ЖЕРГЕ ҚАНША КҮЙ БЕРСЕҢ, СОНША СЫЙ БЕРЕР

48

0

«Көктемнің бір күні – жылға азық” деп атам
қазақ тектен-тек айтпаса керек. Диқандар қауымы көктем келісімен таң
білінер-білінбестен бел буа, білек түре жүріп, егіс даласын дүбірге бөлейді. Ел
несібесін молайтуды мұрат тұтқан олар көктемнің әрбір күндерін саусақпен
санамалай жүріп, алтын күзде тұр­ғызылар астық тауларын биіктете беруді парыз
санайды.

Биылғы жылғы
көктемгі дала жұ­мыстарына қармақшылық егінші-ме­ха­низаторлар да сақадай сай
әзірлік­пен кіріскен. Бүгінде аудан бойынша 20800 гектар егістік алқапқа түрлі
ауылшаруашылық дақылдарын орна­лас­тыру жұмыстарын үлкен ұйым­шылдықпен
атқаруда. Нақтылай ай­тар болсақ, қармақшылықтар 100 гек­тар жерге жаздық
бидай, 100 гек­тар егістік алқапқа мақсары егіп, күтімге алуды бастандырды.
Сондай-ақ, төрт түлік мал азығын молынан дайындауға да бетбұрыс бары байқа­лады.
Мұны да нақтылай айтар бол­сақ, егістік алқабының 5413 гектар жеріне мал
азығындық дақылдар орна­ластырылыпты. Осының 1580 гектар жеріне жаңа жоңышқа
дақылы егілсе, 3580 гектар алқаптағы ескі жоңышқа күтімге алынған.

Аудан тұрғындарын
көкөніс өнім­дерімен мүмкіндігінше қамтамасыз ету­ді мұрат тұтқан диқандар
қауымы бақшалық дақылдар егісіне де биылғы жылы баса назар аударуда сыңайлы.
Олар 2305 гектар егістік жерге көкөніс, картоп, тағы басқа бақша дақылдарын
егіп, күтіп-баптауда.

Өздеріңізге
мәлім, Сыр елінің басты байлығы – күріш. Сыр маржанын молайтуда жылма-жыл
сүбелі үлес қосып жүрген қармақшылықтардың биылғы жылы алар асулары да
айтарлықтай болуы әбден мүмкін. Олар биылғы жылы 13465 гектар алқапқа ақ маржан
орналастыруды жоспарласа, бүгінгі күнге 12700 гектар жеріне күріш дақылы
себіліп, 10 мың гектардың үстіндегі жері суға бастырылыпты.

Егістік
дақылдарды қоректендіру де қармақшылық егінші-механиза­торлардың назарларынан
қағыс қалма­ған. Көктемгі егіске қажетті минералдық тыңайтқыштар, яғни, 7,8 мың
тонна аммоний сульфаты, 512 тонна карбамид және 1280 тонна аммофос алынып,
дақылдар қоректендірілуде.

Иә, Сыр даласын
еңбек дүбіріне бөлеген көктемгі егіс жұмыстарының мәре сызығына жетулеріне
санаулы-ақ күндер қалған. Қармақшылық диқан­дардың егін егу науқанын мамыр айы­­ның
аяғына дейін бітіруге деген құлшыныстары бар.

 

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Қармақшы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз