ауылдарының орталықтарын
абаттандыру көзделуде.

Қазір Жалағаш кентінде, ауылдық елді мекендерде жаңа
үйлер жылма-жыл салынып, көбейіп келеді. Мысалы, үсітіміздегі жылы бір ғана
кент орталығында 41 отбасы жаңа қонысқа кірді. Сол сияқты ауылдарда 23 отбасы
жаңа үй құрылысын бастап, қоныс тойын тойлады.

Жыл сайын аудан бойынша 18-20 мың түп аралығында саялы
ағаштар, көшеттер отырғызылады. Аудан елді мекендерінде бақтар орналастыру,
ағаш егу жұмыстары үйымдастырылған. «Жасыл белдеу» қалыптастыру мақсатында
аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне 6-бекеттен бастап
Жалағаш кентіне кіреберісіне дейін жасыл белдеу орналастыру үшін 13 га жер бөлініп берілді.
Қазіргі таңда жасыл белдеу орналастыратын жерлерді тегістеу, келер жылдың жасыл
желектерін орналастыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– Елді мекендерді
аяқ сумен және ауыз сумен қамтамасыз ету, автокөлік жолдарын жөндеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылған болар?

– Аудан елді мекендерінің барлығы аяқ сумен қамтамасыз
етілген. Соның ішінде, бұл мәселе шешімін таппай келген Еңбек, Шәменов елді
мекендерін қамтамасыз ету үшін су айдау
насосы орнатылып берілді.

Аймақта табиғат пайдалануды жақсарту жөніндегі 2015-2017
жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 2015 жылы Таң, Аққұм, Бұқарбай батыр
ауылдарында каналдарды тазарту, 2016-2017 жылдарда Аламесек, Таң, Қаракеткен,
Жаңадария, Жаңаталап ауылдарына қарасты каналдардың су өткізу қабі­летін
арттыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар,
2015 жылы Мырзабай Ахун ауылындағы «Майжарма» каналына жабық жерасты дренажын
орнату жоспарлануда.

Иә, жол – экономиканың күретамыры. Халықтың
әл-ауқатының төмен, немесе жоғары болуы да, түптеп келгенде, осы жолдарға
байланысты. Мысалы, аудандағы ең шеткі елді мекен – ауданның оңтүстік-батысындағы Аққыр, Жаңадария
ауылдары. Бұл екі елді мекен де аудан орталығы Жалағаштан 75-80 шақырым
қашықтықта. Ауыл тұрғындары өз өнімдерін орталыққа алып келеді. Айранын, сүтін,
құртын, мал азығы шөбін де орталыққа әкеліп өткізіп, бұйырған несібесін алады.
Сондықтан оларға талапқа сай, жақсы жолдың қажет екені белгілі.

Қазіргі таңда ауданымызда елді мекендерге қатынайтын
аудандық маңыздағы 110,8 шақырымдық 9 автокөлік жолы бар. Олардың барлығына да
асфальт төселген. Алайда, автокөлік
жолдарының бойында жөндеу жұмыстарын қажет ететін учаскелер жетерлік. Солардың
ішіндегі «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» автокөлік жолының
Мәдениет-Жаңаталап ауылдары аралығындағы 11 шақы­рым күрделі жөндеуді қажет
етеді. Осы жолды жөндеу жұмыс­тарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу үшін
жұ­мыстар жүргізілуде.

Өзіңіз білесіз, халықаралық «Батыс Қытай-Батыс Еуропа»
автодәлізінің жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жолдың 800 шақырымы облыстың
үстімен өтсе, оның 50 шақырымы біздің ауданның территориясы. Бірақ әлі
аяқталмаған. Ауыр жүк көліктерінің және
басқа да жол құрылысы техникаларының жүріп өтуінен ішкі-сыртқы жолдар бүлініп
жатыр. Жөндеу жұмыстарын қажет етіп отырған автожолдың бірі – Қаракеткен
ауылына кіреберіс бөлiк. Бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп,
қаржыландыруға ұсынылып отыр.

Ал, елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеуден өткізу
күнделікті назарда тұрған мәселелердің бірі. Үстіміздегі жылы облыстық
бюджеттен 100 млн. теңге қаралып, оған қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі
Т.Үркімбаев, Тоғанас батыр, Н.Әпрезов және Ғ.Мұратбаев көшелеріне орташа жөндеу
жұмыстары жүргізілуде және үстіміздегі жылдың қараша айының бірінші жартысында
пайдалануға беріледі. 2014-2016 жылдарға арналған аудан бюджетінде «Елді
мекендерді көркейту-көгалдандыру» бюджеттік бағдарламасының базасында 2014
жылға – 175309,0, 2015 жылға – 187926,0, 2016 жылға 202564,0 мың теңге қаржы
жоспарланған.

Елді мекендердегі абаттандыру жұмыстары қаралған
қаржының көлемінде дайындалған жоба-сметалық құжаттар бойынша атқарылуда.
Ауданда кезек күттірмес маңызы міндеттер аудан бюджеті кіріс бөлігінің
орындалуына сәйкес кезең-кезеңмен орындалады.

– Елбасы кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші
күші деп атап көрсетті. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің ахуалы қандай?

– Ауданда 1 554 шағын кәсіпкерлік субьектілері
тіркелген. Онда 6 763 адам жұмыс істейді. Өткен жылдың осы кезеңімен
салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 139-ға, ал жұмыс істейтін адамдар саны
352-ге өскен.

2014 жылдың 6 айында өндірілген өнім 309,2 млн.
теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,0 пайыз болды.
Бюджетке түскен түсім 38,4 млн. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,9
пайызға артты. 151 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен жылдан бастап облыс әкімінің тікелей
бастамасымен дүниеге келген «Ақниет» бағдарламасы ауылдағы өз кәсібін ашамын
деген азаматтарға үлкен қолдау болып отыр. 2013 жылы аталған бағдарлама бойынша
ауданның 34 азаматы грант иегері болса, биыл 31 азамат осындай қолдауға ие болды.

Аудан орталығындағы «Серпін» өндірістік аймағынан
«Қанатбаева» шаруа қожалығы 90 бас МІҚ
малын бордақылау алаңы мен мал сою цехы және етті жіліктеп, бумалау цехын жыл аяғына дейін ашуды көздеп отыр. Келер
жылы Аққыр ауылдық округінен «Туған жер” шаруа қожалығы 500 бас қой бордақылау
алаңын салады. 2016 жылы Бұқарбай батыр ауылдық округінен «Бекжанов” шаруа
қожалығы 200 бас ірі қара малын бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Ауданның Аққыр ауылдық округіндегі
«Айтөре» шаруа қожалығы, Қаракеткен
ауылдық округінен «Д.Жалтынов» ЖШС мал азығын дайындайтын шағын орталық ашып, шөп пресс дайындап, ауыл тұрғындарын
шөппен қамтамасыз етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жұмыспен қамту –
2020» бағдарламасы аясында қазіргі уақытта мал шаруа­шы­лығымен қатар балық шаруашылығымен айналы­суға ниет
білдіргендердің саны күннен күнге көбейіп келеді. Өткен ғасырдың 80 жылдары
ауданның солтүстігіндегі Сырда­рия өзенінің бір тармағы Қараөзек арнасының
бойында гидро­техникалық тоспа су құрылысы жасалып, көлдер толып, жайылым,
шабындықтарға 56 текше метрге жуық су жібе­рілетін. Қазіргі таңда бұл тоспа
ескіріп, тозуына байланысты қызмет атқарудан қалды. Алдағы уақытта осы
жіберілетін су көлемін ұлғайтып, 200
текше метр су көлемін өткізетін қосымша су құрылысын салу қажет. Міне, осы
мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ету жөнінде аймақ басшысына, Үкіметке
ұсыныс енгізілді. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ауданда балық шаруашылығын
дамытуға жағдай жасалады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз